Бәйтерек ауданының ғана емес, барша облыс намысын елішілік шаңғы жарыстарында абыроймен қорғап жүрген Еділбек Елубаев пен Дамир Қабикесов десек артық айтпаймыз.
Биыл өткен ел чемпионаттары мен кубоктік бәсекелерде қос спортшы намысты қолдан бермеді. Бірі жасөспірімдер енді бірі жастар арасындағы жарыстарда жүрген шаңғышылар осы қалпынан таймаса, көп ұзамай үлкен жетістікке жетері сөзсіз. Бірақ оларға тиісті деңгейде қолдау керек.
Жуырда облыстық шаңғы жарысы федерациясының президенті Ерікқали Бисақаевтың мұрындық болуымен «Батыр боламын»" қоғамдық қоры арқылы қос спортшы жаңа шаңғыға ие болды. Шаңғы күні кеше спортшыларға табысталды. Енді Еділбек пен Дамир спорттық көрсеткіштері жақсара түседі деп сенеміз.
Спортшы бар екен деп ешкім оларға тектен-тек шаңғы сыйлай салмайтыны айтпаса да түсінікті. Қос шаңғышының бапкері Серік Хайруллиннің айтуынша, аталмыш спорт түрі жыл санап дамып жатыр екен.
- Биылғы маусымда пайдаланылған шаңғылар келесі жылы ескі болып саналады. Спортшы жақсы нәтиже көрсету үшін оның құрал-сайманы да жаңа болуы керек. Жаңа шаңғымен жаңа белестерді бағындыра береміз, - дейді бапкер Серік Хайруллин.
Облыстық шаңғы жарысы федерециясы, спортшылар мен бапкер қажетті сайманды алуға қаржылай қолдау жасаған «UralOilGas» компаниясының басшылығына және Еуропадан жаңа шаңғыны елге жеткізуді ұйымдастырған «»Батыр Боламын» қоғамдық қорына алғыс білдіреді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz