14.07.2026, 16:45
Оқылды: 12

Жаңару мен қуаныш мерекесі

 

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында армян ұлтының «Вардавар» көне мерекесі тойланды.

вардавар6

Аталмыш іс-шараға  облыстық ҚХА этномәдени ұйымдарының өкілдері, төрағалары, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ облыс әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

Думанды тойда армянның халық әндері шырқалып, ұлттық нақыштағы көрме ұйымдастырылды. Меймандар армян халқының дәстүрлі тағамдарымен танысып, ұлттық тәттілерден дәм татты. Сонымен қатар Вардавар мерекесінің басты белгісі саналатын су шашу рәсіміне арналған арнайы алаң дайындалды.

вардавар4

«Вардавар» сөзінің мағынасы – «раушан гүлдерінің ашылуы, гүлденуі» дегенді білдіреді. Аңыз-әңгімелер бойынша, Астхик құдайы Арменияны раушан суымен суарып, махаббат сыйлаған. Осыдан бастап адамдар бір-біріне су шашу арқылы басты дәстүрді тойлаған. Бұл – тазалықтың, молшылықтың және жаңарудың нышаны. Осы күнгі судың емдік әрі сиқырлы қасиетке ие екеніне  сенген. Су шашу арқылы адамдар күйзелістен арылып, егін бітік болады деп ырымдаған.

вардавар5

Мерекенің ресми ашылуында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен «Масис» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі этносаралық келісім мен достықтың маңыздылығына тоқталды.

– «Адамдар ежелдесусіз қалып, тарыққанда Вардавардың оны халыққа қайта әкелгені туралы аңызды білетін шығарсыздар. Сондықтан армян халқының тарихында бір-біріне су шашу дәстүрі қалыптасқан осындай мереке бар. Су барлық өкпе-ренішті  жуып-шайып, бірлігімізді нығайтсын. Осындай жарқын мерекелерде жүздесіп, аман болайық! Айналамызда достық, татулық және бірлік салтанат құрып тұр. Бүгін бәріміз Вардаварды бірге атап өтіп жатырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.

вардавар3

Ал «Масис» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян:

– Бұл – армян халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі мерекесі. Әлемнің қай түкпірінде армяндар өмір сүрсе де, сол жерде бұл мереке аталып өтіледі. Елімізде жүргізіліп отырған саясаттың арқасында біз биыл да қала тұрғындары мен қонақтарына арнап осы тамаша мерекені ұйымдастырып отырмыз. Өз атымнан, Батыс Қазақстан облысында тұратын барлық армяндардың және БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының атынан баршаңызды Вардавар мерекесіне орай шын жүректен  құттықтаймын!  – деді ол.

Достық үйінің этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері де мерекеге қатысып, армян қауымын атаулы күнге орай құттықтады.

Сахнада «Алхазар» лезгинка мектебі мүшелері армян халқының ұлттық биін биледі. Кейін армян тіліндегі «Армения» әні орындалды. «Малиновые зори» ансамблі көрерменді мың бұрала билеп тәнті етсе, «Ялкын» татар вокалды ансамблі мүшелері «Күгәрчен» татар халық әнін шырқады. Сонымен қатар Даниелян Лилидің орындауындағы «Менің Қазақстаным» әні, «Созвучие» вокалды-хор ансамблі мен «Николушка» ложкарлар ансамблінің өнері көпшіліктің қошеметіне бөленді.

вардавар2

Мерекеге қатысқан қала тұрғыны Мэлине Амирханян Вардавардың ерекшелігіне тоқталып:

– Вардавар мерекесі жаздың ең ыстық күндерінің бірінде Пасхадан кейінгі қырқыншы күнге сәйкес келеді. Бұл – ең көңілді мерекелердің бірі. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл дәстүр бүгінде көп халықтың сүйікті мейрамына айналды. Бұл күні жұрт бір-біріне су шашады. Ешкімнің ренжуге қақысы жоқ. Өйткені бұл күні су – бақыт, тазалық және ізгі тілектердің нышаны саналады, – деді. Ал татар этномәдени бірлестігінің өкілі Лилия Кужаева Армениядағы мерекеден алған әсерін жасыра алмады:

– Мен Арменияда, Ереванда өткен мерекені көріп қайтқан едім. Ол жақта бұл мереке таңертең ертемен басталады. Қаланың әр бұрышында адамдар бір-біріне су шашып, мерекені атап өтеді. Дүкеннен шыққан адам болсын, көшеде кетіп бара жатқан кез келген тұрғын болсын, бәрі суға малшынады. Орталық алаңда арнайы үлкен құрылғы орнатылып, жиналған жұрттың бәріне су шашылады. Бұл – көпшілік болып тойланатын думанды мереке. Оған кішкентай балалардан бастап, ересектерге дейін, яғни барлық буын өкілдері қатысады, – деді ол.

вардавар

Мереке соңында балалар үшін арнайы дайындалған көбікті су шашылып, бүлдіршіндердің қуануына себеп болды. Сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған түрлі сайыс ұйымдастырды.

Ернар Жақыптегі,

«Орал өңірі»

Суреттер: Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале