14.05.2021, 9:15
Оқылды: 78

Жадымыздан өшпейді

Ұлы Отан соғысына қатысқан атамыз Батыраш (Батырғали) Оразов Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округінде 1924 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол 17 жастағы бозбала еді. Кейін жасының 18-ге толуына орай Жымпиты аудандық әскери комиссариатына шақырылып, әскер қатарына алынды.

Оразов Батыраш (2)2

Соғысқа кіргенге дейін Уфа қаласында дайындықтан өтеді. 1943 жылдың мамыр айында 631-атқыштар полкі құрамында неміс басқыншыларымен шайқасқа енеді. Смоленск бағытында жаумен болған шайқаста ержүректік көрсетіп, неміс жауынгерін қолға түсірген. Сонымен қатар жаудың азық-түлік сақтайтын қоймасын басып алуда көзге түскен. Сол Смоленск бағытындағы сұрапыл шайқастардың бірінде жеке өзі неміс офицерін тұтқынға алып, оның қасындағы үш фашисті жер жастандырған.

Осындай шайқастар кезінде ауыр жарақат алады. Госпитальда бірталай уақыт емделгеннен кейін оған мүгедектік тағайындалып, елге оралуға мәжбүр болады. Соғыста болған кезіндегі батылдығы мен ерлігі ескеріліп, 1944 жылы 31 маусымда «Ерлігі үшін» медалін және II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Атамыз туған елге оралғасын, «Бұлдырты» совхозында жұмысшы болады. Содан соң осы совхоздың №1 бөлімшесінде зоотехник, есепші, қоймашы болды. Артынан құрылысшы-сметашы мамандығын игереді. Жымпиты ауданына қарасты «Ленинизм» колхозына қызметке жіберіледі. Осы колхоздың негізінде 1961 жылы құрылған «Жосалы» совхозында прораб болып қызмет атқарады. 1979 жылы мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке шықты.

Атам 2000 жылы өмірден озды. 2014 жылы көз көрген замандастары мен Гүлшат әжеміздің қатысуымен атамыздың 90 жасқа толуына орай үлкен еске алу шарасы өтті. Біздер, ұрпақтары атамызды жадымыздан өшірмейміз.

 

Махамбет Оразов,

немересі,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале