15.12.2020, 12:07
Оқылды: 64

Жаңа технологияны жатсынбайық

Қазіргідей  білім-ғылым дамыған кезеңде жаңа технологияларды қолдана білудің маңызы зор. Бұл жайт, әрине, білім саласына да қатысты.

76B3AA37-CFA7-4E17-9E77-F6D1F13B891B

Дамыған елдер көшінен қалып қоймау үшін әлемдік білім кеңістігіне ене білу керек. Ол үшін бәсекеге қабілетті болғанымыз жөн. Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген нақылының өзектілігі күннен-күнге өсіп отыр.  Білім беру саласында кең ауқымда ойлай білетін, шығармашыл, жаңалыққа құмар және оны өмірге енгізе білетін жандардың аты озатыны анық. Жаңа технологияны оқу-тәрбие жұмысында қолдана білсек, ол өз жемісін берері хақ. Сондықтан оқу-танымдық, оқу-тәрбиелік, оқу-әдістемелік, педагогикалық-психологиялық, ақпараттық-коммуникациялық сипаттағы жаңа технологияға бетбұрыс жасасақ, ұтылмасымыз анық.

Қазіргі таңда  білім беру мекемесінің басшысы, әрбір педагог қайда жұмыс істейтініне, қандай пәннен сабақ беретініне қарамастан, интерактивті технологияларды пайдалана білсе, нұр үстіне нұр болмақ. Шын мәнісінде интерактивті технологиялар педагогтердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, кәсібіи міндеттерін шешуге септеседі. Атап айтқанда, ұлттық білім беру деректер қоры, электрондық еңбек биржасы, аутоматтандырылған кезекпен балаларды қабылдауға арналған indigo24 сайтын күнделікті өмірде пайдалана білсек, бұдан еңбек тиімділігі артады, уақыт үнемделеді.

Ұлттық білім беру деректер қорында мектепке дейінгі ұйым туралы тіркеу мәліметтері, материалдық-техникалық қоры, білім беру үрдісі, білім беру нысаны, негізгі және қосымша ақпарат, қызметкерлер мен контингент (балалар) туралы мәліметтер жинақталған. Демек, жұмысымызда қағазбастылық,  артық есеп азайды деуге болады. Электрондық биржа сайты арқылы бос жұмыс орындары туралы мәлімет беріліп, қабылданған қызметкерлермен еңбек шарты жасақталып, барлық қызметкерлердің лауазымдық міндеттері, жұмыс тәртібі көрсетіледі. Бұның өзі жұмыс уақытын үнемдеу үшін тиімді деп ойлаймын. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы біздің жұмысымызды қашықтықтан бақылап, сараптама жүргізіп отырады.

Ата-аналарға indigo24 сайтында Орал қаласы білім беру бөлімінің мемлекеттік және жеке бөбекжайлар туралы толық ақпарат берілген. Балдырғандарды қабылдау аутоматтандырылған кезекпен жүргізіледі. Бұрынғыдай қағаз ұстап, сабылып  жүгірмейсіз. Әр ата-ана бөбекжайды таңдап, электрондық жолдама алады. Қабылданған және шығарылған балалар туралы мәлімет электронды журналға аутоматты түрде енгізіледі. Әр жұмыс күні бөбекжай медбикесі электронды табель толтырып, әр айдың соңында деректер қалалық білім беру бөліміне жолданады. Демек, қалалық білім беру бөлімі барлық бөбекжайдың жұмысы туралы ақпараттармен онлайн режімінде күн сайын толық танысып отырады. Қорыта айтар болсақ, бүгінде әлемдік озық технологиялар мен жаңашыл ізденістер отандық білім жүйесінде кең қолданысқа ие болып отыр. Педагогтердің қазіргі заманғы компьютерлік технологияларды меңгеруі өмірге жаңаша қарауына септесіп, ой-өрісін жетілдіреді, шығармашылық белсенділігін  арттырады.

Әдемі Тапауова,

№18 «Балдырған» бөбекжайының директоры,

Орал  қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале