10.12.2019, 19:21
Оқылды: 348

«Жайық Пресс» медиахолдингі жанындағы «Бас редакторлар клубының» көшпелі отырысы өтті

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингі жанындағы «Бас редакторлар клубының» көшпелі отырысы Бәйтерек ауданында өтті. Оған белгілі журналист, саясаттану мамандығы бойынша философия PhD докторы Мұхтар Сеңгірбай, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов, аталған медиахолдингтің аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев пен  аудандардағы басылымдардың бас редакторлары қатысты.

1 (23)

«Бас редакторлар клубының» көшпелі отырысы аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбековтің құттықтауымен басталды.

- Алтын дәнді ауданда 22 ауылдық округ бар. 40-қа жуық ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан өлкенің тұрғындар саны 60 мыңдай. Өңірдің қай-қай саласы да жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Құрметті Мұхтар Жанұзақұлы, Рауан Сәбитұлы және аудандық басылым бас редакторлары, ел дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан, облыс орталығына жақын орналасқан өлкемізге қош келдіңіздер! - деді сөз алған Көпжан Тастанұлы.

1 (209)

- Алда Ақжайық, Теректі және Тасқала аудандарындағы газеттерге автокөлік алып беру мәселесі тұр. Сондай-ақ аудандық газеттерді материалдық-техникалық жабдықтармен жабдықтау, олардың жылы да жайлы, әрі жарық ғимараттарға орналастыру жайы жоспарда бар, - деді «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов.

Көшпелі отырыс барысында қаржы мәселесі, газет таралымын, жарнама санын арттыру, баламалы жазылу жүргізу мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ аудандық газеттерде жарық көрер өзекті және сүйекті материалдардың саны мен сапасын арттыру жайы да көшпелі мәжілістен тыс қалған жоқ.

Көшпелі мәжілісте «Жайық Пресс» медиахолдингінің аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев, «Жайық Пресс» ЖШС Бәйтерек филиалының директоры Ертай Бимұханов баяндама жасады. Көшпелі жиынға қатысушы аудандық газеттердің басшылары өзіндік ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін айтты.

1 (6)

Түстен кейін меймандар аудандық тарихи-өлкетану музейіне мәдени саяхат жасап, жәдігерлермен танысты. Бұл жерде белгілі журналист, еңбек жолын «Түркістан» халықаралық газетінен бастаған, бүгінде «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының бас редакторы  Мұхтар Сеңгірбайдың шеберлік сыныбы өткізілді. Белгілі журналист Мұхтар Жанұзақұлы бүгінгі таңда америкалық басылымдардың оқырман тарту үшін қалай жұмыстанатынына тоқталды.

1 (199)

Шара соңында Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің директор-редакторы Ертай Бимұханов Мұхтар Сеңгірбайға аудандық газет ұжымы атынан естелік сыйлық тарту етті.

Айта кету керек, «Бас редакторлар клубының» көшпелі отырысы бұған дейін Теректі, Жаңақала, Қазталов және Сырым аудандарында өткізіліп, оларға Қайнар Олжай, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы, Жұлдыз Әбділда сынды елге белгілі журналистер қатысып, тәжірибелерімен бөліскен болатын.

1 (26) 1 (252) 1 (125) 1 (151)

 

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ,

Бәйтерек ауданы

 Суреттерді түсірген Эльвира МЕҢДІҒАЛИ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале