Батыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау күшейтілуде. Өңірлік полиция депараменті көші-қон қызметі басқармасының мәліметінше, сот шешімдерін орындамаған 19 шетелдік азамат ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылған.

Ведомствоның хабарлауынша, сот қаулыларын орындаудан жалтарып жүрген тұлғаларды анықтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қызметкерлер құқықбұзушыларды анықтап, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы іс-шараларды іске асыруда. Сонымен қатар көші-қон қызметі мемлекеттік қызмет көрсетуді жалғастыруда. Биылғы жылдың алғашқы үш айында 1774 шетелдік азаматқа уақытша тұруға рұқсат берілген. Алайда құқықбұзушылықтар саны азаймай отыр. Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, 2026 жылдың өткен айларында Батыс Қазақстан облысы соттарының шешімімен 81 шетелдік азаматты елден шығару туралы қаулы қабылданған. Облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Төребек Маратов атап өткендей, өңірдегі көші-қон жағдайын бақылау басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Материалды облыстық полиция департаментінің
баспасөз орталығы ұсынған мәліметтер негізінде
дайындаған Гүлжамал Жолдығали