9.07.2018, 12:10
Оқылды: 55

Жаңақалалық тұлпар Астананың дүбірлі тойында топ жарды

baiga28 маусым мен 6 шілде аралығында Елордада ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. «Астананың 20 жылдығына – 20 ұлттық-спорттық іс шара» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға қатысушылар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті.


Ұлттық спорт мерекесінде екі қашықтық бойынша ұйымдастырылған аламан бәйге (25 шақырым) және топ бәйге (16 шақырым) түрлерінен «Астана кубогін» сарапқа салуға республикамыздың барлық облыстары, Астана және Алматы қалалары 2 жүйріктен қосты.

Аталған жарысқа Батыс Қазақстан облысынан қос бірдей ағылшын тұқымды тұлпарын баптап қосқан жаңақалалық Серік Бекқайыровтың үкілеген үміті ақталды.

БҚО ұлттық спорт мектебінің директоры Дастан Мырзағалиевтің айтуынша, жиырма бес шақырымдық аламан бәйгеде төрт жастағы бие Қаракөзді тізгіндеген 13 жасар Бағдат шабандоз мәре сызығын бірінші болып кесіп, бас жүлдеге тігілген 20 мың АҚШ долларын (6 600 000 теңге) қанжығаға байлаған. Ал он алты шақырымдық жарыс жолына түскен үш жасар байталы Роза бесінші болып келіп, иесіне 400 мың теңге көлеміндегі жүлдені әперді.

Айта кетейік, Серік Бекқайыровтың баптаған жүйріктері бұған дейін де атбегіні жерге қаратқан кезі жоқ. Облыстық, республикалық, халықаралық әртүрлі деңгейдегі бәйгелерде топ жарып, әрдайым жүлделі оралып жүр. Тағы бір айта кететін жайт - Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясындағы «Ұлы Дала рухы» жобасы аясында теңге ілуден ІІ және аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаты өтті. Оған онға жуық елден 50-ден аса, ал жалпы құрамаларды қосқанда 100-ге тарта спортшы қатысты. Бұл бәсекелерде де бастысқазақстандықтардың бәсі жоғары болды.

tenge aluБес салмақ және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша (60, 70, 80, 90, 90+) апайтөс жігіттердің білек күшін сынға салған аударыспақ жарыстарына қатысқан Жәнібек аудандық спорт мектебінің бапкері Бейбіт Аронов 60 келі салмақ дәрежесінде финалға өтіп, шешуші бәсекеде ақтөбелік қарсыласына есе жіберіп алды. Сөйтіп, жарыста екінші орынға табан тіреген Бейбіт спорт шебері атағын алып қайтты. Бейбіттің республикалық деңгейдегі ел чемпионатына тұңғыш рет қатысып тұрғандығын айтып өткен абзал.

Теңге ілу жарысында Оралдан барған облыстық ұлттық спорт мектебінің спортшысы Мағжан Жеңісов он бес мықтының арасынан суырылып шығып, жартылай финалдық тартысты бәсекеде үшінші орынға ие болды. Республикалық талай жарыста алтын, күміс медальдарды иеленіп жүрген спорт шебері бұл жолғы бәсекенің өте қиын болғандығын айтады.
Еске сала кетсек, жарыстың ұйымдастырушыcы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы болып табылады.

Айгүл Ахметова
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале