27.09.2026, 13:30
Оқылды: 92

Жайық төрінде Ұлы дала тарихы ұлықталды

«Атамекен» өнер ордасында тарихы терең Жайық өңірінің Ұлы дала өркениетіндегі орнын айқындаған тағылымды жиын өтті.

IMG-20260927-WA0037_edit_130923834425731

Фото: Мәди Салық

«Ұлы дала заманы: Жайық өңірі және тарихи мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференцияда Алтын Орда дәуірінен жеткен тарихи жәдігерлер, ортағасырлық қалалар, жазба ескерткіштер мен рухани құндылықтар кеңінен сөз болды.

IMG-20260927-WA0043_edit_130907331144540

Жиынға тарихшылар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғам қайраткерлері мен өлке тарихын зерттеушілер қатысты. Конференцияны тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры Жаңабек Жаңабайұлы жүргізді.

IMG-20260927-WA0044_edit_130899194153189

Басқосудың мәні де, маңызы да айрықша. Себебі Жайық бойы – талай тарихи кезеңнің куәсі болған, Ұлы дала өркениетінің ізі сайрап жатқан қасиетті мекен. Бұл өңірдегі әрбір көне қорған мен қалашық, әрбір тарихи дерек – халқымыздың өткенінен сыр шертетін баға жетпес мұра.

Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықов Жайық қалашығының ашылуы мен зерттелу тарихына тоқталып, оның Алтын Орда дәуірін танудағы маңызын атап өтті. Ғалымның пайымынша, ортағасырлық Жайық қалашығы – бір кездері Ұлы даладағы өркениетті өмірдің, сауда мен мәдениеттің, қала салу дәстүрінің дамығанын дәлелдейтін құнды археологиялық нысан.

IMG-20260927-WA0040_edit_130913565059798

Жиында ерекше мазмұнды баяндама жасағандардың бірі – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев. Ғалым «Жошы ұлысы жазба ескерткіштері – қазақ халқының рухани-мәдени мұрасы» тақырыбында сөз сөйлеп, ортағасырлық жазба мұралардың бүгінгі қазақ руханиятымен сабақтастығын кеңінен тарқатты.

Жошы ұлысы дәуірінде дүниеге келген жазба жәдігерлер – өткен заманның үнін жеткізген рухани көпір. Қыпшақ тілінде жазылған «Махаббат-наме», «Қисса Жүсіп», «Гүлстан», «Қисса-и Рабғузи» секілді шығармалар сол дәуірдегі түркі дүниесінің әдебиеті мен мәдениеті биік деңгейде болғанын көрсетеді. Бұл еңбектерден халықтың дүниетанымы, адамгершілік ұстанымы, махаббат пен ізгілік туралы түсінігі аңғарылады.

IMG-20260927-WA0046_edit_130877490147520

Жошы ұлысының жазба мұралары – тек тіл мен әдебиеттің тарихы емес. Олар – халықтың рухани жадын сақтаған, ұлттық болмыстың қалыптасуына ықпал еткен құндылықтар. Ғасырлар бойы жалғасқан тілдік және мәдени сабақтастық бүгінгі қазақ қоғамының рухани негізінен де көрініс табады.

Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Дарын Зайнуллаұлы Батыс Қазақстан облысындағы Алтын Орда ескерткіштерінің тарихи маңызына тоқталды. Өңірдегі көне қалалар мен археологиялық нысандар Жошы ұлысының аумағын, саяси-экономикалық байланыстарын және тарихи географиясын зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды дереккөз екені айтылды.

IMG-20260927-WA0027_edit_130959258007853

Ал «Ұлы Дала Батырлары» қоғамдық тарихи-қайырымдылық қорының басшысы Махамбет Сұлтанғалиев Ұлы дала батырларының рухын дәріптеу, тарихи тұлғалардың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу жайында ой қозғады.

IMG-20260927-WA0045_edit_130891311845171

Жиын барысында айтылған пікірлердің барлығы бір арнаға тоғысты. Ол – тарихи мұраны тану арқылы ұлттық сананы жаңғырту, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу және келешекке аманат ету.

IMG_20260927_133122

Жошы ұлысы – қазақ халқының мемлекеттілік тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. Оның саяси, мәдени және рухани мұрасы Қазақ хандығының қалыптасуына, түркі халықтарының тарихи тағдырына зор ықпал етті. Ал Жайық өңірі сол ұлы тарихтың үнін бүгінге жеткізген қасиетті мекен ретінде бағалы.

Конференция қатысушыларға тарихи дерек пен ғылыми пайым ғана ұсынып қойған жоқ. Ол – елдік сананы бекемдейтін, туған жер тарихына деген құрметті арттыратын, Ұлы дала мұрасын ұлықтауға үндейтін тағылымды басқосу болды.

Бекзат Қанәділ, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале