Өткен жылдың наурыз айынан бері елімізде тұрғындарды коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау науқаны жүргізіліп жатқаны белгілі. Вакцинаның 2 дозасын да алған адамдарға вакцинация паспорты беріледі. Дәл осы паспорты бар адамдар әкімшілік ғимараттарға, сенбі-жексенбі күндері сауда ойын-сауық орталықтарына емін-еркін кіріп-шығу мүмкіндігіне ие. Сондықтан да соңғы уақытта вакцина салдырмастан жалған вакцинация паспортын жасатушылар жайындағы деректер де белгілі болып жатыр. Дәл сол азаматтар жалған құжат жасату арқылы тек өзіне, жақындарына ғана емес қоғамға да үлкен қауіп төндіретіндігін сезінбей жатқан сияқты. Ал жалған паспорт жасап беріп жүрген медицина қызметкерлері жеңіл жолмен келген ақшадан айырылып қалмау үшін ардан аттап отырғаны анық.
Жалпы, жалған вакцина паспорттары мен ПТР-анықтамасын дайындау және сатумен айналысатын адамдарды анықтау мақсатында Ішкі істер министрлігінің жауапты құрылымдық бөліністері тиісті жұмыстарды үнемі жүргізіп келеді. Жалған құжаттарды сату бойынша берілген хабарландыруларды анықтау үшін интернет желісіне, әлеуметтік желілерге және мессенджерлерге мониторинг жүргізіп отырады. Нәтижесінде жыл басынан бері ішкі істер органдары осы салада барлығы 321 іс тіркеді. Оның ішінде ПТР-тесті қолдан жасау бойынша – 114 факт, вакцина паспорттарын қолдан жасау бойынша 207 факт бар.
Мәселен, осы жылдың шілде айында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Павлодар облысының құқық қорғау органдары вакцина паспортын қолдан жасады деген күдікпен Павлодар қаласы емханаларының бірінің медицина қызметкерлерін анықтап, ұстаған болатын. Өткен айда ғана дәл осы қаладағы тағы бір емхананың медбикесі коронавирус инфекциясына қарсы жалған вакцинация паспорттарын жасап, бірнеше рет азаматтардан жалпы сомасы 160 мың теңге ақшалай сыйақы алған үшін қолға түскені белгілі.
Ал мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін қандай іс-шаралар қабылданбақ? Жалған вацинация паспортын жасағандарға да, жасатқандарға да қандай жаза қолданылмақ? Осы сауалдарды ҚР ІІМ Кримиалдық полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевқа қойған едік.
«Ішкі істер министрлігі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту мақсатында ПТР-тестілерін қолдан жасау және бланктерін сату, сонымен қатар жалған вакцинация паспорттарын әзірлеу фактілерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп келеді. Мұндай фактілердің жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігі жанынан мүдделі мемлекеттік органдардың, атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері бар ведомствоаралық арнаулы топ құрылды. Жалған вацинация паспорты мен ПТР-тест нәтижесін дайындау және тарату фактілерінің алдын алу және тергеу жөніндегі мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленді. ІІМ мен оның аумақтық бөлімшелерінде Интернет желісінде, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған құжаттар сату жарнамаларын анықтауға бағытталған тұрақты мониторинг топтары жұмыс істейді. Мониторинг нәтижесінде шетелдік техникалық алаңдардан орналастырылған 142 жарнама анықталды. Оларға қатысты ақпараттар бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберілді», - деді Рүстем Дүйсетаев.
Оның атап өтуінше, құқық қорғау органдары қызығушылық тудырған фактілерге және оларға қатысты бар тұлғаларға қатысты ақпараттарды жинау және тексеру іс-шараларын тұрақты жүргізіп отырады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің «Медицина құжаттарын қолдан жасау және пайдалану» 385-бабымен және «Заңсыз сыйақы алу» 247-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі. Ішкі істер органдары жүргізген жұмыстардың нәтижесінде сотқа 62 іс жіберілді. Оның 33-і ПТР-анықтамаға, ал 29-ы вакцинация паспортына қатысты. Мұнан бөлек 140 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетерлігі, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабында жалған құжат жасағандарға 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Дегенмен, алдағы уақытта мұндай қылмыс жасағандарға жазаны қатаңдату мәселесі де қарастырылып жатыр.
«Толықтай алғанда, мемлекеттік органдар жүргізіп отырған жұмыстардың нәтижесінде жалған медициналық құжаттарды дайындау және пайдаланумен қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың саны осы жылдың шілдесінен бастап 13 қарашаға дейін 94 фактіге қысқарып отыр. Бұған қоса, Бас прокуратура жанындағы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процессуалдық кодексті қолдану тәжірибесін мониторингілеу және жинақтау ведомствоаралық жұмыс тобы жалған вакцинация паспортын дайындау және таратуға жазаны қатаңдатудың нәтижелілігі мәселесін қарастырып жатыр. Онда заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, сонымен қатар белгілі бір лауазыммен айналысу құқығынан айыруға қатысты іс-шаралар бар», - деді орталық бастығының орынбасары.