Өткен аптаның бейсенбісінде Орал қаласындағы 5-шағынаудан, 5-үй мекенжайындағы аула маңында жаңа экологиялық пункт ашылып, жұмысын бастады.
Экопункттің ашылуында Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов сөз сөйлеп, жобаны жүзеге асырған жандарға алғсын айтты. Бұл жиынға «Орал таза сервис» ЖШС директоры Рафхат Данағұлов және қала тұрғындары мен мектепоқушылары, балабақша тәрбиеленушілері қатысты. Сондай-ақ осы экопункттің ашылуына септігін тигізген демеушілер, «Орал таза сервис» ЖШС- ның әлеуметтік серіктестері салтанатты іс-шарада болды.

Айта кетелік, бүгінде қаламызда үш экопункт бар. Мұндағы басты мақсат – өңір экомәдениетін дамыту және шаһар тазалығын сақтау, өскелең ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту. Үш экопункт жанында да мектеп, тұрғын үйлер секілді адам көп жүретін нысандар шоғырланған. Рафхат Данағұлов қаражат мәселесі шешімін тапса, осы жылдың соңына дейін бес экопункт ашу жоспарда бар екенін айтты.
– Экопункттер мектеп пен балабақша аумағынан алыс емес. Оқушылар күн сайын жазып, шимайлаған дәптерлерін әкеліп тапсырады. Қайта өндеуге жарамды тұрмыстық қалдықтарды тапсыру арқылы тұрғындардың ақша алуға мүмкіндігі бар. Пайданылған картон мен парақтардан әжетхана қағазы жасалынса, қайта өңделген күнбағыс майы – кір сабын жасауға таптырмас өнім. Экопункттер аптаның дүйсенбі мен сейсенбі күндері демалады. Қалған күндері сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Пластик, қағаз, қалбыр, пайдаланылған күнбағыс майы және басқа да өңдеуге болатын материалдарды тапсырып, қоршаған ортаның тазалығына және экомәдениеттің дамуына үлесқосуға барша азаматты шақырамын, – деді Рафхат Данағұлов.

Іс-шара соңында қала тазалығына үлесін қосып жүрген белсенді азаматтарға алғысхаттар берілді.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»