18.04.2017, 20:47
Оқылды: 66

Жайық жағасындағы саяжайларды су басу қаупі бар

            Өзен бойындағы саяжайларды аралаған Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев осылай дейді. Бүгін әкім мен төтеншеліктер саяжай аумақтарын аралап, тұрғындармен кездесті.

             Дәл қазір Жайық өзені 496 сантиметрге, соңғы бір тәулікте 6 сантиметрге көтерілді. Былтырғымен салыстырғанда су мол. Былтыр Жайық суы ең жоғары дегенде 541 сантиметрге көтерілген болатын.

- Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, биыл 6-7 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Егер солай бола қалса, 1 және 2-саяжайларды су басып кету қаупі бар. Осы учаскелерде 1724 адам тұрып жатыр. Бәріне ескерту қағаздары таратылуда. Ең бастысы – халық хабардар. Кейбір отбасылардың қалаға көшіп жатқанын көзімізбен көрдік. Кейбір азаматтар маған баратын жері жоқтығын айтты. Олар үшін қала бойынша 22 эвакуациялық пункт әзір. Су қауіп төндірсе, біз халықты көшіріп, эвакуациялық пункттерге орналастыратын боламыз,-дейді Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиұлы.

Шаһар басшысының сөзінше, төтенше жағдайға әзірміз, инертті материалдар бар, техника сақадай сай. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Жасұлан Жұмашев ресейлік әріптестерімен күнделікті байланысып, су деңгейінің ақпаратын алып отырғандарын айтты. Ал ішкі істер құрылымдары саяжай аумақтарында кезекшілікке жұмылдырылуда. Қала әкімінің айтуынша, бір шаруа қожалықпен саяжайда мал ұстап отырғандардың малын қауіп сейілгенше қоя тұруға келісім жүргізілуде.

Төтеншеліктер мен қалалық әкімшілік қызметкерлері саяжайларды аралап, тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізуде. Дүние-мүлкі, үй-жайы суға кетсе өтемақы төленбейтінін ескертіп, қол қойғызып алуда. 1 және 2-саяжаймен қатар Жайықты бойлаған Бортау ауданындағы саяжайларға да қауіп төніп тұр. Бұл жақты 4070 адам тұрақты мекен қылған.

Саяжай тек жаз мезгілінде бау-бақша салу үшін уақытша мекендейтін аймақ саналғанмен оларды тұрақты мекендейтін тұрғындардың саны жыл сайын артуда. Мәселен 2-саяжай аумағындағы «Елочка» қоғамдастығында 273 саяжай болса, соның 193-інде тұрғындар қыстап шыққан. Яғни 80 пайызы тұрғылықты қоныстанған. Ал сол 2-саяжайда 14 қоғамдастық бар. Былтыр мұндағы «Колос» саяжай қоғамдастығынан жаңа 400 жер учаскесі берілген. Демек саяжай тұрғындары әлі де көбейе түспек...

Нұрлыбек Рахман

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале