10.02.2026, 15:30
Оқылды: 22

Жаңа Конституция жобасы – қоғамдық талқылауда

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы №47 орта мектепте білім беру саласы қызметкерлерінің қатысуымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған маңызды жиын өтті. Ел болашағына тікелей әсер ететін бұл басқосу қоғам өкілдерінің  конституциялық реформаларға деген белсенділігін  арттыруға бағытталған.

DSC02199

Аталған іс-шараға «Мемлекеттік, банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Серік Сүлеймен және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева қатысып, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен басты өзгерістеріне жан-жақты тоқталды.

Спикерлердің айтуынша, Конституцияның жаңа жобасы еліміздің саяси жүйесін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға негізделген. Онда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқарудың жаңа әрі тиімді принциптерін енгізу, сондай-ақ қоғамдық даму мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері айқын көрініс тапқан. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.

Жиын барысында тіл саясаты, мемлекеттік рәміздерге құрмет, Конституция жобасының жаңа редакциясындағы айрықша жаңалықтар кеңінен талқыланды. Спикерлер адам құқықтарының Конституцияда басым бағыт ретінде белгіленуі – құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы маңызды қадам екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар Конституция мазмұнын қазіргі заман талабына сай қайта қарау – уақыт сұранысы  екені  де айтылды.

Жаңа редакцияда Конституцияның құрылымына өзгерістер енгізіліп, преамбуламен қатар 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылып отыр.

Бұл өзгерістер заңнамалық жүйенің нақтылығы мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік  береді.

DSC02212

Оқу-өндіріс комбинатының директоры Мұхтар Есболатов заң жобасын талқылау мен оған ұсыныс білдіру – тарихи әрі аса маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өте қажет бастама. Еліміздің әрбір азаматы осы іске белсенді қатысып, өз ұсынысын айтуы тиіс деп есептейді.

Кездесу соңында спикерлер Қазақстанның әрбір азаматын конституциялық өзгерістерге бей-жай қарамай, қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға  шақырды.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале