2.01.2026, 9:00
Оқылды: 48

 «Жалын – 2025»:  мерей  алауы

Оралда  спорт  саласының  жыл  қорытындысына  арналған  «Жалын  –  2025»  кеші  өтті.  Үздік  спортшылар  мен  сала  озаттары  ұлықталған  салтанатты  жиынға  облыс  әкімінің  орынбасары  Мирас  Мүлкәй  қатысып,  өңір  спортының  даму  жолындағы  жетістіктерге  кеңінен тоқталды. 

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.05.52

- Былтыр облыс спорты үшін табысты әрі мазмұнды жыл болды. Спортшыларымыз халықаралық және республикалық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, өңір беделін асқақтатты. Бұл – тек спортшылардың ғана емес, бапкерлердің, сала мамандарының және спортты қолдаған азаматтардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Мемлекет басшысы спортты ұлт саулығының негізі деп атап өткен болатын. Осы бағытта Батыс Қазақстан облысында жүйелі  жұмыс  жүргізіліп  келеді, – деді  Мирас  Мүлкәй.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.06.49

Былтырғы марапаттау кешінің басты ерекшелігі – үздіктерді анықтауда арнайы рейтингтік жүйенің енгізілуі. Балдық жүйе арқылы спортшылар мен бапкерлердің жыл бойғы жетістіктері, жарыстардағы нәтижелері және саланы дамытуға қосқан үлесі жан-жақты сарапталды. Бұл бастама «Кеңесші» ардагерлер қоғамдық  бірлестігімен бірлесіп әзірленіп,  арна-йы  комиссия  отырысында  бекітілді.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.07.26

– Әділдік пен ашықтық – басты қағидат. Рейтингтік жүйе әр жетістіктің нақты бағалануына мүмкіндік берді.  Бұл – бәсекелестікті арттырып қана қоймай, спортшылар мен бапкерлерді жаңа белестерге жетелейтін маңызды қадам, – деді Бақдәулет  Сәбитов.

Жыл қорытындысында «Үздік спортшы» аталымы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен Мария Бровкова, пара-сурдолимпиадалық спортта Анастасия Тимошенкова, ұлттық спортта Дархан Әнуарбеков, ал олимпиадалық емес спорт түрлерінен Дархан  Тимралиев  үздік  деп  танылды.

Бірнеше бағыт бойынша «Үздік жаттықтырушы» атағы да өз иесін тапты. Яки Александр Акунишников (олимпиадалық спорт), Әсет Қайыржанов (ұлттық спорт), Ринат Мерғалиев (олимпиадалық емес спорт), Теміржан Хасанғалиев (парасурдолимпиадалық спорт) марапатталды. «Үздік ауыл бапкері»  аталымы  Жеңіс  Стамғазиевке  бұйырды.

Өңірлік спортты дамытудағы жүйелі жұмысы үшін Ақжайық ауданы «Үздік спорттық аудан» ретінде танылса, «Үздік спорттық ұйым» номинациясы ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен «Ақсай» мәдени-бұқаралық  ұлттық ат спорт  кешеніне  берілді.

Спорт тек жарыс нәтижесімен өлшенбейді. Оны дамытуға жанашырлықпен қарап, нақты қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың үлесі зор. Осы орайда спортты қолдауға айрықша үлес қосқан меценаттар да назардан тыс қалмады. «Үздік жыл меценаты» аталымы Асхат Ишмұхамбетовке, «Жыл меценаты»  атағы  Бауыржан  Каримовке  табысталды.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.07.00

«Жыл жаңалығы» ретінде Зейнеп Баянова, Алина Әжіғалиева және Баубек Илиясовтың есімдері аталды. Сонымен қатар «Үздік спорт қызметкері» номинациясында Сағадат Нұғман, Лаура Күжентаева, Гүлжиян Андырова, Айдана Елеусінова және Жеңіс Рысқалиев жеңімпаз деп танылса, «Үздік федерация» атағына Батыс Қазақстан облысының дзюдо федерациясы ие болды. «Спорт жанашыры» номинациясы Асқар Мырзахметұлы, Әсет Сұлтанұлы, Бегайдар Болатұлы, Марат Асанов, Дулат Жүсіпқалиев, Қайрат Джумағалиев, Мадияр Қуанышқалиұлы және Джаналиев Элгун Ахмед оглу  сынды  азаматтарға  бұйырды.

«Жалын – 2025» – бұл өткен жылға берілген баға ғана емес, алдағы биік мақсаттарға бастайтын рухани серпін. Өңір басшылығы спорт инфрақұрылымын дамытып, жас спортшыларды қолдауды әрі қарай жалғастыра береді деген сенімдеміз. Себебі спорт – салауатты  ұлт  пен  жарқын   болашақтың  кепілі.

Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале