2.02.2023, 11:15
Оқылды: 50

Жаңаша жаңғырған қойылым

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында драматург Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» қойылымы өтті.

2daa6766-ef17-4dbe-aee4-ffbfe2255f91

Қойылымды ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, белгілі режиссер Сердеш Қажымұратов сахналады. Ол бұл спектакльді сонау 1996 жылы Қарағанды облыстық театрында қызмет істегенде еліміз бойынша ең алғаш рет қойған екен. Бұдан соң Орал, Атырау театрының сахналарында да қойылған. Аталған қойылым оның режиссерлік жұмысының ірі туындысы десе де болады. Содан бері спектакль еліміздегі театрлардың сахнасынан түспей келеді. Қойылымды сахналаған әр режиссер өзіндік жаңа баяндаумен, өзіндік ерекшелікпен жеткізуге тырысты. Осылайша әрқайсысы әртүрлі ұғым, әртүрлі деңгейде сахналанған бұл қойылымдарға ортақ бір ғана белгі байқалады. Нақтырақ айтқанда, қойылымның қай-қайсысы да көрерменді толқытып, тебірентіп, жылатады. Араға ұзақ жыл салып, қайта сахналанған қойылымда да осылай болды. Спектакльді көріп отырғанда немесе оның соңында көзі құрғақ көрерменді байқай алмадық. Қойылымда жастайынан арбаға таңылған мүгедек бала Мақсаттың аузымен айтылатын:

«Баяғыда бір алма ағашы болыпты. Ол әбден жемістері көбейіп, үлкен болып өскен тұста: «Енді қожайыныма бұдан да көп алма берсем» деп армандаған екен. Бірақ бұтақтары...» деп жалғасып кете баратын аңыз спектакльдің негізгі арқауы болған.

Қойылымды басым көпшілік бұдан бұрын тамашалағандықтан, оқиғасын тәптіштеп жазып жатпадық. Бағытына, ұзын-ырғасына қысқаша тоқталсақ, драма сюжетінде бір отбасының  өмірі айтылады. Ұшқан ұясынан бөлініп, өз алдына тұрмыс құрған ұл-қыздардың тыныс-тіршілігі, тағдыры әрқилы. Қалада тұратын кейіпкерлердің әрқайсысы өз отбасының қамын, әл-ауқатын күйттеп кеткен. Олар тірліктің түрлі қам-қаракетімен жүріп, ауылдағы жалғызбасты анасы мен мүгедек бауырын да ұмытқан. Ауылға көптен ат басын бұрмаған ұл-қыздары анасының 60 жасқа толған мерейтойына да өздерінің тірліктегі түйткілін айту, ойларында жүрген шаруасын пайдасына  асыру үшін келген тәрізді. Ауылдан қалаға дейінгі 4 сағаттық жолды қиынсынатын ағайындылар араға жылдар салып, ұшқан ұясына келгенде, мүгедек бауырының арнайы айтып, тапсырған затын да сатып әкелмеген. Бұдан  уақыт, заман тынысына орай олардың арасындағы туыстық, жақындық, бауырмалдық секілді сезімнің ада болғанын көреміз. Бір отбасынан өрбіген ұл-қыздары анасының туған күніне арналып жайылған ақ дастарқан басында алғашқыда туыстардай жайма-шуақ сөйлесіп, тіл табысып отырады. Алайда әңгіме ауаны тұрмыстық күйбең тіршілікке ауыса бастағанда-ақ, өзара керіске, салғыласқан дау-дамайға ұласады. Бір-біріне кінә арту, өкпе-ренішін жеткізу сияқты арзан құндылықтар алдыңғы орынға шығып кетеді.

Ауылдағы аңқылдақ  мүгедек інісі  жанжалдасып, ұрысып жатқан аға-апаларының әрқайсысына жалтақтай қарап, екі ортада арбасымен зырылдап, безек қағады. Әлеуметтік драмадан әр көрермен тап осылай болмаса да, сол шамада өзінің өмірін көруі әбден кәдік. Мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттау қойылымның ең негізгі өзегі болған. Сананы тұрмыс билеген заманда, бір отбасыдан тараған бауырлардың бір-бірінен алшақтап, бөтен тартып  кететінін жоққа шығара алмаймыз.  Ауылдағы ана мен мүгедек баланың психологиясын қалада тұрмыс құрып жатқан ұл-қыздардың психологиясымен салыстырғанда, араларында атшаптырымдай алыстық бар.

Сан түрлі мінез-құлық иелерінің шынтуайтқа келгенде, өздерінің тұрмыстық қажеттілігін күйттеуден аса алмайтыны көрерменге көп ой салады. Оқиға желісі өткен ғасырдың 1980-1990 жылдарын қамтығанын кейіпкерлердің диалогі және музыкалық қойылымы арқылы аңғаруға болады.

Спектакльді 27 жылдан кейін қайта сахналаған Сердеш Қажымұратовтың жаңа қойылымына үшінші ұрпақ, яки соңғы буын жастар қатысқан. Бұл миссияны ол жастарға сеніп тапсырған.

– Кейбір актерлер маған өкпелемес. Олар осы қойылыммен гастрольге жиі шығып, кейіпкерлерінің рөлінде көп ойнайды. Әбден үйренген соң, қойылым таптаурын болады. Әрі-беріден соң өз жандарынан жанама сөз қосып, спектакльдің құнын түсіре бастайды. Сондықтан жас буын актерлерді қосып, жаңалап қойып жатырмын. Жастың аты – жас. Олардың ойыны бұрын қойылымға қатысқан үлкен аға-апаларынан бөлек, тіпті кем түспейтініне сенімдімін. «Айтылмай, тыңдалмай қалған сөз жетім» деген, көрерменге айтылған ойдың астары не, соны түсіндіргім келді. Мұны жас актерлер бүгінгі қойылымды тамашалаған көрерменге жеткізе білді деп ойлаймын, –  дейді режиссер. Ол сондай-ақ  спектакльдің соңында бас кейіпкер, мүгедек бала Мақсатты өлтірмей, тірі қалдырғанын айтады. Бұрынғы қойылымдарда арбаға таңылған мүгедек бала соңында қаза болатын. Режиссер қойылымға жаңа буын жастарды тарта отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне бетбұрыс жасағысы келген. Мәселен, бүгінде жастар отбасындағы немесе басқа да жағдайларға байланысты суицид жасауға бейім тұрады. Көп қабатты үйден құлап, сондай-ақ арқанға, жіпке асылып қалады. Қазір өмірде жиі кездесетін бұл жайтты ой таразысынан өткізген режиссер спектакль соңына өзгеріс енгізіп, Мақсатты өлтіргісі келмеген.

– Қандай қиыншылық болса да, өмірдің аса қадірлі де қымбат, аяулы екенін, өліммен ештеңе де шешілмейтінін дәлелдегім келді. Қойылымның бас жағында Мақсаттың: «Психолог дәрігердің екі кітабын оқып бітірдім. Енді маған оқуға үшінші кітабы керек», – деп айтатыны бар. Сонда маған «Психологтің екі кітабын аяқтап, үшіншісін неге күтіп жүр. Демек, ол өмірге құштар, өлгісі келмейтін бала» деген ой келді де, спектакль соңында арбаға таңылған мүгедек Мақсатты аяғынан тік тұрғыздым. Сөйтіп, көрерменге режиссер ретінде өлімге қарсылық шешімімді жеткіздім, – дейді ол.

Сонымен бірге режиссер 60 жылдық мерейжасына араға жылдар салып, әрең келген ұл-қыздарын сарсыла күтіп, ақ дастарқанын жайған ананың шаңырағы шайқалмасын деген пейілмен ақ дастарқан жаюлы тұрған үстелді де құлатпай, сол жаюлы күйінде қалдырған. Мұның өзі режиссердің ананың ақ ниетін, адал көңілін сақтап қалғысы келгенін көрсетеді.

– Бұл спектакль – өмірдің нақ өзін суреттеуімен, баяндауымен құнды. Сондықтан өмірдегі сан алуан ауыртпалықтарға қарамастан әрбір саналы жан қоғамдағы, отбасындағы өзінің рөлін ұмытпауға тиіс қағиданы қойылымның негізгі желісі етіп алдым, – дейді  Сердеш  Қажымұратов.

Нұрымбек Жапақов,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале