21.11.2023, 9:30
Оқылды: 59

«Жайдарман» ойындары: жоғары лигаға жолдаманы қай команда алды?

Жуырда Орал қалалық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Орал жастары» атты жайдарман ойындары өтті. Іс-шараның мақсаты — мемлекеттік тілде КТК қозғалысын дамыту, талантты жастарға қолдау көрсету, жастардың ой-ұшқырлық қабілетін кеңейту. Бұл күні шаһарымыздың өнерпаз студенттері Жастар мәдениет сарайын думанды кештің орталығына айналдырды.

Жайдарман (2)

Жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттерінен жасақталған 8 команда маусымашар ойынына тас-түйін дайындықпен келген екен. Ал зал толы көрермен жайдарман ойындарының қоғамдық құбылысқа айналғанына тағы бір куә болды. Ойын басталмас бұрын Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі студенттерінен жасақталған команданың мүшесімен аз-кем тілдескен болатынбыз.

– Мен – Казталов ауданының тумасымын. Қазір медициналық колледжде гигиена және эпидемиология мамандығы бойынша 3-курста оқимын. Жайдарманда бұрыннан ойнаймыз. Командамыздың тәжірибесі мол. Өзім құралпы жайдарманшылармен бүгін сахнада сынға түссек те, өмірде барлығымыз доспыз. Дегенмен бұл ойын біз үшін жемісті болады деп ойлаймын. 2022 жылы өткен студенттер лигасында 3-орын алған болатынбыз. Биылғы маусымға да сақадай-сай дайындалып келдік, жеңістен үмітіміз зор, – деген «Maqsat emes» командасының мүшесі Асұлан Сисенғалиев сөз соңында ұйымдастырушылар мен қолдап келген көрермендерге ризашылығын білдірді.

Сонымен жарыста жоғары медициналық колледжінің «Maqsat еmes», жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің «ЖИТК», Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің «Фаворит», Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Шитс», Теректі ауданының «БХР» командасы, сондай-ақ М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің атынан  «Төртбұрыш», «Сеанс», «Идеал» командалары өнер көрсетті.

Жайдарманшылардың тауып айтқан әзілдерінің астарынан шынайы өмір шындығын бірден аңғаруға болады. Жастар қоғамның өзекті мәселелерін де әдемі әзіл, орынды қалжыңмен жеткізе алды. Қағытпа сын-сықағымен жарасымды жарысқа түскен ойыншыларға қазылар алқасының мүшелері – ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев, Орал қалалық мәслихатының депутаты Сергей Офицеров, «Бәйтерек» футзал клубының директоры Дамир Калаков, жоғары лига ойындарында облысымыздың намысын қорғап жүрген «Талант» жайдарман командасының капитаны Мейрамбек Орынғалиев және «Дежавю» жайдарман командасының капитаны Асыланбек Қуанышев әділ бағасын берді.

– Жайдарман ойындары шаһарымызда ерекше ықыласқа ие. Аталмыш лига оқу ошақтарының арасында жас командалардың аяқалысын қолдау мақсатында 2022 жылы бастау алды. Бүгін, міне, аталмыш жобаның кезекті маусымы жалғасын табуда. Жалпы маусымға 12 команда тіркелген болатын. Бүгінгі ойында 8 команда өнер көрсетіп, оның ішінде 4 команда келесі кезеңге жолдама алатын болады. Өз кезегімізде «Орал жастары» студенттік лигасының өтуіне қолдау білдірген «Бәйтерек» футзал клубының және Жастар мәдениет сарайының ұжымдарына, қалалық мәслихаттың депутаттарына Орал жастарының атынан алғыс білдіргіміз келеді, – дей-ді ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығындағы мониторинг және ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Гүлзия Ахметова.

Ойын қорытындысында «БХР», «Идеал», «Фаворит», «Maqsat emes» командалары жақсы көрсеткіштермен жоғары лигаға жолдама алса, қазылар алқасының шешімімен «ЖИТК» жəне «Төртбұрыш» командаларына тағы бір мәрте сынға түсуге мүмкіндік берілді. Командаларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале