9.02.2026, 16:15
Оқылды: 16

Жаңа Ата заңды түсіндірді

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында мәдениет саласының қызметкерлері арасында конституциялық реформаны түсіндіру бойынша кездесу өтті.

_gluster_2026_2_9_e7316d4da5110aa9a44d302cc1ec9292_1280x720
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов жүргізген іс-шарада жаңа Конституция жобасының мән-мазмұны түсіндірілді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген жаңа Ата заң әділетті де жаңа Қазақстанды құруда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді. Осы ретте құжаттағы өзгерістерге де тоқталды. Кезінде Сырым Датұлы халық кеңесін жинап, елдегі келелі мәселені сол жиында шешкенін атап өтті. Сондықтан қазіргі Халық кеңесі билік пен халық арасында алтын көпір болып, көптеген түйткілдің шешілуіне ұйытқы болатынына сенім білдірді. «Конституция жобасының 9-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп өте дұрыс жазылған. Осы баптың 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп амалсыз жазылған секілді. Мен осы ретте «тең» деген сөзді алып тастап, «қажет болған жағдайда орыс тілін қолдануға болады» деп өзгертуді ұсынамын. Ал 3-тармақтағы «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін дамытуға жағдай жасайды» деген сөйлемді «мемлекет қазақ тілін дамытуға күш салу керек» деп өзгертуді ұсынамын», - деді Мақсот Берген.

_gluster_2026_2_9_52ed0bfecd07bd43b29d55e28c37866c_1280x720
Облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева жаңа Ата заң жобасындағы өзгерістерге тоқталды. Жас ұрпаққа қазақы тәрбие беріп, мемлекетшіл азамат өсірудің маңызы, зайырлы қоғамның құндылығы туралы ойын ортаға салды. Сондай-ақ ол конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның әлі де жұмыс істейтінін, тұрғындарға бас құжаттағы өзгерістерге қатысты ұсыныстарын E-otinish порталы арқылы жолдауға болатынын атап өтті.
Кездесудеге қатысқан облыстық көркемсурет көрме залының меңгерушісі Қуандық Мәдір, облыстық мемлекеттік архив директоры Бек Жәңгіров және басқалар жаңа Конституция жобасына қатысты ой-пікірлерін айтып, қолдайтындарын жеткізді.

Айна Имашева 

Ақпарат Батыс Қазақстан облысының әкімдігі 

сайтынан алынды 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале