22.09.2026, 16:15
Оқылды: 6

Ықыласқа толы Ықсанов тойы

Жәнібек  ауданында  мемлекет қайраткері Мұстақым Ықсановтың  туғанына  100  жыл  толуына  байланысты  мәдени-спортық  іс-шаралар  өтті. «Мұстақым  мұрасы»  атты  республикалық айтыс, орталық алаңда  ұйымдастырылған заманауи концерт және дала төсінде оздырылған  ұлттық ойындар көптің көңілінен шықты. 

afd5af0f-1a6d-47e6-a81f-a71969765067

Әңгімені әлқиссадан бастасақ, іс-шаралар ілгегі ағытылар алдында Жәнібек өңіріне қонақтар ағылды. Дәстүрге сай оларды аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов бастаған топ ақ дәм ұсынып, қарсы алумен болды.

18 қыркүйек күні Жәнібек ауылындағы М. Ықсанов атындағы колледж ауласындағы көрнекті тұлғаның кеудемүсініне бір топ зиялы кезек-кезегімен гүл шоқтарын қойды. Одан кейін меймандар аудандық мәдениет үйіне беттеді. Сарай фойесінде орталық кітапханалар жүйесі тақырыпқа сай көрме ұсынды.

колледж

Айтулы іс-шараның бірі – аудандық мәдениет үйінде өткен ақындар айтысы. Жәнібектің үлкен-кішісі бірнеше сағат бойы сахнаға телміріп, дүлейлердің сөз саптауына марқайып, мағыналы мақам мен қос ішек үніне  тапжылмастан құлақ түріп отырды. Осы айтыстың тізгінін дәулескер күйші, ділмар да атпал азамат, ел ағасы Дәулеткерей Құсайынов қолға алып, айтыс тарихын өлке шежіресімен сәтті сабақтастыра шолу жасады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары және жыршы-термешілердің халықаралық одағы Батыс Қазақстан облыстық  филиалының басшысы, қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Халиолла сөз алып, аудан жұртшылығының алғаусыз ықыласына алғыс айтты.

– Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі, соғыстың көзін көрген, Жеңісті жақындатқан қаһарман ауданның батыр халқы! Саясат сахнасының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсанов – мың жылда бір туатын тұлға. Ал Мұстақымдай ұлы тұлғаларды қасиетті де киелі Жәнібек әлі де туғызады деп сенеміз. Осы аудан туралы ұзақ толғамай-ақ қояйын, бір ғана деректі атап өтейін. Облыс бойынша бас жүлдеге аутокөлік тігілген аламан айтыс тура он жеті жылдан кейін ұйымдастырылып тұр екен!

Былтыр Ғұмар бабамызға арналған айтыс өткізді Жәнібек. Биыл тағы республикалық деңгейде доданы қолға алып жатыр. Шынын айтқанда, жыл сайын айтыс өткізетін аудан тұрмақ, облыс жоқ. Кейбір өңірде мүлдем өтпейді. Оның қасында Жәнібек біраз ауданның алдына түсіп, айтыстың астанасына айнала бастады. Осыған орай айтыстың өтуіне ықпал еткен аудан әкімі Тимур Шиниязовқа ақындардың атынан және Жайық жұртшылығы мәдениет өкілдерінің атынан алғыс айтамын, – деді Бауыржан Халиолла.

13ada8e8-5f58-490b-a337-66302921a2a4

Айтысқа әр өңірден келген он ақын қатысты. Олардың барлығы да «сен тұр, мен атайын» дейтін сөз мергендері. Алғашқы лекте бес жұп емін-еркін айтысты. Әдеттегідей Шалқарбай Ізбасаров (Атырау облысы) пен Жансая Мусина (Бөкей ордасы ауданы) әжуа мен әзілге толы шумақтарды өріп, залды ду күлкіге бөледі. Орынбек Меңдіқұлов (Жаңақала ауданы) пен Рауан Қайдаров (Павлодар облысы) біраз орағытып, аға мен іні болып жараса отырып, жайдары қалыппен қалжыңдасты. Ал жыр жорығын аңсаған Жоламан Сисенғалиев (Бөкей ордасы ауданы) пен баппен айбалта сілтейтін Біржан Байтуов сахнаны дүр сілкінтті. Нар тұлғалы Нұржан Өмірбаев (Абай облысы) пен мәртікке бейім Мейірман Шәкенов (Ақжайық ауданы) шашасына шаң жұқтырмай сөз қағысытырып, бірі сырбаз, бірі сойқан қалпынан жаңылмады. Орақ тілді, от ауызды Мұрадым Мирланов (Жәнібек ауданы) пен Сараның сіңлісіндей сыпайы сұлу Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе облысы) қайын іні мен жеңгенің тәтті тілдесуіндей өрнек тоқыды.

Соңғы мәреге баратын ақындар да анықталып, Мұрадым мен Шалқарбай, Біржан мен Жансая екінші айналымда қалжыңның көрігін қыздырып, шаппа-шап додаға түсті. Айта кетейік, қазылар алқасында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның директоры, ақын Бауыржан Халиолла, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылары одағы облыстық филиа-лының төрағасы, ақын Дариға Мұштанова, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, айтыскер ақын Талғат Мықи және белгілі әнші-термеші Дастан Есентеміров  болды.

Бес сағатқа созылған айтысты Жәнібек ауданына арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов, аудан әкімі Тимур Шиниязов халықпен бірге отырып, тамашалады. Айтыс қорытындысында аудан басшысы Тимур Серікұлы ауқымды іс-шараны өткізуге қолдау білдірген азаматтар мен кәсіпкерлерге алғыс айтып, әсіресе елге келе алмаса да, дұғай-дұғай сәлем жолдап, қорға қомақты қаражат аударған қоғам қайраткері Гүлнәр Мұстақымқызы мен оның жұбайы Мақсұтбек Есеновтің айрықша мырзалық көрсеткенін атап өтті.

– Мұстақым Ықсанов – саналы ғұмырын еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына арнаған, қай салада қызмет атқарса да, халықтың тұрмысын жақсартуды басты мақсат еткен қайраткер тұлға. Ол республика көлемінде жауапты қызметтер атқарып, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым салаларын өркендетуге үлес қосты. Ал Батыс Қазақстан
облысын басқарған он бір жыл – ел тарихындағы ерекше жылдардың бірі. Осы жылдары зәулім үйлер, шағын аудандар бой көтерді, әлеуметтік нысандар, балабақшалар, мәдениет үйлері салынды, – деді сахнаға шыққан облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов. М. Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төр-ағасы Асқар Атаев та қайраткер туралы естелік бөлісіп, өз кітабын аудан әкіміне тарту етті.

Сонымен, ақындар айтысында шайырлар Мұстақым Біләлұлының тұлғалық бейнесін, ерекше қасиеттерін, аудан жетістігін жырлап, өңірге қатысты әлеуметтік мәселелерді де өзек етті. Қазылар алқасының шешімімен Жұлдыз Қожабекова, Рауан Қайдаров, Нұржан Өмірбаевтың әрқайсысы 500 мың теңге – үшінші орын жүлделерін иеленді. Екінші тұғырдан Жансая Мусина мен Шалқарбай Ізбасаров көрініп, оларға 750 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Ал бірінші орын алған Біржан Байтуов 2 миллион теңгені қанжығаға басты. Осы жолы Жәнібек жампозы Мұрадым Мирлановтың маңдайы жарқырап, бас жүлде – аутокөлікке ие болды.

Шалғай аудандағы қалың қауымның айтысқа шөліркегені соншалық – орталық алаңда лед-экран арқылы онлайн көрсетілген айтысты тамашалағандардың қарасы көп болды. Оқырман қаперіне сала кетейін, сөз додасының жай-жапсары, ақындардың сөз өрімі жөнінен газетіміз-дің алдағы санында кеңінен баяндап береміз.

4957d5de-9dcb-46e4-ae7f-a514b9240414

Сол күні кеште Жәнібек ауылында «Туған жердің жүрек үні» тақырыбында гала-концерт ұйымдастырылды. Әуезді кеш басталмастан бұрын қалың қауым алдында ауданның дамуына үлес қосқан, әртүрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген бір топ азамат – Дәулеткерей Құсайынов, Айдарбек Айтпөкешев, Нұрболат Жұмағалиев, Есқайыр Елемесов, Сәуле Есмағұлова, Ринат Қалмияров, Нұрман Түменов, Бұрхан Өтеғалиев, Самат Оспановқа «Жәнібек ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Одан кейін бір топ адамға М. Ықсанов атындағы мерейтойлық төсбелгі табысталды. Концертте эстрада жұлдыздары Дәурен Сейітжанов, Ержан Максим, Нұрлыбек Жүлекенов және «Заман» тобы өнер  көрсетті.

0f6b3d6e-a252-428f-a168-5ad3fc892b81

Іс-шаралар легі ертеңіне дала қызықтарына ұласты. Ұлы аламан бәйгеде тұлпарлар 100 шақырымға шапты. Бәйге Мұстақым Ықсановтың туған ауылы Борсы ауылы маңындағы Ғұмар Қараш кесенесі жанынан басталды. Осы жорықта Маңғыстау облысынан келген Тұқымбай Нұрсағынның «Мұздай» атты сәйгүлігі бас жүлде иеленіп, аутокөлікке ие болды. Дәл сол өңірдің жүйрігі «Көк Шолан» да (иесі – Ахмет Жұбатов) құйрық тістесе мәреге жетіп, квадроциклге қол жеткізді. Ал Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында ат баптаған Тұрар Өтешевтің тұлпары үштікті түйіндеп, мотоциклді тақымға басты.

0b98422b-d5fb-43d6-9b30-e7f5d695f568

Аламаннан бөлек топ бәйге, құнан бәйге және тай жарысы ұйымдастырылды. Он бес шақырымдық топ бәйгеден Ақжайық ауданы Тайпақ ауылынан қатысқан «Дубай» сәйгүлігі қара үзіп келді. Сәйгүлік иесі Нұралы Кенжемұрат 500 мың теңге иеленді. Алыптар қазақ күресі мен арқан тартыстан да күш сынасты.

ed9d71b3-be5b-4a42-9336-b0ed995ae4a5

Бұл жарыстарға көрші аудандардан келген спортшылар да қатысты. Жеңімпаз-жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар берілді.

Нұртай Текебай,

«Орал өңірі»,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале