Жуырда Жаңақала ауданына жол түсті. Жаңақала мешітінің имамы Жомарт Ұлықпановпен кездесіп, аудан орталығында жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық шаралары туралы сөйлестік. Оның айтуынша, мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, азық-түлік, киім-кешек берілуде.
– Мешітте көптеген шара ұйымдастырылады. Ұлттық ойындарға қызығушылық танытатындар көп. Білім сайыстары өтіп тұрады. Қазақстан тарихы, сондай-ақ діннің дамуына үлес қосқан белгілі тұлғалар туралы айтып отырамыз. Ұлттық құндылықтарды, ұлттық киімдерді насихаттаймыз. Осы биылғы оразада мешіт асханасында ауызашар бір ай бойы күн сайын берілді. Әр жұма сайын ауыз ашқан жамағатқа наурыз көже ұсынылды. Ауызашар берілмеген күн болған жоқ. Рамазан айының басталуына он шақты күн қалғанда тұрғындардың ауызашар беруге бір айға толық жазылғанын байқадық, – дейді Жомарт Санатұлы.
Жаңақала ауданында екі мешіт бар. Біріншісі – аудан орталығында, екіншісі – Пятимар ауылында. Пятимар ауылындағы мешіт қазіргі таңда жұмыс істемейді. Себебі, ол жерде тұрақты имам жоқ.
– Бүгіндері Айдархан ауылында намазхана салынуда. Жақында Жаңақала мешітіндегі дәретхана құрылысы аяқталды. Мешіттің ішіне күрделі жөндеу жүргізілді. Құран оқитын бөлмені ұлттық нақышта безендірдік. Жөндеу жұмыстары әлі де жалғасады. Мешіттің төбесінен су кетіп тұр. Жаз мезгілінде соны жөндемекпіз. Мешіт асханасы демеушілердің көмегімен, тұрғындардың қаржылай қолдауымен салынды. Аудандық жастар ресурстық орталығымен тығыз қарым-қатынастамыз. Аталған орталықтың басшысы Дәурен Мерешов қайырымдылық шараларын жүзеге асыруға үнемі үлес қосады. Жастар бізге жыл сайын аулаларда ойнап жүрген балаларға Рамазан тәттілерін таратуға жәрдемдеседі. Аманжол Ибрашев, Азат Рашидов секілді кәсіпкерлер үнемі қолдау көрсетіп отырады. Аудандағы басқа да кәсіп иелері көмектесуге ниетті екенін жеткізгенде қуанып қаламыз. Аудан орталығында орналасқан «Жәрдем дент» тіс емханасының стомотологі Әділжан Сисенбаев мешіт дәретханасының құрылысына атсалысты, – дейді Жомарт Лұқпанов.
Имамның айтуынша, мешіт – шариғатты да, дәстүрді де насихаттайтын орын. Мешітте қазақтан шыққан ислам ғұламаларының өмірі туралы көп айтылады. Сараманнан өтуге келген Орал медресеколледжінің студенттері діни сабақтар өткізеді.
– Жаңақала мешіті 2009 жылы ашылған. Бұл мешіт сыйымдылығы жағынан облыс аудандарындағы орналасқан мешіттермен салыстырғанда үлкен болып есептеледі. Жамағаты да көп. Жат ағымдардың алдын алу бағытында біраз жұмыс істелуде. Дәстүрлі бағытты ұстанатындар күннен күнге көбейіп келеді. Бүгінге дейін ауданымызға
Оралхан Сейдманов, Қабылбек Жұмабеков, Ризабек Батталұлы, Серік Тәжібаев, Нұрәлі Бақытұлы секілді елімізге белгілі уағызшы-ұстаздар Жаңақала жеріне табан тіреп, тұрғындармен жүздесті. Биыл Рамазан айында тауарихты жүргізуге Түркияның Хатай қаласынан Хикмет есімді қари келді, – дейді Жомарт Санатұлы.
Ретті жерінде айта кетейік, Жомарт Ұлықпанов 1988 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебін бітірген. Ақтөбе облыстық медресеколледжін тәмамдап, имамхатиб мамандығын алып шыққан. 2011 жылдан бастап дін саласында қызмет етіп келеді. Ақсай қаласындағы мешітте, Тулбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы Орал қалалық мешітінде ұстаз болған. Жаңақала мешітінде имам ретінде жұмыс істеп келе жатқанына биыл бесінші жыл. Жуырда Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Әлібаев Жомарт имамға мешіттің сәулетті болуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, сертификат табыстады.
– Мешітке барғанда дәретхана құрылысының аяқталмай тұрғанын көрдім. Көмектескім келді. Бірден іске кірістік. Таныстарға, достарға хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Жұмыс біртіндеп жүргізіле бастады. Бәрі ниетке байланысты екен. Басында бұл істі қалай атқаратынымызды білмей дағдарып едік, кейін мәселелер өздігінен шешіле бастады. Тегін қызмет көрсеткендер де болды. Ақшалай қолдайтындар да табылды. Барлығы бірінен соң бірі жүзеге асып жатты. Бір қызығы, осы шаруаны тындыруға кіріскеннен кейін емхана жұмысы да алға жылжи түсті. Байқағаным, ауылымызда қайырымдылық жасауға, көпшілікке пайдасы тиетін іс тындыруға талпынатын жастар өте көп. Бұл жұмысты жалғыз өзім атқарған жоқпын. Мен тек себепші болдым, – дейді белсенді жас Әділжан Нұржанұлы.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»