6.11.2025, 12:00
Оқылды: 138

Жанартаудай жарқылдау жастарға  тән

10 қараша – Дүниежүзілік жастар күні

Бүгінгі Қазақстан – мүмкіндігі мол, серпінді дамуға ұмтылған мемлекет. Оның ең басты капиталы да, ең сенімді күші де жастар. Ел ертеңі саналатын жас буын бүгінде қоғамның әр саласында өз қолтаңбасын қалдырып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың әлеуетін арттыруды, олардың ел игілігіне еңбек етуіне жағдай жасауды үнемі баса айтады. Соның айғағы – жастар саясатын жаңғырту және биылғы жылдың Жұмысшы мамандықтар  жылы болып жариялануы. Бұл бастама еліміздің экономикалық дамуы мен еңбек мәдениетін нығайтуды көздей отырып, колледж студенттерінің мәртебесін көтеруге, олардың еңбегін қоғамға танытуға жол ашты.

WhatsApp Image 2025-11-04 at 12.29.29

Дәл осындай мүмкіндік пен сенімді сезінген жас буынның бірі – Нұрсәт Ғазиз. Ол  Казталов ауданындағы Талдыапан ауылында дүниеге  келген. Бүгінде Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінде ветеринария мамандығында білім алып жүр. Жас болса да, оның мақсат-мұраты айқын, өмірге деген көзқарасы байыпты.

Нұрсәттің ерте бастан қоғамдық өмірге араласуы оның жауапкершілігі мен жан дүниесінің байлығын танытады. Ол студенттік өмірінің алғашқы жылынан-ақ Қазақстан студенттер альянсына мүше болып, волонтерлік қызметті өз өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған.

– Алғашында достарыммен  бірге қайырымдылық шараларына қатысатынмын. Кейін бұл іс менің өмірлік миссияма айналды. Волонтер болу – тұлға ретінде қалыптасудың ең үлкен  мектебі. Әлеуметтік және экологиялық бағыттағы жобаларға қатысу арқылы өмірге, адамдарға, тіпті өзіме деген көзқарасым өзгерді. Бір сәтте жасаған игі ісің біреудің үмітін қайта оятатынын сезінген сөзбен жеткізгісіз, жан дүниеңді жылытып, өміріңе шынайы мән сыйлайтын ерекше сезім. Мұндай сәттерде әр адамның қолынан жақсылық жасау келетінін, ал кішкентай әрекеттің өзі үлкен өзгеріске себеп болатынын түсінесің. Волонтерлік өзіңді іздеу, қоғаммен бір толқында өмір сүрумен іспеттес. Осы жолда кездестірген жандар, бастан өткерген оқиғалар мен сезімдер мені шыңдап, жаңа мақсаттарға жетеледі, – дейді жас белсенді.

Қоғамдық істерге белсенділік танытып жүрген Нұрсәт биыл «Қазақстан колледждерінің ең үздік 100 студенті» жобасының жеңімпазы атанған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық байқаудың ішкі кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен 2600 студент қатысқан. Дәл осы додада Нұрсәт өз бастамасы – «ВетАгро» атты инновациялық жобасын ұсынып, үздік деп танылған.

– Бұл жаңалық мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік болды. Себебі аталмыш атақ маған еңбегімнің, белсенділігімнің және ұстаздарым мен группаластарымның  қолдауының арқасында келді. Сол сәтте, ең алдымен, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтағанымды ойлап, ерекше мақтаныш сезімін бастан өткердім. Маған бірінші кезекте мақсатқа берік болу, табандылық және уақытымды тиімді пайдалану көмектесті, – дейді ол.

Нұрсәттің «ВетАгро» жобасы – ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған заманауи қосымша. Қосымшада фермерлер мен ветеринар мамандарға онлайн кеңес алу, ауруларды анықтау және мал күтімін цифрлы жүйеде бақылау мүмкіндігі қарастырылған.

– «ВетАгроның» басты мақсаты – ауылдағы ветеринария саласын заманауи технологиялармен ұштастыру. Бұл бастама ауыл еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге және өнім сапасын арттыруға бағытталған. Осындай жүйелер арқылы агросаладағы мамандар өз ісін тиімді ұйымдастырып, жаңа тәжірибе игере алады. Мен үшін бұл жоба – ауылдағы өмір сапасын жақсартуға, еңбек мәдениетін жаңартуға жасалған нақты қадам, – дейді болашақ ветеринар.

Нұрсәттің айтуынша, елдің ауыл шаруашылығы саласында сандық жүйеге көшу кезеңі әлдеқашан басталған. Қазір деректер базасын құру, мобильді қосымшалар арқылы малдың жағдайын бақылау және онлайн кеңес алу мүмкіндігі – заман талабы.

– Мәселен, «ВетАгро» фермерлерге малдың денсаулығын бақылауға, аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға және емдеу жолдарын табуға көмектеседі. Мұндай тәсіл мал шығынын азайтып, шаруашылықтың табысын арттырады. Ал ветеринарлар үшін бұл тәжірибе алмасудың, кәсіби шеберлікті арттырудың заманауи тәсілі. Менің ойымша, технологияны ауыл өміріне енгізу –  ел дамуының басты шарты. Тиімділік пен сапа еңбек адамының өмірін жеңілдетіп қана қоймай, оның еңбегінің қадірін арттырады, – дейді ол.

WhatsApp Image 2025-11-04 at 12.29.29 (1)

Бұл жоба мен Нұрсәттің көзқарасы Мемлекет басшысының айтқан еңбек адамының мәртебесін көтеру, жастардың кәсіби әлеуетін күшейту жөніндегі бағытпен үндес. Нұрсәт Жұмекенұлы сынды жас мамандар жастарға деген сенімнің лайықты өкілі екенін іспен дәлелдеп жүр. Оның еңбегі мен табандылығы қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Студенттік парламенттегі белсенді қызметі мен волонтерлік ұйымдардағы қоғамдық істері үшін  Нұрсәт облыстық және республикалық деңгейде бірнеше марапатқа ие болған.

– Бұл марапаттар мені тоқмейілсуге емес, керісінше, үнемі ізденіп, жаңа белеске ұмтылуға жетелейді. Еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды. Болашақта ветеринария саласын цифрландыру бағытын тереңдете дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа технология енгізгім келеді. Мал шаруашылығын заманауи деңгейге көтеру арқылы ел экономикасына үлес қосуды мақсат етемін. Бұдан бөлек жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды да қолға алғым келеді. Біз – елдің тірегі болатын буынбыз. Сол сенімді ақтау – менің басты парызым, – дейді Нұрсәт.

Жастар күні – осындай еңбекқор, ойлы, жаңашыл ұрпақтың мерекесі. Нұрсәт сияқты жастың табандылығы мен ұмтылысы өзге буынға үлгі болары сөзсіз. Ең бастысы, олар ел болашағын еңбектен, ізденістен және нақты істерден көреді. Мереке құтты болсын, жас өрендер!

 

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале