24.12.2024, 12:45
Оқылды: 214

«Жаман әдеттермен жаппай күресейік!»: Оралда Аналар кеңесінің кеңейтілген қорытынды отырысы өтті

Орал қаласындағы Достық  үйінде «Салауатты сана» республикалық жобасы бойынша облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кеңейтілген қорытынды отырысы өтті. Оған  аталған кеңестің мүшелері, аудандардағы кеңес мүшелері (онлайн), мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері, студенттер мен өңірдегі Ұлттық ұлан жауынгерлері қатысты.

9066c147-2528-4483-900b-6afe3d0d8f36

Аналар кеңесінің  төрайымы Шалқыма Құрманалина «Салауатты сана» жобасының Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында әзірленгенін, оның нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күрестің алдын алуға бағытталған жұмыстарды қамтитынын айтты. «Жаман әдеттермен күрес – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Ондай әдеттер сапалы ұлт ретінде қалыптасып, бәсекеге қабілетті мемлекет болуымызға кедергі келтіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағымсыз құбылыстарға назар аударып, пәрменді күресті күшейтуді тапсырып отыр. Биыл өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды роль атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін  осындай қатерлі  құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске  бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік  жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек» деген болатын. Қоғамға қауіпті құбылыстармен күресте Қазақстан халқы ассамблеясына маңызды міндет-миссияны жүктеуі ұйымның әлеуеті мен мүмкіндігіне көрсетілген сенім деп түсінуіміз керек», – деді Шалқыма Хайроллақызы.

38354e38-a84e-41b0-b19b-dc5fd817ba9f

Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Хожарбибі Искандарова аталған басқарманың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде қолға алынғанын баян етті. Білім беру мекемелерінде салауатты өмір салтын насихаттау, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудың алдын алу жұмыстары мемлекеттік құрылымдармен, тиісті орталықтармен және қоғамдық ұйымдармен, БАҚ өкілдерімен бірлесіп жүргізілуде. «Биылғы жылдың қаңтар-мамыр аралығында «Білім алушылар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің 2024 жылға арналған жоспар-кестесі» негізінде облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандарынан және қоғам белсенділерінен құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы 171 оқу орнында түрлі сипатта 269 іс-шара ұйымдастырды, оған 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Соның ішінде кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының 1-курс студенттеріне (3256 адам) және  мектептердің 9-11-сынып оқушылары арасында (2677 адам) психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды тұтынудың салдары, есірткі қылмысы бойынша қылмыстық жауапкершілік туралы айтылып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді. Мектеп психологтерінің жұмысын күшейту, олардың құзыреттілігін арттыру, тәжірибе алмасу аймағын кеңейту мақсатында «Аутодеструктивті мінез-құлықты балалармен жұмыстануда когнитивті мінез-құлық терапиясы техникаларын қолдану», «Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша ата-аналармен жүргізілетін жұмыстар» тақырыптары аясында 11 семинар-практикум (322 адам) ұйымдастырылды», – деген Хожарбибі Қадырқызы басқа да көптеген іс-шараның өткізілгенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ басқарма өкілі өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар саны артып отырғанын айтты. «2024 жыл басынан бері «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына 239 кәмелетке толмағандар түсті, олардың 185-і отбасына қайтарылды. Тәрбиеленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында әлеуметтік мәртебелерін анықтау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде: 10 бала «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылына» орналастырылды, олардың ішінде 6 оқушының ата-анасы ата-аналық құқықтан шектелді. Үш ұл қамқоршылыққа берілді. Төрт тәрбиеленуші арнайы мектепке жолданды. Кәмелетке толмаған 206 бала туған отбасына қайтарылды.  Орта-лыққа жиі түсетін аудандарға келсек, биылғы ақпарат бойынша Орал қаласынан – 130, Бөрлі ауданынан – 22, Теректі ауданынан – 15, Ақжайық ауданынан – 14, Бәйтерек ауданынан – 12, Казталов ауданынан – 10, Сырым  ауданынан – 6, Тасқала ауданынан – 6, Жаңақала ауданынан 5  тәрбиеленуші түскен.

«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі Жәмила Мадимарова облыс бойынша дәріхана қоймалары мен дәріханалардың дәрілік заттарын таңбалауды, қадағалауды енгізуге дайындығы, цифрлық таңбалаудың енгізілуі хақында ақпарат берді. БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау аға инспекторы Диляра Сатарова зорлық-зомбылықтың неден туындайтыны жөніндегі ойымен бөлісті.

– Қай жерде болмасын зор­лық-зомбылық азаматтардың балалық шақтағы немесе жасөспірім кездегі көргенінен туындайды. Егер адам бала кезінен жағымды мінез-құлықты көріп өссе, ержеткенде және отбасылы болғанда жағымсыз әрекеттерге бармайды. Ал отбасында үне­мі дау-дамайды, жанжалды, әкесінің анасына қол көтергенін көріп өскен балалар күні ертең көргенін қайта­лауы ықтимал. Бұл олар үшін үйреншікті жағдайға айна­лады. Ер жігіттер бақытты отбасы болу үшін өмірден тек тағылымды өнегені дағдыға айналдыруы тиіс,  – деді Диляра Сатарова.

Жиынға қатысушылар «Салауатты сана» жобасы бойынша бес кеселге қарсы күреске бейтарап қарамауға, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға қарсы тұруға үндеді.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале