Орал қаласында жамбы атудан жастар арасында ел чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің әр аймағынан келген он команда, 200-ден астам спортшы қатысты.
Суреттер: «Жамбы ату» федерациясының баспасөз қызметі
– Ұлттық спорт түрлерін насихаттау, облыс тұрғындарының ұлттық спортқа қызығушылығын арттыру, спортты жанына серік еткен жандардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау басты парызымыз. Бабы мен бағы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін, - деді жарыстың ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов.
Одан соң ҚР туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің республикалық ұлттық және ат спорты орталығының бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Кенжебек Күзембаев сөз алып, жарыс қатысушыларын құттақтады.
– Өткен айда елордада өткен көшпенділер ойынында спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетті. Жайық жағасындағы ел біріншілігіне 200-ден астам жас келіп, бақ сынап жатыр. Бұл – жамбы ату спортының дамығанының көрсеткіші. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған облыстағы спортқа жауапты азаматтарға алғысымыз шексіз, - деді Кенжебек Сағатжанұлы.
Үш күнге созылған мергендер жарысында спортшылар ат үстінде отырып садақ атудын «Мажар», «Азия», «Түркі» және «Жамбы» сияқты төрт түрінде сынға түсті.
Қорытындысында Түркістан облысының намысын қорғаған Ақберен Үсен «Мажар», «Түркі» және «Жамбы» сильдерінде алдына жан салмай, ел чемпионы атанса, «Азия» стилінде қызылордалық Ақәділ Пернебай жеңімпаз атанды.
Ал облыс спортшылары арасында Диас Қайырсапар ғана жүлдеге ілікті. Ол «Мажар» стилінде оқ атқан мергендер додасының қола жүлдегері атанды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz