Бүгін БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің қатысуымен баспасөз брифингі өтті.
Жаңақала ауданында 48 мың гектар көлтабан бар. Алайда XX ғасырдың 70-80 жылдары салынған суландыру жүйелері тозған. Жыл сайын су көлемінің жеткіліксіз болуына байланысты шаруа қожалықтары 28 мың гектар көлтабанды пайдалануда екен.
-Аудандағы мал қыстағына қажеттілік 130-135 мың тонна болса, аталған көлтабандардан алынатын мал азығы осы қажеттіліктің 25-30% құрайды.
Суландыру жүйелерін жөндеу мақсатында 2018 жылы облыстық бюджет есебінен 63,2 млн. теңгеге Төртқұлақ, Қарасу лимандарын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Биыл қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен №42 лиманды күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, облыстық табиғат қорғау басқармасына ұсынылды. Жоба құны – 17,4 млн. теңге. Жоба мақұлданса, көлтабан жөндеуден өтеді.
Облыстық құрылыс басқармасы Қызылжар бөгетін реконструкциялауға жобалау-сметалық құжат жасап, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жобаның құны – 360 млн. теңге болмақ.
2020-2022 жылдары Көшім өзені мен Қарақұдық каналына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу, «Қазсушар» РМК теңгеріміндегі Сәңкібай магистралды каналы бойындағы су реттегіш қақпаларды жөндеу қажет. Сәңкібай магистралды каналының жалпы ұзындығы – 32,9 шақырым. Негізгі су реттегіш қақпалар саны бесеу, -деді Наурызбай Қадырбайұлы.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер