Республикалық «Мектепке жол» акциясына батысқазақстандық журналистер де үн қосуда.
Медиахолдингтің Жәнібек ауданында филиалы – аудандық «Шұғыла» газетінің ұжымы республикалық «Мектепке жол» акциясына ат салысты. Редакция қызметкерлері акция барысында Т.Жароков атындағы орта мектептің қолдауды қажет ететін 5-сынып оқушыларының әрқайсысына 5 мың теңгеден көмек қолын созды.
Қазталов ауданындағы «Ауыл айнасы» газетінің ұжымы да қайырымдылық акциясына үлес қосты. Тілшілер жинаған қаражатқа Мәжит Жүнісов атындағы мектептің 4-сынып оқушысына спорттық киім мен оқу құралдарын алып берді.
«Жайық Пресс» медиахолдингіне қарасты «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы Теректі ауданының орталығындағы бір аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатырған қос бүлдіршінге 10 мың теңге көлемінде оқу құралдар сыйға тартты. Білім ордасына асыққан балғындарға шағын сыйды газет редакторы Нұрзия Сисенбаева табыс етті.
Аудан тілшілері жаны жомарт, қолы ашық азаматтарды аталмыш акцияны қолдауға шақыруда.
zhaikpress.kz