22.12.2021, 9:30
Оқылды: 19

Жақсылықтың ұйытқысы

Металлургия саласының ардагері, кезінде осы бағыттағы еңбек жолын Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Теміртауда бірге бастаған Асқар Шораев біраз жылдан бері Орал қаласында тұрады. Сонау жалын жастық жылдарында Қарағанды метталургия комбинатында болат қорытып, шойын балқытқан Асқар аға кезінде велосипед және шаңғы спортымен белсенді айналысқан. Орайы келіп тұрғанда айта кетелік, Ишанның Асқары – велоспорт  пен  шаңғыдан қазақ жастары арасынан шыққан КСРО-ның тұңғыш спорт  шебері. Бертін келе жастарды жаттықтыруға ден  қойған Асқар Шораев – велоспорттан КСРО-ның 30 спорт шеберін және Қазақстанның бірнеше чемпионы мен халықаралық жарыстардың бірнеше жеңімпазын даярлаған елімізге еңбегі сіңген бапкер. Ақсақал әлі де белсенді. Ол, әсіресе Ақ Жайық атырабында велоспорттың кең қанат жаюына айтулы үлес қосып келеді.

_DSC9171

Осыдан төрт жыл бұрын өзінің туып-өскен ауыл-аймағы – Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округіндегі мектептің оқушылары үшін бірнеше жұп шаңғы мен 20 шақты велосипед алып берген болатын. Бұған қоса, еңбек және спорт ардагері А. Шораев туған ауылында мешіт салып, сондай-ақ көгілдір отын мен сапалы ауыз су құбырының тартылуына да ұйытқы болды. Сөздің жақсы мағынасында «қарап жүрмейтін» Асқар ағай 2014 жылы Орал қаласының орталық саябағына таяу маңда Шаған өзенін жағалай велосеруен жолын салу жөнінде бастама көтерген болатын. Үшбу жоба 2017 жылы сәтті жүзеге асып, аталмыш нысан  – бүгіндері Жайық жұрты мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі.

racing-le-tour-shirley-peters

Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Асқар Шораев Батыс Қазақстан облыстық  велосипед  спорты  федерациясының  президенті ретінде жасөспірім велошабандоздарды темірқанаттандыруға лайықты үлес қосып келеді. Біздің үшбу уәжіміздің айшықты мысалы, айқын дәлелі тек биылдың өзінде біздің өңірден велоспорттың төрт түрінен 20 чемпион, 10 күміс жүлдегер һәм 8 қола жүлдегер шықты. «Дене шынықтыру  мен  спортты  дамытуға сіңірген еңбегі  үшін» медалінің иегері А.Шораевқа спорт саласындағы осындай нақты нәтижелері және вело-спорттың бұқаралығын арттырудағы  белсенді әрекеті үшін осыдан бірер апта бұрын ҚР велоспорт федерациясының президенті Н. Смағұловтың алғысхаты табысталды.

Ал Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Асқар Шораев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ғұмыр жасы сексеннен асса да, жаны-тәні сергек және әрдайым жақсылыққа ұйытқы болып жүретін ардагерге қуат-қайратыңыз сарқылмасын, ел-жұртыңызға тигізер шапағатыңыз таусылмасын дейміз!

Бауыржан Әлжан,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале