8.09.2022, 9:00
Оқылды: 53

Жанашырлық сезіледі

1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен ҚР Президенті  Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тыңдадым.  

IMG-20220908-WA0004

Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Соның ішінде маған Президенттің  «Жер – халықтың меншігі» деген жоғалып бара жатқан қағиданы қайта бекітіп, «Халық өзі өндірген өніммен өмір сүруі қажет. Өнім өндіру үшін жер керек, ол үшін жер қойнауын терең игеру керек. Жердің біраз бөлігі жекеменшіктің иелігіне айналып кеткені баршаға мәлім. «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр», – деген сөздер ерекше әсер етті.

Президент өз сөзінде: «Еліміздің басты құндылығы – адам», – деп, адам игілігіне қатысты жаңа саяси жаңғыру идеясын көтерді. Бұл жолғы Жолдауда бұрын айтылмаған өзекті, өткір мәселелер алшы түсер сақаға құйылған қорғасындай көкейге қона кетті. Бір ғана мысал, Президент алға қойған міндет – білімді жастарды тәрбиелеу. Қазақстанның ең басты байлығы – алтыны, мұнайы, газы ғана емес, жаңарған өмірге сай жаңа сападағы білімді, еңбекқор халқы. Жолдауда Қаңтар оқиғасы кезінде түйінін таппаған түйткілді мәселе де  оң шешімін тапты. Арандатушылыққа еріп кеткен азаматтарға рақымшылық жасау үлкен қадам болды деп есептеймін.

Жолдаудың ең өзекті тармағы бұл Президентіміздің заң және тәртіп саласында өрбіді. Жолдауда айтылған басты мәселелер: қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы керектігіне тоқталып, алдымен барша судьяның мәртебесін теңестіру қажеттілігін айтты.

Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болма­уы керек. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет. Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді даярлау, біліктілігін көтеру жұмысы кеңестің құзыретіне беріледі.

Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік құрылым нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі. Күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуі тиіс. Бұл – өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Президент судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру мәселесін де ерекше атап өтті.

Сондықтан біз Президент Жолдауын мемлекеттілікті, тәуелсіздікті нығайтар және отандастарымыздың ынтымақ-бірлігін бекемдер бағыт-бағдар ретінде қабылдап, жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде үлкен жауапкершілікпен орындауға ұмытылғанымыз жөн.

Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып, тұрақсыздық ойнаған ауыспалы кезеңде мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтап қалу маңызды және Ұлттық мүддемізді қорғауға еліміздің әрбір азаматы мүдделі болуы тиіс.

Анархан Құттығалиева,

PhD докторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале