Биыл өңір жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған өңірлік «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Осыған байланысты бейсенбі күні Оралдағы «AMANAT» партиясы ғимаратында тұрғын үй бағдарламасы комиссиясының ашық отырысы өтті.
Мемлекеттік жастар саясаты шеңберінде облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалы арасында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР заңына сәйкес және республика жастарын қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде өңір жастары арасында жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске асыру бойынша меморандум жасалды. Бағдарламаны қаржыландыру үшін облыс әкімдігі тарапынан 600 млн теңге бөлінген болатын. Қаңтар айының 18-і мен ақпанның 8-і аралығында аталған өңірлік тұрғын үй бағдарламасына 21 мен 35 жас аралығындағы қала тұрғындарының құжаттары қабылданды. Бағдарлама шарты бойынша онда денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт салаларында және коммуналдық кәсіпорындар мен мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін жастар бар. Ал комиссия құрамында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева және басқарма басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, еңбек ардагері, БҚО мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Тілекқабыл Имашев, Орал қалалық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Нұргүл Ашикова, «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының орынбасары, журналист Нұрлыбек Рахманов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Орал қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Айман Айдарова, Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, самбодан төрт дүркін әлем шемпионы, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерболат Байбатыров, Орал қалалық мәслихатының депутаты Сергей Офицеров және «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Арыстанова болды.
– Облыс тұрғындарына белгілі бұл бағдарламаға өңірдегі 21-35 жас аралығындағы жастардан 1040 өтініш қабылданып, сол бойынша құжаттар қабылданған күннен бастап жүйелі түрде сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасын пилоттық жоба деуге болады. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз – ашық, әділ сараптама жасау. Яғни, кез келген өтініш арнайы бекітілген ережеге сәйкес жан-жақты қаралуда. Мұнда жоғары балл алған 40-50 құжат іріктеліп, «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалына жолданады. Әрі қарай банк филиалы 7 күн ішінде нақты шешім шығарады. Сараптама жұмысы барысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, сондай-ақ отбасы құндылықтарына баса назар аударылып жатыр, яғни отбасының некеде тұрған уақыты мен бала санына қарай мүмкіндігі жоғары, – деді комиссия төрағасы Гүлжанар Болатқызы.
Айта кетейік, «Отбасы банк» соңғы нүктесін қойғаннан кейін өтпей қалған қатысушылардың орнына резервке алынған құжаттар қаралады. Банктің тексеруінен өткен қатысушылардың жалпы тізімі арнайы «Jaiyq_jastary» сайтында және әлеуметтік парақшаларында «Жолдама алған азаматтардың тізімі», «Жолдама алу үшін резервке енгізілген азаматтардың тізімі» бөлімдерінде жарияланады. Бағдарламаның ережесіне сай бастапқы жарна – 10 пайыз. Сонымен қатар іріктеуден өткен азаматтар 45 күн ішінде пәтерін таңдап, банкпен келісімшартты жүзеге асырады.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»