20.12.2025, 12:00
Оқылды: 4

Жақсылықты жариялауға асығып тұрады

Менің ғылыми ізденіс жолында жүргеніме жиырма жылдан астам уақыт болған екен. Негізгі зерттеу нысаным – өлке тарихы.  Отандық тарихтың құрамдас бөлігі өлке тарихының деректік негізде жазылуына біз де өз үлесімізді қосып,  Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында, Жұбан Молдағалиев  атындағы облыстық ғылыми-әмбебап  кітапхананың оқу залында әлі күнге зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеміз. Үздіксіз жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде оқырман қауымға белгілі өлке тарихының өзекті мәселелері жөніндегі біраз монографиялық, атап айтқанда, «Ғұмар Қараш. Қоғамдық-саяси қызметі», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары», «Орал өлкесінің тарихи мәдениеті ХІХ ғасырдың ІІ ж., ХХ ғ. І жартысы», «Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депортациясы. Военный полигон «Капустин Яр» депортация казахов» т. б. еңбектеріміз жарық көрді.  Ғылыми еңбек архив қорында сақталған деректер мен құжаттар, ғылыми әдебиеттер базасы негізінде жазылады.  Сондықтан ғылыми зерттеу  еңбектердің деректік негізде жазылуына бірден-бір көмегін тигізетін архив және кітапхана қызметкерлері екені даусыз.  Бұл тұрғыда академик Д. Лихачев «Кітапханашы өзінің «жалғыз» тақырыбымен ғана емес, өзгелердің көптеген «бөгде» тақырыптарымен жұмыс істейтін ғалым» деп жазған екен. Кітапханашының қажырлы еңбегі туралы академиктің берген бағасына алып-қосарымыз жоқ.

1 (1)

2004 жылы мектеп мұғалім қызметінен ғылым жолына ауысып келдім. Сол жылдардан бері ғылыми ізденіс жолында жүрген өз басым Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қызметкерлерімен тығыз байланыста еңбек етіп, кітапханашылардың жанкешті еңбектерінің куәсі болып келемін.

2005 жылдан академик, тарих ғылымдарының докторы Т. Рысбековтың жетекшілігімен «Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» тақырыбында диссертациялық ғылыми ізденіс жұмыстарын бастадым. Сол кезден бастап Исатаева Роза Жақияқызы басшылық ететін ғасырдан астам тарихы бар облыстық кітапхананың игі қызметін көрген оқырмандардың бірімін. Кітапханаға мезгілсіз уақытта, жасыратыны жоқ, кейде дәрістен кейін кешқұрым жұмыс күні аяғында келсек те, кітапханашылар қабақ шытпай, қалтқысыз қызмет етеді. Өйткені бұл кітапхананың басшысы Роза Жақияқызы тапсырыс бойынша қажетті кітаптың табылғанына өзімізбен бірге қуанып тұратын еді. Ұжым да осылай қалыптасқан деп ойлаймын.

Жалпы мен парасатты, табиғатынан қайырымды, жан дүниесі таза Роза Жақияқызының қамқорлығы мен мейірімін көп көрген ғалымдардың бірімін.  Ғылыми еңбектерім жарыққа шыққанда туған әпкемдей болып қуанатын да осы Роза Жақияқызы еді.  2014 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан «Ғұмар Қараш. Қоғамдық - саяси қызметі» атты тұңғыш монографиямның жарыққа шыққанын естіген Роза Жақияқызы кітаптың тұсаукесерінің ұйымдастырылып өт­кізілуіне көмегін аямады. Сондай-ақ Алаш қайраткері, ағартушы, ойшыл ақын Ғұмар Қараштың 140 жыл-дығына орай филармонияның үлкен залында «Ғұмар Қараш – тарихи тұлға» атты облыстық ғылыми тәжірибелік конференция ұйымдастырып өткізген еді.  Конференция жұмысына қатысқан тарихшы ғалымдармен бірге әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты марқұм Шарабасов Серікқали  ағамыз салмақты ойларымен бөліскен еді.

2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығана орай  баспадан  шыққан «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты  кітабымды  кітапхана қорына өткізейін деп директордың кабинетіне кіргенімде, сондағы Роза Жақияқызының қолымдағы кітапты көріп,  қуанған сәті әлі көз алдымда. Ол жауынгер қазақ қыздарының ұрпағынан кем қуанбады. Осылайша жақсылықты көріп, жанымен қуанатын Роза апамыз «Бұл кітаптың тұсаукесер рәсімін университетіміз өткізді» деген сөзіме қарамастан, сол сәтте кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізуге бөлім басшыларына тапсырмалар берді. Сөйтіп, Роза Жақияқызы Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлермен бірге толарсақтан қан кешкен 17 қазақ қызының қаладағы, аудандардағы барлық ұрпағын облыс орталығына жинап, филармонияның (облыстық кітапханамен бірге «Карев үйінде» орналасқан) үлкен залында жауынгер қазақ қыздары туралы жазылған кітаптың тұсаукесер рәсімін дүркіретіп өткізді.  Осылайша облыс орталығында кітаптың тұсаукесер рәсімі үш мәрте өткізілген еді. Айта кететін жайт, қазақ қыздары туралы жазылған бұл кітапқа енгізілген медициналық қызметтің гвардия капитаны Қызыл Жұлдыз орденінің, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін» медальдарының иегері, дәрігер қазақ қызы Роза Момынованың Батыс Қазақстан облысының тумасы екенін дәлелдейтін дерек алғаш рет осы облыстық кітапхана қорынан табылған еді. Әрдайым жақсылықты жариялауға асығып жүретін Роза Жақияқызы мұнымен тынбады. Қазақтың батыр қыздары туралы алғаш рет жазылған «Бұл кітап халыққа кеңінен насихатталу керек» деп шешім алған ол, енді аудандық кітапхана қызметкерлеріне тапсырмалар берді. Сөйтіп, Ақжайық, Теректі аудандарының шалғай ауылдарында «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты кітаптың таныстырылымы ұйымдастырылып өткізілді. Сол жолы кітапхана директоры Роза апайдың өзі де Теректі ауданында өткізілген шараға менімен бірге барып қатысты. Сондай-ақ Орал қаласының тұрғыны, Қиыр Шығыс майданына қатысқан десантшы Қаламсия Ермекқызын 2016 жылы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесімен кітапхана директоры Роза Жақияқызының арнайы үйіне барып, құттықтаған сәтін де ұмытпай жазуды өзіме парыз санап отырмын.  Осылайша қарапайымдылықтың үлгі-өнегесі бола білген Роза Жақияқызы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың батыр қыздарына деген өзінің құрметін осылай көрсеткен еді.

Қазақ халқы жақсы адамның шыққан тегіне назар аударып, «Тектіден текті туады» деп тұжырым жасаған. Сол ата дәстүрмен қарасақ, Роза апамыздың әкесі  Жақия Исатаев ұзақ жыл ел басқарып, халық құрметіне бөленген көпшілікке танымал адам екен. Бұл жөнінде өлкемізге белгілі  журналистер  Е. Қыстаубаев, Қ. Құттымұратұлының жазған мақалаларында  кеңінен айтылған. Мәселен, Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі Е. Қыстаубаевтың «Дарабоз еді-ау, қайран Жәкең!» деген мақаласында мына жолдарды оқимыз:

«...Жақия Исатаев 1952 жылы Москвадағы совхоз директорларын даярлайтын мектепті, соңынан малдәрігерлік академияны бітірген. Осы жылы ол Тайпақ ауданындағы «Тайпақ» қаракөл совхозына директор болып тағайындалады. Содан отыз жеті жыл, жеті ай бойы үзбей осы шаруашылықты басқарып, осы жерден зейнет демалысына шықты. Отыз жылда шаруашылықтың сән-салтанаты келісіп, атағы аспандап тұрды. Жақия Исатаев қаракөл елтірісін өндіруші елдердің дүниежүзілік ІІІ симпозиумына делегат болып қатысып, қазақтың қарапайым ауылы Тайпақтың (Базаршоланның) атағы халықаралық деңгейге жетті. Самарқан қаласында 34 мемлекет қатысқан бүкіл дүниежүзілік аукционда «Тайпақ» совхозының қаракөл елтірісі арнайы жүлдеге ие болды». «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық. Міне, ел үшін еңбек етіп, халық құрметіне бөленген әкенің өнегелі ісін жалғастырған Роза Жақияқызының тағы бір қыры – қазақ тарихына жанашырлығы. Бұл пікіріміздің дәлелі, зейнет демалысында жүрсе де, Роза Жақияқызы үстіміздегі жылдың наурыз айында  маған телефон шалып, Астана қаласында «Фолиант» баспасы VІІІ халықаралық кітап көрмесін өткізгелі жатырғанын,  сол көрмеге  2024 жылы жарыққа шыққан «Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депортациясы. Военный полигон «Капустин Яр» депортация казахов» атты кітаптың ауторы ретінде көрмеге қатысуды өтінді. Сол кезде Уфа қаласына іссапарға баратынымды айтып, қапелімде келісім бермеген едім. Қазақ халқының депортациясы туралы алғаш жазылып отырған кітаптың құндылығын айтып, мені сол көрмеге қатысуға үгіттеп көндірді. Сөйтіп, Астана қаласындағы Президент сарайында биылғы 2025 жылы 23-27 сәуір күндері аралығында  өткізілген «Astana Eurasian Book fair» халықаралық көрмеге қатысып, Астана  жұртшылығына 1952 жылы  «Капустин Яр» әскери сынақ алаңына байланысты Бөкей ордасы халқының депортацияға  ұшырауы жөнінде жазылған кітабымыздың  таныстырылымы жоғары деңгейде өткізілді. Кітап көрмесіне қатысу жұмыстарын ұйымдастырып, жанымнан табылған жанашырым тағы да Роза Жақияқызы болды. Жалпы, жанкешті еңбекті талап ететін бейнеті мол ғылым жолында Исатаева Роза Жақияқызы сияқты жақсы адамдарды көп  жолықтырғаныма Құдайға мың сан шүкіршілік етемін. Сөз соңында өмірі өнегелі істермен өрілген, жаны жайсаң, жүрегі кең, биік парасат иесі, әрдайым жақсылықты жариялауға асығып тұратын Роза Жақияқызының өнегелі ғұмыры ұзағынан болғай деп тілеймін!

Бақтылы Боранбаева,

тарих ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале