10.10.2023, 17:15
Оқылды: 53

Ханкөлдің қайраткері

Батыс Алаш Орда қозғалысы қайраткерлерінің бірі - Бижанғали Жанқадамов 1889 жылы Орал облысы Қаратөбе уезінің Ханкөл ауылында туған.

жп дала

Алғашында болыстық орыс-қазақ мектебін, кейін Орал реальдық әскер училищесін бітірді. Ал 1912-1917 жылдары Қазан императорлық университетінің мал дәрігері факультетіне оқуға түсіп, мал дәрігері маманы деген диплом алды.

1914-1916 жылдары бірішні дүние жүзілік соғыс кезінде Ә. Бөкейхановтың оқыған қазақ жігіттерін майдандағы қазақтарға көмек көрсету және елге қайтаруды ұйымдастыру туралы ұсынысына атсалысқандардың бірі - Б. Жанқадамов болды.

Б. Жанқадамов 1917 жылдың сәуірінде Орал қаласында өткен Бірінші Орал облыстық сиезінің делегаты және қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды.

1917 жылы күзде өткен Екінші Орал облыстық сиезі шешімімен Жымпиты уездік земство басқармасының төрағалығына балама түрде сайланады.

Азамат соғысы жылдары қалыптасқан жағдайға байланысты Батыс Алаш Орда үкіметінің Ойыл облыстық комиссары болып тағайындалды.

Осы тұста өңірдегі Ершов отряды, 3-Татар атқыштар полкі, Елек казак корпусы секілді күштер арасында келісім жүргізіп, елдің тыныштығын сақтауға бар күшін салды.

1920 жылы Батыс Алаш Орда үкіметі таратылған соң. Б.Жанқадамов өзгелермен бірге елден сырт ұсталып Орынборда Қазәскерревкомның редакциялық коллегиясының аударма комиссиясын басқарды.

 1920 жылдың соңында елге оралған Б.Жанқадамов алғашында Жымпитыда, кейін Тайпақта, сосын Казталовка аудандарында мал дәрігері болып қызмет атқарды.

Алайда 30-шы жылдары басталған қуғын-сүргін Б.Жанқадамовтыда айналып өтпеді. Оған «ұлтшыл», «алашордашыл» деген айып тағылып, 1937 жылдың жазында ұсталып, Батыс Қазақстан облыстық басқармасы үштігінің қаулысымен сол жылдың 2 желтоқсанында атылады.

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале