19.06.2025, 15:15
Оқылды: 550

Жақсы достың жолы

19 маусым  –  танымал  журналист, Құрмет  орденінің  иегері  Темір  Құсайынның  туған  күні.  Бүгін  Орал  қаласындағы  Қадыр  сарайда  Темір  Нағымұлын  еске  алуға  арналған  жиын  өтіп, «Егеменнің  Темірі»  атты  естелік  кітаптың  тұсауы  кесіледі.  Біз  осы  кітаптан  белгілі  ақын,  халықаралық  «Алаш»  әдеби сыйлығының  лауреаты Ертай Ашықбаевтың досы  туралы  жүрекжарды  лебізін  ұсынып  отырмыз. 

2aece1e1-4764-4971-a141-36d7beaf9fda

Редакциядан Темірмен қай күні, қалай танысқанымыз есімде қалмапты. Қазақстанның әр түкпірінен келген 50 студент әйтеуір бірден араласып кеттік. Тек шашын баяғының интеллигенттеріне ұқсап қайырған, мүйіз сабы бар көзілдірік киетін бір жігіттен ғана үркіп, әуелгі кезде жоламай жүрдік. Оның үстіне галстук тағатын костюмінің өңірінде депутаттық значок болды-ау деймін. Әлде соған ұқсайтын төсбелгі. Гүлсара секілді сыпайы қыздарымыз оған «ағай» деп тіл қататын болды. Пошымы студенттен гөрі мұғалімге келіңкірейтін бұл жігітпен — Ермек Зәңгіровпен де кейін жұғысып кеттік. Өзіміз секілді бірінші курстың студенті екен. Бар айыбы – әскерде болғаны, сол себепті оқуға кешігіңкіреп түскені, екінші айыбы – мұғалімдерше  тым  мәдениетті  киінетіні.

Шашын сол Ермек тәрізді шалқасынан қайырып өсірген, оны кейде жиірек, кейде оқта-текте сүйрік саусақтарымен салалап қоятын екінші жігітіміз – Темір еді. Осы күнге дейін білмейтінім – оның шын есімі Темір ме еді, әлде Тимур ма еді? Не болса да, біз бес жыл бойы Тимур деп келдік. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінен Темір Құсайын деген фамилияны көре жүріп, Темірге де үйрендік. Бір жағынан, Тәуелсіздікті жаңадан алып жатқанымызда осы есім лайықты деп ойлаған да болуымыз керек. Ал әлі күнге дейін осы курстасымызды еске алғанда Темке дейтініміз және бар. Бес жыл бойы қаққанда қанымызды, соққанда жанымызды алуға даяр тұратын деканымыз Темірбек Қожакеевті жұрттың бәрі «Темке» дейтіндіктен, біздің Темірге де осындай  құрметті  қосымша  атты  жапсырдық.

Әлгінде айттым «Бірден араласып кеттік» деп. Араласқанымыз рас, бірақ өзіңнің қалауыңа қарай көбірек бірге жүретін достарың болады ғой. Біз, әскерде болғандар, сондай-ақ дайындық курсынан келіп түскендер бір топта болдық та, әскерге бармағандар екінші топқа енгізілді. Қалай десеңіз де, осы екі топтың арасын көзге көрінбейтін әлдебір шекара сызығы бөліп тұратын сықылды еді. Сол себепті Темірмен студент шақта ым-жымымыз бірге болды деп те айта алмаймын. Ол, меніңше, өз тобындағы Мақсат пен Мақсотқа көбірек үйір болды-ау деп топшылаймын. Себебі кейін осы екеуімен араластығы мол болды. Мақсат Тәжмұрат әуелде «Егемен Қазақстанда» («Социалистік Қазақстанда») қалам тербесе, Мақсот Ізімұлы Темкеңмен бірге облыстық «Орал өңірі»  газетінде  қызметтес  болды.

Мен Темірмен университетті бітіріп, Ақтөбе қаласына келіп, осындағы облыстық «Ақтөбе» («Коммунизм жолы») газетіне орналасқан соң көбірек аралас-құралас болдым. Ылғи Оралға шақырып жүретін. Алғашқы кезде ол жаққа жолым да түсе қоймады. Ал Темкең Ақтөбеге кеп тұратын, әсіресе Астанаға барған шақтарында соқпай кетпейтін, сондайда Оралға келуім қажеттігін ескертіп отыратын. Жасы 40-қа, 50-ге толғанда шақырды, баласы үйленгенде, немерелі болғанда шақырды. Оған, қосымша осы қаладағы басқа да шараларға барып жүрдім. Облыстық газеттердің мерейтойлары, Қадыр Мырзалиевтің 80 жылдығы секілді кештерге қатыстым. Оралдың сәні Темкең екеніне сондай сапарларда көзім жете түсті. Әсіресе Темірдің 50 жылдық тойы ғажап өтті. Ылғи бір іс басындағы азаматтар Темкеңнің тойына жаны қалмай қызмет етті. Драма театрда өткен шығармашылық кездесуі, мейрамханада болған ел азаматтарын жинаған аста-төк дастарқаны Алматыдан келген Мақсат пен Мақсот үшеумізді (арамызда менің жұбайым Күлай да бар) өте риза етті. Драма театрында  Темкеңе  арнаған  өлеңімді  оқыдым:

Елу жас

(курстасым  Темір  Құсайынның атынан  жазылған  өлең)

Елу  деген...  Көктемнің  кеш  келгені  сияқты,

Мынау  дүние  сені  де  ескергені  сияқты.

Терезеңді  шал-кемпір  түртіп  тұрған  сияқты,

Танымайтын  торғайлар  үркіп  тұрған  сияқты.

Думаныңды  ұлдарың  тартып  алған  сияқты,

Кеседегі  көк  шәйің  жартыланған  сияқты.

Күркіреген  дауылдың  басылғаны  сияқты,

Көлеңкеңді  тал  түстің  жасырғаны  сияқты.

Елу  деген...  Костюмнің  жуылғаны  сияқты,

Әйелдердің  майсыз  ет  қуырғаны  сияқты.

Газеттердің  көнелеу  мақаласы  сияқты,

Алпыс  пенен  жетпістің  аталасы  сияқты.

Мақтанышпен  айтатын  ұран  емес  сияқты,

Жер  апшысын  қуырған  құлан  емес  сияқты.

Жас  жігіттер  мүсіркеп  қарасатын  сияқты,

...Бірақ  маған  бәрібір  жарасатын  сияқты.

Темкеңнің мерейтойына жасаған сыйлығымның басы осы болды. Кейін жыр жинақтарыма бұл өлеңім дәл осы күйінде басылды. Рас, өлең дейтініңіз құйындай соғып өтетін шапшаң шабыттың жемісі болатындықтан, бұл дүниеме Темкең туралы көңілімде жүргеннің бәрін қоса алмадым. Өйтсем, ойымдағыны шашыратып алатындай көріндім. Әйтпесе досымның мен ғана емес, жалпы курстастарына ұнамды қасиеттері көп еді. Айталық, сенің қуанышыңа өзіңнен артық қуанатын адам көп пе? Темкең сондай адам еді. Әр табысыңа өзіңнен артық қуанып жүретін. Темкеңнің ұлына Қуаныш деп есім қоюының бір себебі, бәлкім, осы шығар. Тағы бір қасиеті, Темкең сізге әлдебір жақсылық жасауға ықыластанып-ақ тұратын. Жасайтын. Шапағаты ұзақ уақыт бойы ішіңді жылытып жүретін. Әрі-беріден соң Оралды мен, шынын айтқанда, осы Темкең арқылы жақсы көріп кеттім. Орал туралы өлең жазуыма да Темкең әсер еткенін қазір толық мойындаймын. Сол өлеңіме де әу баста «Темір Құсайынға арнаймын» деп жазуым керек екен. Қалай болғанда да, сол өлеңім де осы Темкеңе арналатын естеліктер жинағына шыққанын  мақұл  көріп  отырмын.

Орал қаласы,

2007 жыл

Орал  –  ғалам,  о,  шіркін,  Орал  –  ғалам,

Көне  музей  секілді  тоналмаған.

...Осы  мұңшыл  қалпымда  оңалмаған

Бұдан  да  аман  жүруші  ем,  одан  да  аман,

Селт  еткіздің  бейтарап  жүрегімді

Менің  ескі  хатымдай  жоғалмаған.

Көкірегімді  шымшыды  көп  талдарың

Көңілім  қалып  жүргенде  көк  алмадан.

Сезімімнен  айналдым  өзімнің  де

Сал  тірлікті  сүюді  доғармаған.

Қарадым  еңсесі  зор  естелікпен

Кезіме  көк  етікті  бола  алмаған.

Мынау  қайың,  мынау  гүл,  мынау  майса,

Тұрғандай  болғысы  кеп  бодан  маған.

Кірпігін  ашып  алды  сол  бір  күндер,

Қайта  оянды,  па,  шіркін,  сол  арман-ән.

Көне  музей  секілді  тоналмаған,

Орал-ғалам,  о,  шіркін,  Орал-ғалам!

...Енді,  сірә,  кетпессің  көз  алдымнан

Көрсетілер  фильмдей  көп  арнадан.

Жақсы дос туралы естелік жазу жөнінде тосыннан жасалған ұсынысқа қатысты әзірге айтарым осы. Қалғанын Мақсат пен үзеңгілес болған Есенжол (Қыстаубаев), басқа да жігіттер  мен  қыздар  толықтырар  деп  сенемін.

Ертай Ашықбаев,

Ақтөбе қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале