Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ата-аналар оқушы ұл-қыздарын мектепке дайындап бастады. Биыл «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан облыстағы оқушыларға (кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім және т.б. сатып алуға) 450,1 млн теңге қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда 3 491 баланың ата-анасы құжаттарын тапсырып, әр бала үшін 43 407 теңге алған. Олардың есепшоттарына 151,4 миллион теңге қаражат аударылған. Мемлекет тарапынан берілетін мұндай қолдау-көмекті кімдер ала алады? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин айтты.
Басқарма басшысының мәліметінше, «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан бөлінетін қаржы атаана қамқорлығынан айырылған жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талапететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады.
Облыста жалпы 565 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 387-сі – мемлекеттік, 168-і – жеке меншік. Оларға 29 019 бүлдіршін барып жүр.
Балабақшаға 1 жастан 6 жасқа дейінгі сәбилердің 89,2%-ы, 2-6 жас аралығындағылардың 94%-ы, 3-6 жас аралығындағы балалардың 100%-ы қамтылған.
Өңірдегі мектептерде 15 158 педагог қызмет атқарады.
Оның 12 826-сы жоғары білімді, 1 682-сі орта-кәсіптік, 648-і магистр. Жаңа сипат (формат) бойынша 10 566 педагог санат алған (4 218 – педагог-модератор, 4 027 – педагог-сарапшы, 2 224 – педагог-зерттеуші, 99 – педагог-шебер).
Қанша мектеп апатты жағдайда?
Елдос Набиоллаұлының айтуынша, облыста үш ауысымды 10 және апатты жағдайдағы 16 мектеп бар. Былтыр құрылысы басталған екі мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға тапсырылуы жоспарлануда (Бөрлі, Казталов).
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдарда 18 мектептің (16 200 орынға) құрылысы жоспарланды. 9 білім ұясының (Оның 8 100 орынға) құрылысы әлі де жүргізілуде. Теректі ауданының Подстепный ауылындағы 1200 орындық мектепті және Орал қаласындағы №60 білім ұясын (1500 орындық мектептерін) пайдалануға беру жоспарлануда.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңақала ауданындағы Карманов мектеп-бақша кешеніне күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстарын «Жайық Сити» ЖШС өткізуде. Бүгінгі таңда шатырды жабу, сыртқы келбетін жаңарту, терезелерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақжайық ауданындағы Базартөбе және Бәйтерек ауданындағы Раздольный мектептері бойынша мердігерлер анықталды.
Одан басқа, «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында төрт білім беру нысанының күрделі жөндеуіне қаражат бөлінді. (Дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп лицей-интернаты, Орал қаласының Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыкалық мектебі, №17 жалпы орта білім беру мектебі, №9 жалпы орта білім беру мектебі). Бұл білім ошақтарының сырты және шатырлары ауыстырылады, терезелері жаңартылады және іші жөнделеді. Бүгінгі таңда жөндеу жүргізетін мердігерлер анықталды, жұмыстар басталған. Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталмақ.
Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты ғимаратының ағымдағы жөндеуіне қаражат бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Білім ұяларында бейнекамералар көбейеді
Білім беру мекемелерінің қауіпсіздік құралдарына, яғни бейнекамералар сатып алу үшін облыстық бюджеттен 404,2 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда конкурстық іс-шаралар жүргізілуде. Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1928,1 млн теңге, оның ішінде тасымалдауға 33,5 млн теңге бөлініп, келісімшарттар жасалған.
Облыстағы мемлекеттік жалпы білім беретін 365 мектептің барлығы (100,0%) (талшықтық-оптикалық байланыс желісі арқылы 177 мектеп (48%), Старлинк технологиясы арқылы – 137 мектеп (37%), радиомост арқылы 39 мектеп (11 %), LTE - 6 мектеп (2%), спутниктік байланыс арқылы 6 мектеп (2%) кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген.
«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыстағы төрт мектептің материалдық-техникалық әлеуеті жаңартылатын болады. Сондай-ақ білім ошақтарындағы 160 кабинетке жабдықтар сатыпалу үшін облыстық бюджет қаражаты есебінен 2174,0 миллион теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда 9 ауданда келісімшарттар жасалды, оның ішінде Тасқала ауданына 16 кабинетке, Шыңғырлау ауданындағы білім ошағының 12 кабинетіне жабдықтар жеткізілді. Үш ауданда конкурстық іс-шаралар өтуде.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz