Бәйтерек ауданы Жамбыл ауылындағы жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
– Барша ауыл тұрғындарын осы салтанатты күнмен құттықтаймын. Еліміздің дамуы мен болашағы білімді, дені сау ұрпаққа байланысты. Біздер бұл саланы жіті назарда ұстауға тырысып келеміз. Қазір облыс бойынша апатты мектептерді жою бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елдегі жоспар бойынша алдағы бес жылда 77 мектеп салып, пайдалануға беруіміз керек. Биылдың өзінде алты білім ошағы іске қосылуы қажет. Күні кеше Меловое горка ауданындағы жаңа мектеп оқышыларға есігін айқара ашты. Бүгін, міне, сіздің ауылда да сондай істің куәсі болудамыз. Ауқымды істер бастамастан бұрын әрқашан ауылдың болашағына қараймыз. Сіздердің ауылдарыңызға көшіп келушілер саны жыл санап артып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа мектепке сұранысты арттырды. Енді ұстаздар қауымы біздің балаларымызға жақсы білім берулеріне тілекшімін, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Жамбыл ауылында бұрын тоғыз жылдық ескі мектеп болған.
«Ауылда 600-ге тарта тұрғын бар. Жоғары сынып оқушыларын Асан және Мичурин ауылындағы мектептерге тасымалдап оқыттық. Бұл өз кезегінде қауіпті әрі тиімсіз жол еді», - дейді ауыл әкімі. Заманауи үлгідегі жаңа мектеп 308 орындық. Білім ошағында қазіргі сәтте 174 бала оқуда.
Мектептің 26 оқу кабинеті, 24 орындық оқу залы, 2 шеберханасы, асханасы бар. Ал балардың салауатты өмір салтын ұстанулары үшін арнайылап баскетбол, футбол залы және жүгіру алаңы салынған.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz