27.06.2024, 12:30
Оқылды: 62

Жаңа асфальт шұрық тесік – БҚО

Жайық өзенінің сол жақ жағалауындағы Барбастау–Ақжайық–Индер бағытындағы күрежолды күрделі жөндеу 2021 жылы басталды. Биыл құрылысы төрт жылға есептелген жолды қайта салу жалғасуда. Жақында Теректі ауданына іс-сапармен барғанымызда, салынған жолдың кей бөліктерінің быт-шыт болып бұзылып, ойраны шыққанын көрдік. Үлкен Еңбек ауылының бір топ тұрғыны да жол сапасына көңілдері толмайтынын айтты. Осы жобаның тапсырыс берушісі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер «Юнисерв» компаниясы басшылығына жолығып, жол сапасына қатысты мән-жайды анықтадық.

5D4DC093-2CBA-42DB-AF2E-9007ECAF691F

Аталмыш басқарма бөлімінің басшысы Бекжан Тоқжановтың айтуынша, 50 шақырым жолдың 43,3 шақырымының асфальтты бетон жабынының төменгі қабаты салынды. Биыл жолдың 6,65 шақырымының төменгі қабатын төсеу жоспарланып отыр. Бұл күндері мердігер соның 3,4 шақырымының төменгі қабат жабынын төседі. Енді маусым айында қалған 3,2 шақырымының төсемін салады. Жалпы күрежолдың 13,1 шақырымының беткі қабаты төселді. Биыл қалған жол бөлігінің (36,9 шақырым) беткі қабатының жабыны төселуі керек. Бүгінде мердігер осы шаруамен айналысуда.

– Тапсырыс берушісі ретінде басқарма мамандары апта сайын құрылыс нысанына барып, құрылыс барысын, жол сапасын назарда ұстап, тұрақты қадағалауда. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалымен басқарма арасындағы келісімшарт бойынша мекеменің өкілдері де құрылыс жұмыстарының, материалдарының сапасын ұдайы тексереді. Жолдың кей тұсының бүлінгенін білеміз. Су тасқыны салдарынан көктемде жолдың төсемінің астындағы топырақ дымқылданып тұрды. Мердігер сәуір айында осы жолмен ауыр жүк көліктерімен құрылыс материалдарын тасымалдады. Соның салдарынан жолдың алдыңғы жылдары салынған кей бөлігінің астыңғы қабаты бұзылып, опырылып қалды. Ол жерлердің әлі үстіңгі қабат төсемі төселмеген. Тапсырыс беруші тарапынан мердігерге ескертілді, бүлінген жол бөліктерін тазартып, қайтадан қалпына келтіруге тапсырма берілді. Содан кейін жолдың беткі ірі түйіршікті асфальтты бетон қабаты төселеді, - деді Бекжан Тоқжанов.  

«Юнисерв» ЖШС-ның бас директоры Дінмұхамед Сәтбаев жол құрылысының биылғы қараша айының аяғында аяқталатынын әңгімеледі.

1B6D4054-ABF5-49EE-A8D6-A4F97EA668F3

– Ақжайық ауылынан Үлкен Еңбекке дейінгі жолдың  бір қабаты ғана төселді. Құрылысы толықтай бітпеген жол болса да, көлік қатынасына рұқсат беріледі. Халық қиналмасын деп жолды ашып қоямыз. Биыл өңірде су тасқыны болғаны мәлім. Наурыз айының соңы мен сәуір айының басында жөнделген жол жиегін су басып, содан жол бөліктері бұзылды. Бір айдың ішінде жолдың бұзылған бөліктерін қалпына келтіреміз. Үстіңгі қабаты салынған жол бөліктерінің беті мүлдем бұзылмады. Өйткені жолдың жүк көтеру қабілеті талапқа сай. Шағатай ауылы жағындағы үш жыл бұрын салынған жолдың мұрты да бұзылған жоқ. Бүлінген жол бөліктері жолаушыларға, көлік жүргізушілерге жайсыздықтар тудырып жатса, кешірім сұраймыз, - деді Дінмұхамед Қайратұлы.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, аталмыш жоба құны – 8,3 млрд теңге. Мердігерге биылғы жұмыс ауқымына 3,2 млрд теңге қарастырылған, соның 30 пайызы алдын ала төленген. Қалғаны жұмыс аяқталған соң, төленеді. Мердігер компания Теректі ауданы бойынша жол құрылысына 40 адамды тартқан.

Жайықтың бұқар бетіндегі сегіз елді мекен тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылса, көлік апаты жиі орын алатын Орал–Атырау күрежолындағы көлік жүктемесі азаяры хақ. Сондай-ақ жолаушылар қауіпсіздігін арттырып, қарым-қатынастың жақсара түсуіне оң ықпал етеді.

Гүлбаршын Әжігереева

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале