Еліміз маңызды саяси өзгерістердің алдында тұр және бұл өзгерістер азаматтардың қатысуынсыз жүзеге аспайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІ сессиясында осы ойды жеткізді.
Ең бастысы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер халық талқысына шығарылады және азаматтарымыздың шешімімен қабылданады.
Президентіміз жұмыс тобы Ата заңымыздың 33-бабына өзгеріс енгізуді ұсынғаны туралы айтты. Бұл – Конституцияның үштен бір бөлігі деген сөз. Сондықтан өзгерістер – ауқымды әрі маңызды. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы республикалық референдум өткізуді ұсынды. Бұны айтулы саяси оқиға деуге толық негіз бар. Себебі мұндай референдум осыдан 27 жыл бұрын өткізілген еді. Ол кезде де қолданыстағы Ата заңымыз қабылданды. Содан бергі өзгерістер Парламенттің қатысуымен ғана жүзеге асырылып келгені белгілі.
Жаңа Қазақстанда қоғамның пікірі – алдыңғы орында. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласуға шақырып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Референдум – әрбір азаматтың елдің тағдырын айқындауға тікелей қатысу мүмкіндігі» дегені сондықтан. Бұл қадам, бір жағынан, билік пен қоғамның арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға да оң ықпалын тигізетіні анық.
Қорыта айтар болсам, референдум – ең бірінші кезекте халықтың ойы мен пікірі. Екіншіден, барша қазақстандықтардың ортақ мүддесі. Үшіншіден, еліміздегі үлкен саяси маңызды демократиялық үрдіс деп білемін. Оның тарихи маңыздылығы да осында жатыр деуге болатынына сенімім мол.
Ел өмірін жаңартар саяси бетбұрысқа атүсті қарамай, 5 маусым күні өтетін референдумға батысқазақстандықтар болып қатысып, дауыс берейік, қадірлі ағайын!
Ғиззат Ихсан,
еңбек ардагері,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы
***
Виктория Бакаушина,
студент:
– Менің ойымша, республикалық референдум мемлекетке оң әсерін тигізеді. Себебі, біріншіден, мемлекет пен қоғамның арасында байланыс орнайды. Яғни үкімет халықпен бірге жаңа заң шығарады. Бұл ел ішіндегі, әр облыс, аудандағы мәселелерді шешуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Екіншіден, референдум арқылы мемлекетте әділдік орнайды деп сенемін. Өйткені қызметтегі туыс-таныстық деген ұғымдар жойылуы мүмкін. Осы орайда елдегі белең алған сыбайластық та азайып, елдің жарқын болашаққа ілгері жүруіне тағы бір қадам жасалады деп үміттенемін. Жалпы, жаңа Конституциялық реформа Жаңа Қазақстанды құруда ең негізгі саты болып табылады. Сондықтан да биік белестерге жетіп, даму үшін ел болып, аталмыш референдумға белсенді қатысуымыз қажет.
Мерлан Құсенов,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің І курс студенті:
– Жақында өтетін референдумның еліміз үшін маңызы зор деп ойлаймын. Себебі біз тұтас ел болып, жаңа қадам жасаймыз. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» деген шығармасы бүгінде бәріне белгілі. Аталған шығарманың негізгі идеясы – сол кездегі қалың ұйқыға батқан қазақ қоғамын ояту. Тарихқа көз жүгіртсек, зиялы қауым өкілдері, қазақтың талай қайсар ұлы әр кезеңде өз мүмкіндігінше халқымыздың ел болып сақталып қалуына өзінше үлес қосты. Сондай күрескер азаматтардың арқасында бүгінгі таңға жетіп отырмыз. Кез келген уақытта ұлт болып қалыптасуға үлес қосуымыз керек деп ойлаймын. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа бастамаларды қолға алды. Халық тарапынан қолдау табылса, алдағы өзгерістердің ел болашағына тигізер пайдасы көп деп есептеймін. Сондықтан бар берекенің бірлікте екенін ұмытпауымыз керек. Өзгеріс – жаңа мүмкіндікдерге жол ашу. Көзі ашық адамдар өзгеріске жан-жақты қарап, оң шешім шығара алады. Жан тыныштығы үшін жантайған жеріңнен қозғалмау – ертеңгі күннен ештеңе күтпеу.
Мағжан Смағұл,
М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың IV курс студенті, ҚР Президенті атындағы атаулы шәкіртақы иегері:
– Елімізде Конституциялық реформа халықтың дауыс беруі арқылы іске асқалы тұр. Мемлекет басшысының әділетті Қазақстан құру идеясын жүзеге асыруды Ата заңды түзетуден бастауының мәні зор деп есептеймін. Өйткені Конституция дегеніміз – елдегі барлық заңның негізі болып табылады. Ал Негізгі заңды түземей, Президенттің жуырда халыққа арнаған Жолдауында ұсынған реформаларды толыққанды іске асыру мүмкін емес. Енгізілетін жаңа түзетулер Қазақстанның өркендеуіне ықпал етеді деген ойдамын. Жаңа Қазақстанды құруды ортақ міндет санайтын болсақ, ел дамуының жаңа кезеңінің бастауы болар осындай жауапты іске жауапкершілікпен қарап, белсенді атсалысуға шақырамын.
zhaikpress.kz