БҚО Іскер әйелдер қауымдастығының және «AMANAT»партиясы Әйелдер қанатының мүшесі, Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Жанна Тәжғұлқызы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында дәстүрлі қайырымдылық бастамасын жалғастырды.

Биыл оның қолдауымен 300-ге жуық балаға тәттілерге толы жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Мерекелік көңіл күйді арттыру үшін сыйлықтарды Аяз ата мен Ақшақар кейпіндегі кейіпкерлер арнайы барып үлестірді.

Қуанышқа кенелгендердің қатарында депутаттық округке қарасты мекенжайларда тұратын көпбалалы отбасылардың балалары, жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатқан балалар, қалалық дәрігерлік-психологиялық-педагогикалық консультация мекемесінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ Бөрлі ауданының Бөрлі және Приурал ауылдарындағы балалар мен арнаулы мекемелердің тұрғындары бар.

Жанна Тәжғұлқызы қайырымдылықты өзінің өмірлік ұстанымы ретінде атап өтті. «Қайырымдылық жасау – мен үшін өмірлік миссия. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қоғамдық қызметтегі азаматтық ұстанымым әрдайым көмекке мұқтаж жандарды назардан тыс қалдырмауға жетелейді.

Сондықтан Жаңа жыл қарсаңында жыл сайын дәстүрлі түрде қайырымдылық іс-шараларға белсене қатысып келеміз» – дейді белсенді кәсіпкер.
Ақмоншақ Мақсотқызы,
«Приоритет» компаниясының баспасөз хатшысы