1.10.2026, 16:45
Оқылды: 6

Хан ордасындағы алғашқы жәрмеңкеде не сатылды?

Бөкей ордасы ауданына – 225 жыл

 Хан ордасындағы сауданы дамыту мақсатында Жәңгір хан Орынбор губернаторына жәрмеңке ашуға рұқсат беру туралы өтініш жасап, тиісті рұқсат алды. Осылайша, 1832 жылы Хан ставкасында жәрмеңке ашылды.

WhatsApp Image 2026-10-01 at 11.56.15 (3)

Жәрмеңкені ұйымдастыруға 56 161 сом қаржы бөлініп, оған 316 сауда орнын біріктірген 12 үлкен корпус салынған. «Хан жәрмеңкесі» жылына екі рет — көктем және күз айларында тұрақты өткізіліп тұрды. Жәрмеңкеге Ішкі Ресейдің Мәскеу, Новгород, Астрахан, Саратов, Ростов және басқа қалаларынан, сондай-ақ Хиуа мен Бұхар хандықтарынан көптеген саудагерлер мен алыпсатарлар келді. Олар мал өнімдері мен аң терілерін сатып алып, жергілікті халыққа зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық заттар әкелді.

WhatsApp Image 2026-10-01 at 11.56.16 (1)

Жергілікті қазақ байлары мен шаруалары айырбас саудасына төрт түлік малын және мал өнімдерін шығарды. Қой мен түйе жүні, ешкі түбіті, мал терісі, текемет, түрлі түсті алаша мен кілемдер үлкен сұранысқа ие болды. Әсіресе қазақтың қымыз, шұбат, ірімшік, құрт, қазы-қарта және басқа да тағамдарын сырттан келген көпестер көптеп сатып алды. Жәрмеңке кезінде жүздеген сауда дүңгіршегі құрылып, киіз үйлер тігілді. Жәрмеңкеде сатылған жылқылар Астрахан және Саратов губернияларында үлкен сұранысқа ие болса, ірі қара мен қойды Тамбов, Саратов губернияларынан келген саудагерлер және Орал казак әскерінің өкілдері сатып алып отырды. Сауданың дамуы нәтижесінде Бөкей ордасында дәстүрлі шаруашылық жүргізу тәсілдері жетілдіріліп, тауар айналымы артты. Хан жәрмеңкесіне қатысушыларға жергілікті әншілер, күйшілер, ақындар мен жыраулар өнер көрсетті.

                                                                             Ақпаратты Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінен

алынған дерек бойынша дайындаған  Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале