18.07.2024, 15:00
Оқылды: 218

Жаңақалада қандай ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр?

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев аталған ауданда мемлекеттік бағдарламалар арқылы биыл іске асырылып жатқан жобалар жайында баяндады.

51FBAB80-709A-4751-B872-B46235D865B5

Оның айтуынша, бүгінде Қамыс-Самар елінде 518 шаруа қожалығы, 42 ЖШС, 8 АШӨК жұмыс істеуде. Жалпы аудан бойынша мал басы тұрақты өсіп келеді екен. Жартыжылдықтың көрсеткішіне сәйкес 82 700 ірі қара, 132 842 қой-ешкі, 34 400 жылқы және 632 түйе өсірілуде.

– Ауданда 93 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда. 2024 жылдың 6 айы ішінде шаруа қожалықтарына 511,3 млн теңге субсидия төленді. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 57 млн теңге аударылды. Оған 22 трактор, 31 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұған қоса «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы 140,4 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ет, сүт, астық өнімдерін өңдеуге және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға баса назар аударды. Шағын шаруашылықтарды қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы 87 өтінім қаралды. Соның 46-сы мақұлданып, 290,8 млн теңге қаражат бөлінді, – деді Алпамыс Жаңабайұлы.

Брифинг барысында аудан әкімі шағын және орта бизнестің тұрақты дамып келе жатқанын айтты. Қазіргі таңда Жаңақала ауданында 1736 шағын және орта кәсіпкерлік субъект жұмыс істейді. Биыл осы салада 8 жоба жүзеге асырылып, 2 азық-түлік дүкені, 2 супермаркет, 1 минимаркет, 1 кафе, 1 аутокешен және 1 техникалық қызмет көрсету станциясы пайдалануға берілген. Аталған жобаларға 390 млн теңге жұмсалған. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде де игі шаруалар  қолға  алынуда.

– Қырқопа  ауылында 150 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. «Ануш-Құрылыс» ЖШС Жаңақала ауылындағы Құрманғазы, 1-мамыр, Астана, А. Жантурин, Х. Доспанова, И. Меңдіханов, Бабажанов көшелеріне қатқыл табанды жол салу жұмыстарын жүргізеді. Осы ЖШС 1,9 шақырымды құрайтын Мәстек-
сай ауылішілік аутокөлік жолдарына да қатқыл табанды жол төсейді. Қырқопа ауылындағы Карманов жалпы орта білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында да көптеген жұмыс атқарылуда, – деді Алпамыс Көшкінбаев.

Спикер аудан орталығында істеліп жатқан абаттандыру жұмыстарына да тоқталды. Қазіргі таңда екі көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылған. Биыл аудан бюджетінен 41 млн теңге бөлініп, аудан орталығында балалар ойын алаңы, стрит воркаут және Сарыкөл ауылында шағын футбол алаңы салынып, пайдалануға берілген. «2021-2025 жылдарға арналған БҚО елді мекендерін абаттандыру және жасыл аймақтарды құрудың облыстық жоспары» аясында 2024 жылы 530 түп терек  отырғызылған.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале