23.04.2021, 9:02
Оқылды: 75

Жайықтан су алу азаяды

Облыс әкімі Ғали Есқалиев «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бірнеше нысанын аралап, олардың жұмысымен танысты. Сонымен бірге өткен жылыту маусымы туралы есеп тыңдалды. 

 3dddebb6-6b28-4039-9ab3-2c0b556a69fd

Өңір басшысы алдымен Зашаған кентіндегі «Водстрой» дербес қазандығының жай-жапсарына қанықты. Бұл қазандық 1973 жылы салынған. Сол кезден күні кешеге дейін  бұл жерде бу қазандықтары тұрды. Бу шығару үшін су жылытып, кейін бу арқылы үйлерге берілетін су ысытылып келді. Құрылғылары тозып тұрған қазандық биыл қайта жасақталды. Оған республикалық бюджеттен 536 млн теңге бөлінген. Қазір мұнда  қазақстандық «Буран бойлер» деп аталатын үш қазандық орнатылған. Қуаты 23,22 Гкал/сағат, яғни 27 Мвт. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Қуат Мусиннің айтуынша, мұнда жаңа технология қолданылады. Егер жылу магистралінде қысым жоғарыласа, арнайы құрылғы айналымды ұлғайтуға белгі береді. Ал қысым артуы күшейсе, қозғалтқыштардың өздері айналымды аутоматты түрде тоқтатады. Бұл электр қуатын үнемді тұтынуға мүмкіндік береді екен. Аталмыш қазандық Зашаған кентіндегі 33 тұрғын үй мен 7 әлеуметтік нысанға жылу береді.

– Қазір Зашаған кентіндегі 33 үйдің тұрғындары ыстық суды электр қуатымен қыздырып отыр. Жаңа  қазандықтың қуаты бұл үйлерге жылумен қатар ыстық су да беруге жетеді. Ол үшін әр үйдің жертөлесіне жылу алмасу пунктін орнату керек. Бірақ мәселені тұрғындар мен ЖПИК-тер (КСК) өздері шешуі қажет. Мұндай жылу алмасу пункті тұрғындар есебінен орнатылады. Оның орташа бағасы тұрғын үй мен пәтердің  көлеміне байланысты, - дейді Қуат Наурызұлы.

Қазандықтың жұмысын көрген облыс әкімі бұл мәселе бойынша тұрғындармен түсінік жұмысын жүргізу кент әкімдігінің құзырында екенін айтты. Яғни  үйге келіп тұрған ыссы суды пәтерлерге жеткізуге мүмкіндік бар.

Өңір басшысы бұдан кейін жылу алмасу пункттерінің жұмысын аутоматты бақылайтын жүйемен танысты. Мәселен, Қ.Аманжолов көшесіндегі 21-інші жылу алмасу пункті 5 көп қабатты үй мен 7 әлеуметтік нысанға қызмет көрсетеді. Оның жұмысы аутоматты түрде бақыланады. Өткен жылы қала бойынша осындай 70 жылу алмасу пунктінің 33-і автоматтандырылған жүйеге ауысқан. Ыстық судың қысымы мен температурасы жөнінде мәлімет диспетчерлік пунктке аутоматты түрде беріледі.

Бұдан кейін Ғали Нәжімеденұлы «Жайықжылуқуат» АҚ-ның Орал жылу қуат орталығында болды. Содан соң кәсіпорынның бас директоры Қуат Мусиннің өткен жылыту маусымын қорытындылаған есебін тыңдады. Атқарылған іс-шараларға тоқталған бас директор үш мәселені атап өтті. Біріншісі – Жайық өзенінен техникалық су тарту. Екінші мәселе Орал қаласындағы қараусыз тұрған 343 үйге қатысты туындап отыр. Яғни оларда жауапты адам бекітілмегендіктен, жылу беруге дайындығы жөнінде паспорты болмай келеді. Үшіншісі, құрылысы бітпей тұрған газ магистралінің жұмысын аяқтау. Өйткені ол осы күйінде  «Жайықжылуқуаттың» теңгеріміне берілген.

Баяндамашыны тыңдаған облыс басшысы бұл салаға көрсетілген мемлекеттік қолдауларға тоқталды. Өңір басшысы айтып өткендей, былтыр жоспарланған жұмыстың көбі орындалған. Биыл бұл бағыттағы іс-шараларға ірі инвестициялар қажет емес.

– Соңғы екі-үш жылда «Жайықжылуқуатқа» қаражат көп бөлінді. Енді берілген инвестицияның тиісті нәтижесін күтеміз. Мәселен, 2019 жылы облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөліп, 2006 жылы салынған турбина жөндеуден өтті. Оның биылғы жұмыс нәтижесіне қарасақ, жылына қосымша 30 млн квт/сағат электр қуатын беріп отыр. 2019 жылдың қыркүйегінде өңірге Премьер-министр келіп кетті. Осы кәсіпорындағы проблемаларды көрді. Үкімет басшысының ықпалымен қосымша қаражат бөлініп, жаңа генератор салынады. Жоспар бойынша биыл желтоқсан айында іске қосылуы қажет. Оған республикалық бюджеттен 3 млрд теңгеге жуық қаражат қаралды. Іске қосылғаннан кейін қосымша 50 млн квт/сағат қуат беруі керек. Жаңа су салқындатқыш құрылғысын градирня салуға орай  республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңгедей қаражат бөлінеді. Егер оны іске қосатын болсақ, екі мәселенің түйінін шешеміз. Біріншісі – Жайықтан алып отырған судың мөлшері шамамен 4 млн текше метрге азаяды. Бұл, әрине, экологиялық жағынан да, компанияның өндірістік қауіпсіздігі бойынша да оң шешім. Әрі аталмыш құрылғы іске қосылса, жылына қосымша 40 млн кват/сағат электр қуатын беруге  мүмкіндігі бар, - деді Ғали Есқалиев.

Облыс басшысы  34 шақырымдық газ құбырына 2015 жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сот шешімімен оның лицензиясы тоқтатылған. Үш жылдай ашық аспан астында жатқан газ құбырының құрылысын тез арада қайтадан қолға алған жөн. Өйткені мемлекет қаражаты текке кетпеуі керек. Бұл газ құбыры іске қосылса, компанияның жылдық табысын арттырады.

– Қуат Наурызұлы, биылдан бастап бюджеттен қаражат алуды тоқтату керек. Меніңше, бұлай жасауға барлық мүмкіндік бар. Техникалық суды негізінен жерасты су көздерінен алу жағын шешкен жөн. Осы мәселені «Батыс су арнасы» ЖШС-мен бірлесіп, қараңыздар, - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі қалада электр қуаты айтарлықтай үнемделмейтіндігін атап өтті. Осы бағытта көпқабатты үйлермен жұмыс істеуге термомодернизация бағдарламасын жасауды ұсынды. Бұл жұмысты энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына тапсырды. Басқарма екі айдың ішінде тиісті ұсыныстар дайындауы керек. Жылыту маусымы ойдағыдай өткенін айтқан облыс басшысы «Жайықжылуқуат» қызметкерлеріне ризашылығын  білдірді.

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале