28.03.2023, 9:30
Оқылды: 45

«Жәкең жігіттің жайсаңы еді...»

Нарынның нар ұлдарының бірі – Жеңіс Уәлиевтің өмірден өткеніне де он жылдан  асыпты. Есімі еңбекқорлығымен, өз ісіне адалдығымен, көрегендігімен ел есінде қалған,  естігенін зердесіне түйіп, ауылдастарын шешендігімен таңдандырған Уәли Мырзағалиев сынды текті тұлғаның тұңғыш ұлын Бөкей ордасы ауданының жұртшылығы жіті таниды.

b4040ef9-e7b9-47ed-8719-79b7f8e44d6a

Ж. Уәлиев 1945 жылы Бөкей ордасы ауданының Бөрлі ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Жастайынан зерек те алғыр болып өскен балаң жігіт мектеп бітірген соң бұрынғы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсті. Осында оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, үш жыл Отан алдындағы азаматтық парызын орындап қайтты. Әскерден келгесін білімін жалғастырып, аталған жоғары оқу орнын 1969 жылы тәмамдады.

Тұла бойынан жалынды жастықтың жігері шиыршық атып тұрған жігіт бірден басқару құрылымдарына қызметке жолданып, Маңғышлақ облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, Шевченко қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы, осы облыстың комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болды. Алты жылдан кейін партиялық қызметке жоғарылатылып, Шевченко қалалық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. Партиялық қызметте шыңдалып, адамдармен жұмыс істеу тәжірибесін үйренген жас жігіт Маңғышлақ облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалды.

Маңғышлақ облысында осындай  лауазымды қызметтерді атқарған Жеңіс 1978 жылы туып-өскен еліне оралып, Орда ауданындағы Ф. Энгельс атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, М. Бегалиева атындағы орта мектептің директоры болды. Әсіресе ол 1979-1984 жылдар аралығында аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болған кезінде ауданның мәдениет саласына өзіндік қолтаңбасын  қалдырды.

Мәдениет саласының ардагері Күлән Ильясова Жеңіс ағаны Орда аудандық мәдениет бөліміне басшы болып келген күннен жақсы біледі екен. Күлән апа Жәкеңді өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, ұйымдастырушылық қабілеті мол, нағыз білікті басшы деп еске алады.

– Жеңіс Уәлиұлы ауданның мәдениетін өте жоғары деңгейге көтеріп, жұмысты жаңаша кәсіби бағытта ұйымдастырды. Оның басшылығымен ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәдени ошақтар жас мамандармен толықты, ауылдық мәдениет үйлеріне аутоклуб көліктері берілді. Клуб, кітапхана, музейдің материалдық-техникалық базасы нығайып, көркемөнерпаздар ұжымының  саны көбейді.

Жеңіс ағамен бір көшеде көрші тұрдық. Лауаз, Лаура, Әлем есімді балалары кішкентайынан көз алдымызда өсіп, ержетті. Мені «Күләнжан, Күләнтай» деп туған қарындасындай еркелететін, сол сыйластық ол өмірден өткенше үзілген жоқ. Ауылдас, әріптес, басшы ағамыздың нар тұлғалы жарқын бейнесі, ақжарқын мінезі мен орынды ойлары әлі күнге жадымызда, – деді ол.

Театр ардагері Құжырғали Төлеуішев Жәкеңді бала күнінен таниды. Ауылдары бір-біріне көрші  көрінеді.

– Екеуміз Маңғыстау облысында қызметті бір салада бастадық. Ол облыстық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, мен облыстық атқару комитетінде нұсқаушы болдым. Мен білетін Жәкең адамгершілік пен ағалық қасиетін қатар алып жүрген, азаматтығы мол, жігіттің жайсаңы еді. 1970 жылдары теледидарда журналист болып істейтін мені облыстық атқару комитетіне қызметке орналастыруға бар күшін салды. Кейін Шевченко қалалық партия комитетінде бірге қызметтес болдық. Отбасымызбен араласып тұрдық. Ақ Жайық өңіріне ол отбасы жағдайына байланысты ауысты. Бір-екі жылдан соң мен де Оралға қоныс аудардым. Келген бойда облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында қызмет ете-тін Жәкеңді тауып алдым. Қайтадан аға-інідей араласып кеттік. Тіршілікте қанша бірге жүрсек те, әрқашан оның ағалық шапағатына бөленуші едім.  Үйінде болған сайын оның ат үстінде түскен суретіне өнер адамы ретінде сүйсіне қарайтыным ерекше есімде сақталды. Ол да сол суретін айрықша қадірлейтін. Маған тарихын асықпай айтып беруші еді. Жәкең қайтыс болғаннан кейін отбасыммен туған ауылым – Сүйіндікке барып қайттым. Жол Орда арқылы өтеді. Қандай ғажап екенін білмеймін, жаңа мініп шыққан су жаңа аутокөлік Орданың шетіндегі үлкен қорымның шетіне келгенде кенеттен тоқтап қалды. Балам аутокөліктің капотын ашып, шұқылап жатқанда, мен асықпай қорымды араладым. Ең шеткі биік зираттың алдында дұға оқып отырып, баяғы қарғып тұрған аттың үстіндегі Жәкеңнің суретіне қапелімде көзім түсе кетті. Құдайдың құдіреті деген сол, дәл осы жерге әкеліп, аутокөлікті тоқтатып қойған оның аруағы болар. Мен дұға оқып болғанда аутокөлік те тұтанып, қыза кетті. Содан бері ауылыма барған сайын оның басына соқпай кетпеймін. Әсіресе басына биік етіп үй көтеріп, Жәкеңнің өзі жақсы көретін суретін қойған балаларына риза боламын, – дейді Құжырғали аға.

Кезінде Атырау облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған еңбек ардагері Анес Бисенов өзінің досы Жеңіс Уәлиевтің өр тұлғасы, биік адамгершілік қасиеті, ұйымдастырушылық қабілеті әріптестеріне әрқашан үлгі болғанын, адалдықты ту етіп, елге қалтқысыз қызмет жасағанын мақтан қылып айтса, республикаға танымал күйші-домбырашы Ермек Қазиев Орда халық оркестрінің өркендеуіне Жеңістің қосқан үлесі зор екенін, оркестр 1980 жылдары Мәскеуде, Алматыда және алыс шетелде  өнер көрсеткенін, сондай-ақ оркестрмен бірге «Нарын» эстрадалық ансамблі де ауданнан, облыстан, республикадан тыс жерлерде болып, Орда ауданының өнерін өзге елдерге паш еткенін ризашылықпен баян етті. Ал 1970-1990 жылдары Орда аудандық партия комитетінің хатшысы болған Сәния Хамзина ауданның идеология саласын басқарған тұста Жеңіс Уәлиев басқаратын аудандық мәдениет бөлімі облыс, республика көлемінде танымал болып, шығармашылық дамудың шыңына шыққанын, еліміздің көптеген қаласында жоғары деңгейде өнер көрсеткенін көңілі тола әңгімеледі.

– Сол шақта 70-80 адамнан тұратын оркестр, би ансамблі Жеңістің ұйымдастыру қабілетінің қарымдылығының арқасында өрісті өнер көрсетті.  Ауданда Сейтектің 120 жылдығын жайлау тойында қалың жұртшылықтың қатысуымен атап өттік. Оркестр Сейтектің күйлерін орындады. Оркестр орындаған оның күйлері алтын қорға жазылатын болды. Батыр тұлғалы, жүрегі жұмсақ, мейірімді, өте сыпайы Жеңістің қатты сөйлегенін естімедік. Адамға сыйластықпен қарап, әркімнің де тілін таба білетін. Аудандық мәдениет бөліміне

басшы болғанда халық оркестрі мен «Орда гүлдері» бишілер ұжымының Орал, Алматы, Ресейдің Астрахан, Волгоград, Мәскеу қалаларына, шетелге концертпен шығуына жағдай жасап, қолғабыс берді. Текті әулеттің ұрпағы Жеңіс Уәлиев адал да қажырлы еңбегімен ауданда мәдениет саласының өркендеуіне үлкен үлес қосты, — дейді Сәния  Құрмашқызы.

1990-2000 жылдар аралығында Жеңіс Уәлиев облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтында кабинет меңгерушісі, «Жас дәурен» балалар кешенінің бас директоры, М. Өтемісов атындағы облыстық мектеп-интернаттың директоры қызметтерін атқарды. «Жас дәурен» – өзінің сүйікті әні болғандықтан, балалар кешеніне осы атауды өзі ұсынды. Облыс орталығындағы мектеп-интернатты типтік жобамен жөндеу мақсатында қаржыға қол жеткізіп, оқу орны қазіргі заманауи құрылыстардың қатарынан  орын  алды.

Жер басып жүрсе, биыл 78-ге толатын Жеңіс Уәлиевтің жарқын бейнесін барша жолдастары, әріптестері құрметпен еске алады. Жатқан жері жарық, жаны  жәннатта  болсын.

Нұрымбек  Жапақов,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале