Қазақстан Ішкі істер министрлігі ел аумағында «Дәрмек» атты арнайы тексеріс жүргізіп, есірткі мен күшті әсер ететін дәрі-дәрмектердің заңсыз айналымына тосқауыл қойды.

Фото: gov.kz
Бес күнге созылған шара аясында полиция мыңнан астам дәріхана, аурухана мен зауыттарды тексерді. Нәтижесінде 31 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 21 іс күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатқандарға, ал 10 іс дәрілерді рецептсіз босатқан дәріхана қызметкерлеріне қатысты қозғалып отыр. Тексеріс кезінде өнеркәсіп саласында 4,6 мың тонна химиялық заттың, ал медицинада 22 мыңнан астам есірткі құрамдас дәрінің заңсыз айналымы шектелді.
Тексеру барысында бірнеше аймақта ірі заңбұзушылықтар әшкереленді. Мысалы, Астанада есірткі тектес дәрілерді заңсыз айналымға шығарған екі фитнес-жаттықтырушы қолға түссе, Алматыда күшті дәрілерді рецептсіз сатып келген фармацевттер ұсталып, олардан 3,3 мыңнан астам препарат тәркіленді. Ал Өскеменде «Wildberries» маркетплейсі арқылы елге құрамында тыйым салынған сибутрамин заты бар, арықтауға арналған биологиялық қоспаларды жеткізіп келген үлкен арнаның жолы кесілді.
ІІМ азаматтарды күмәнді препараттардан сақ болуға шақырып, биылдан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.