23.05.2023, 9:15
Оқылды: 51

Заңбұзушылық тыйылмай тұр

«Antikor Ortalygy» сервистік орталығында  «Әділдік жолы» РҚБ Орал филиалының биылғы 1 тоқсанда атқарған жұмыс қорытындысына арналған брифинг өтті.

бриф2

Филиал жетекшісі Бауыржан Ахметжанның айтуынша, үш айда орталыққа облыстың 165 тұрғыны хабарласып, 30-ы өтініш жазған. Арыздардың көбі банк жүйесіне қатысты болыпты. Олардың саны – 9. Одан бөлек, еңбек дауы бойынша – 5, инфрақұрылым, яғни байланыс, көлік жайын даулаған – 4,
жеке құқықтарын қамтамасыз етуді өтінген – 3, кәсіпкерлік мәселелерін сұраған 2 өтініш болған. Сондай-ақ жер, медицина, білім беру салалары жайында да шағымдар болған.
– Бізге түскен шағымдардың 13-і бойынша оң шешім қабылданды. Бір адамға заң
көмегін көрсетудің арқасында еңбек шарты ұзартылып, 3 қызметкер 2,2 млн теңге көлемінде жалақы алды. «Goszakup.gov.kz» порталында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзудың 23 дерегі анықталды. Атап айтар болсақ, «Бәйтерек аудандық білім беру бөлімі» ММ «ГрадСтройСервис» ЖШС-ға орындалмаған жұмысы үшін 8 569 900 теңгені негізсіз аударуы бойынша білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллинді жауапкершілікке тарту туралы хат жолдады, – деді «Әділдік жолы» РҚБ Орал филиалының жетекшісі Бауыржан Ахметжан.
Одан бөлек спикер өз баяндамасында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, Казталов ауылындағы жыр болған 600 орындық мектеп құрылысы бойынша құрылыс басқармасының мердігер «Жиенбай» ЖШС-ға 60 952 500 теңгені негізсіз аударғанын анықтағанын айтты. Үш жылдан бері салынып жатқан нысан бағасы 2-ден 2,8 млрд теңгеге дейін өскен. Биылғы
3 мамырда облыстық құрылыс басқармасының басшысы А. Антазиевке қатысты дерек мемлекеттік қызметшілердің Әдеп жөніндегі кеңесіне беріліпті. Қоғамдық бірлестік филиалы саз колледжі нақты жұмыс атқармаған «БАБЕНОВ» ЖК-ға 3 млн теңге аударғанын анықтаған. Бірақ тапсырыс беруші шартта қажет тауар санын жазбай, қателікке жол бергенін мойындапты. Қос тарап келісіп, қажетті жұмыс сәтті аяқталған.
– Тайпақ, Жалпақтал ауылдары тұрғындарының және Жоғарғы сот пен Жоғарғы сот кеңесіне жазған өтінішіміз өз нәтижесін берді. Соның арқасында Ақжайық ауданының №2 сотын тарату туралы қаулының күші жойылды. Ал Казталов ауданының №2 соты бойынша мәселе әлі шешілген жоқ. Болашақта ол да оңынан болады деген үміт бар, – деді Бауыржан Ахметжан.

Брифингте «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік сатып алу бойынша мердігерлерге ҚҚС түрінде 6,3 млн теңгені заңсыз аудару дерегін анықтағаны да айтылды. Нәтижесінде 3 075 711 теңге қайтарылған. Ал қалған 3 258 656 теңгеге жасалған келісім сомасы қысқарылыпты.
– 2020 жылдың 26 ​​қазанында «ОЖХ Орал» ЖШС «STEP Group Corporation» ЖШС-мен 29 655 236 теңгеге сәулет қадағалау қызметін сатып алу туралы шарт жасасты. ҚҚС сомасы 3 177 346 теңгені құрады. Ал ЖШС қосылған құн салығы бойынша тіркелмеген. Бұған мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov ресми сайтындағы ақпарат дәлел. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 43-бабының 21-тармағына сәйкес келісімшартта ҚҚС төлеу шарттары болуы тиіс және Салық кодексінің 84-бабына сәйкес салық төлеушінің ҚҚС бойынша тіркеу есебіне тұру дерегін куәландырылуы керек. Бұл жерде осы норма бұзылған. Біздің өтінішімізден кейін бұл сома қосымша келісіммен 27 417 887-ге азайтылып, 2 237 348 теңге үнемделді. Қалған 939 997 теңге бюджетке қайтарылды, – деді Бауыржан Ахметжан.
Спикер өз сөзінде бұған ұқсас заңбұзушылықтар көптеп кездесетінін айтты. Тек облыс орталығында ғана емес, барлық ауданда осындай олқылықтар орын алады екен. Осы кезге дейін облыс бойынша 17 заңбұзушылық анықталған. Қоғамдық бірлестіктің жазған өтініштерінен кейін ҚҚС түріндегі негізсіз аударылған барлық сома бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар gov.kz порталының талдауы нәтижесінде жергілікті атқарушы құрылымның сайттарында ақпараттың жоқтығы және қажетті мәліметтердің толтырылмағаны анықталып отыр.
Брифинг соңында Бауыржан Ахметжан тұрғындарды белсенді болуға, атқарушы билік тарапынан орын алған заңбұзушылықтардың көбеюіне жол бермеуге шақырды.

 

Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале