Бүгін тұрғындарға жаңа 144 пәтердің кілті табысталды. Орал қаласының Зашаған кентінде бой көтерген 9 қабатты үйде басталған қоныстойға Батыс Қазақ облысының әкімі Алтай Көлгінов сәттілік тіледі.
– Тұрғын үй құрылысын «СВ Плюс» ЖШС екі жыл бұрын бастаған еді. Құрылысқа Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық 1,1 млрд. теңге бөлінді. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің көлемі – 10 мың шаршы метр. 144 пәтердің 72-сі баспана кезегінде тұрғандарға берілсе, жартысы «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» салымшыларына арналған.
Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде жыл соңында тағы да үйлерді пайдалануға беретін боламыз. Елбасы саясатын осылай бірігіп жүзеге асырамыз. Пәтерлерді түрлі әлеуметтік топтарға – жас жанұяларға, мүгедектерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға беріп жатырмыз, – деген облыс басшысы үй құрылысын сәтті жүргізген мердігер-компания басшысы мен жұмысшыларына ризалық білдірді.
Салтанатты шарада пәтер иелелеріне баспана кілттері берілді. Өз кезегінде тұрғындар да Елбасыға, облыс пен қала әкімдеріне алғыс айтты.
Нұртай Текебаев