Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ішкі істер министрліктері тарапынан Қаржы мониторингі агенттігімен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың интеллектуалды жүйесін құру жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда, - деп жазады primeminister.kz.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда еліміздегі интернет-алаяқтықтың саны 40%-ға азайды, ал мұндай қылмыстардың ашылуы 29,9%-ға өсті. Жымқырудың алдын алуда алаяқтық операцияларды жедел анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік беретін Ұлттық Антифрод орталығы маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта мұндағы жүйелі жұмыстар жасанды интеллект құралдарын, мінез-құлық аналитикасын және жаңа заңнамалық тетіктерді қарқынды енгізу арқылы жалғасуда.
648 тексеру және жаңа талаптар: Қазақстанда киберқауіпсіздікті қадағалау күшейтілді
Елімізде дербес деректер мен цифрлық инфрақұрылымды қорғау үшін берік заңнамалық база қалыптастырылды. Дербес деректерді қорғау құқығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді, ал қабылданған «Киберқауіпсіздік туралы» Заң цифрлық жүйелерді қорғаудың бірыңғай стандарттарын белгіледі.
Жаңа нормалар медициналық, банктік, коммерциялық және басқа да құпия ақпаратты қамтитын базаларға қол жеткізу кезінде міндетті биометриялық аутентификацияны көздейді. Ұйымдар мемлекеттік органдарға ғана емес, азаматтарға да дербес деректердің тарап кеткені туралы хабарлауға міндетті. Сондай-ақ ірі дербес деректер операторларының тізілімі құрылады, оларға дербес деректерді қорғауға қосымша талаптар қойылады. Заңнамаға «дербес деректер идентификаторы» ұғымы енгізілді, ол ТАӘ, ЖСН, тұлғаның бейнесі және олардан туындайтын әрі бастапқы мәніне дейін қалпына келтірілуі мүмкін мәліметтерді қоса алғандағы биометриялық деректерді қамтиды.
Цифрлық қауіпсіздік талаптары алғаш рет Еңбек кодексінде бекітілді. Мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және аса маңызды нысандардың қызметкерлері үшін жыл сайынғы оқыту көзделген. Бұдан бөлек, цифрлық нысандардың иелері киберқауіпсіздік аудитін жыл сайын өткізуге, ал аса маңызды нысандардың иелері Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне тиісті есептер ұсынуға міндетелді. Президент Жарлығын орындау аясында мұндай нысандарға мемлекеттік бақылау жүргізу функциялары ҰҚК-ге берілді.
Жаңа талаптарды жүзеге асыру үшін 30-ға жуық заңға тәуелді акт қабылданды, тағы 10-ға жуығын қабылдау жоспарланған. Сонымен қатар олардың сақталуына бақылау күшейтілді. 2024 жылдан бері 648 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның ішінде 480-і ақпараттық қауіпсіздікке, 168-і дербес деректерді қорғауға қатысты. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша айыппұл санкциялары қолданылды. Бұл талаптар азаматтардың дербес деректерін өңдейтін барлық ұйымға, соның ішінде шағын және орта бизнеске де қолданылады.

Үш жылда интернет-алаяқтық саны 40%-ға азайды
Қабылданған шаралардың арқасында үш жылда Қазақстандағы интернет-алаяқтық саны 40%-ға азайды. 2025 жылы 27 892 факті тіркеліп, зардап шеккендерге 5 млрд теңге қайтарылды. 2026 жылдың басынан бері 14 414 интернет-алаяқтық тіркелді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға аз. Зардап шеккендерге 5,9 млрд теңге өтелді.
Бұл ретте үш жыл ішінде мұндай қылмыстардың ашылуы 29,9%-ға өсті.
Сонымен қатар өткен жылдан бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін бап қолданысқа енгізілді. Осы уақыт аралығында 1 018 дерек тіркеліп, 364 адам заң алдында жауап берді.
Ең көп таралған схемалар — телефондық алаяқтық, жалған инвестициялар, фишинг, хабарландыру сайттарындағы және әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық, онлайн-несиелерді заңсыз рәсімдеу, жалған сайттар мен қосымшалар.
Сондай-ақ алаяқтық схемалар күрделене түсуде. Қылмыскерлер дәстүрлі әдістермен қатар, жасанды интеллект технологияларын, соның ішінде дипфейктер мен дауыс клондау тәсілдерін белсенді қолдануда. Олар банк қызметкерлерінің, құқық қорғау органдары өкілдерінің, басшылар мен туыстардың бейнелері мен дауыстарын қолдан жасап, жалған бейнеқоңыраулар ұйымдастырады, сондай-ақ жалған инвестициялық платформаларды ілгерілету үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. Таныс адамның дауысын айнытпай салуға мүмкіндік беретін дауыс клондау технологиясын қолданады. Олар төтенше жағдай орын алғанын немесе шұғыл тапсырма барын желеу етіп, азаматтарды ақша аударуға көндіреді.
Ұлттық Антифрод орталығы 200 қатысушыны біріктірді
Кибералаяқтыққа қарсы тұрудың негізгі құралдарының бірі — Ұлттық банктің Антифрод орталығы. 2024 жылдың шілдесінен бастап Орталық күдікті транзакцияларды жедел анықтауды және ұрланған қаражатты бұғаттауды қамтамасыз етеді. ЖИ аналитиканы қолдану алаяқтық жағдайларын тергеуді 80 есеге дейін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Антифрод орталығы банктерді, төлем ұйымдарын, мемлекеттік және құқық қорғау органдарын, сондай-ақ байланыс операторларын қосқанда 200-ден астам қатысушыны біріктіреді. Жүйе нақты уақыт режимінде тәулік бойы ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді, ал бұрын бұл процесс бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылды. Ұлттық банктің мәліметінше, екі жыл ішінде 180 мыңға жуық күдікті оқиға тіркелген. Деректермен жедел алмасудың нәтижесінде банктер 117 млрд теңгеден астам сомаға ұрлықтың алдын алды. Зардап шеккендерге 578,5 млн теңге қайтарылды.
Алаяқтықтың жаңа жағдайларын болдырмау үшін Антифрод орталығында тиісінше 30 мыңнан астам күдікті мен 13 мыңнан астам расталған алаяқтарды қамтитын «сұр» және «қара» тізімдер қалыптастырылды. Бұл олардың шоттары бойынша операцияларды шектеуге және одан әрі ұрлаудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бір мезгілде қаржы ұйымдарының жауапкершілігі күшейтілді. Банктер мен төлем ұйымдары, егер қаражат операция кезінде Антифрод орталығының «қара» тізімінде болған адамға аударылған болса, зардап шеккендерге зиянды өтеуге міндетті.
ІІМ деректері бойынша жүйеде 199,7 мың оқиға тіркелген,оның 128,2 мыңы ведомство бастамасымен. Ақша аударушылардың шоттарында 3,4 млрд теңге, дропперлердің шоттарында тағы 1,7 млрд теңге бұғатталды. Жәбірленушілерге шамамен 1 млрд теңге өз еркімен қайтарылды. Жүйе байланыс операторларының деректерімен интеграциялау, мінез-құлық аналитикасы мен жасанды интеллектті енгізу арқылы жетілдіріледі. Бұл күдікті операцияларды ерте кезеңдерде анықтауға, қаражатты жедел блоктауға және ұрлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Антифрод орталығы алаяқтар ұрланған қаражатты шығарып үлгермей тұрып бұғаттауға және прокурормен келісілген құқық қорғау органының қаулысы негізінде ақшаны сотқа жүгінбей-ақ жәбірленушілерге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте шоттары шектелген азаматтар жалақыға, зейнетақыларға, жәрдемақыларға және басқа да ресми түсімдерге қолжетімділікті, сондай-ақ міндетті төлемдер жасау мүмкіндігін сақтайды.
2026 жылдың ортасынан бастап жүйеге бір сағат ішінде екі немесе одан да көп ұйымға кредит алуға өтінім берілгені туралы сигнал жолдайтын кредиттік бюролар қосылды. Болашақта жасанды интеллектіні жаңа алаяқтық схемаларды анықтау және күдікті операцияларды талдау үшін қолдану жоспарлануда.

eGov порталындағы «Стопкредит» тегін сервисі 6,3 млн рет пайдаланылды
Алаяқтық схемалар үнемі жетілдіріліп келеді, сондықтан тек техникалық және құқықтық шаралар жеткіліксіз. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру ерекше маңызға ие. Өз бетінше қорғану үшін азаматтарға тегін сервистер қолжетімді:
Бұл құралдар азаматтарға алаяқтықтың алдын алуға және жеке ақпараттың қауіпсіздігін бақылауға көмектеседі.
Азаматтардың киберсауаттылығын арттыру үшін тегін білім беру ресурстары бар. EGOV платформасында UNICEF-пен бірлесіп балалар мен ата-аналарға арналған дербес деректерді қорғау, кибербуллингке қарсы іс-қимыл және басқа да онлайн-қауіптер бойынша курс әзірленді. Citizensec платформасы азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлер үшін кибергигиена негіздерін оқытуды ұсынады. Ұйымдар бұл ресурстарды Еңбек кодексінің талаптарын орындау үшін де пайдалана алады.
Бұл ретте цифрлық қауіпсіздіктің маңызды ережесі жеке деректерді қорғау болып қала береді:
Жалпы, заманауи технологиялардың, мемлекеттік сервистердің және азаматтардың цифрлық сауаттылығының үйлесімі кибералаяқтық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.