2.03.2023, 9:00
Оқылды: 27

Жанға қуат, көңілге шуақ сыйлаған күн

Орал қаласындағы Достық үйінде Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 28 жыл толуына орай мерекелік іс-шаралар өтті.

44C023DF-36EA-4CA5-8FA4-DC59973FC930

Ең алдымен, конференция залында дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға қатысушы қонақтар республикалық деңгейде ұйымдастырылған телекөпірді тамашалады. Тікелей байланысқа шыққан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі барша қазақстандықты Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгі тілегін айтты.

Аталмыш іс-шара әрі қарай көрермендер залында жалғасын тапты. Мерекелік кешке облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов, этномәдени қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімінің сарбаздары, БАҚ өкілдері және ассамблея жастары қатысты.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев құттықтау сөз сөйлеп,  облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысын жеткізді.

– Қайырлы күн, қадірлі қонақтар! Сіздерді көктемнің алғашқы күнінде айтулы мерекемен құттықтай отырып, әр ұжымға ақжарма алғысымды айтамын! Наурыз айының алғашқы күнін мейірім мерекесі деп атауға болады. Себебі осы күні әр адамның бойындағы мейірімі оянып, бір-біріне бар жылулығын көрсетіп, жүздері жайнап жүретіндей. Бұл мерекенің де түрлі ұлт өкілдерін достыққа шақыруда ықпалы зор. Сонымен қатар адамдардың, ұлттардың арасында татулық орнатып, бірліктің маңызды екенін кеңінен насихаттап жүрген Қазақстан халқы ассамблеясының да орны ерекше. Әр шаңыраққа ырыс-несібе, бақ-береке тілеймін! – деді  Ерлан  Ерсайынұлы.    

«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов Алғыс айту күнінің тарихына тоқталды. Сондай-ақ облыстық ҚХА-ның мүшелеріне Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың алғысхатын табыстады.

– Естеріңізде болса, бұл күн «Қазақ халқына мың алғыс!» деп басталған болатын. Осы күні уақытында түрлі себеппен депортацияға ұшырап, қазақ жеріне қоныс аударған өзге ұлт өкілдері жұртымыздың жомарттығына ризашылық білдіру керек. Бүгінде жалпы Алғыс айту мерекесіне айналды. Біз атаулы күні қоғамдағы еңбек ардагерлеріне, мемлекеттің дамуына үлесін қосып, ел үшін тер төгіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетуіміз керек.

Оның ішінде қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген құқық қорғау саласының мамандарына, өрт сөндірушілер мен дәрігерлерге ерекше алғыс айтуға болады деп ойлаймын. Сонымен қатар осынау мерекемен қатар келген Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнімен баршаңызды құттықтаймын! Еліміздің өркендеуіне атсалысайық. Бірлігіміз бекем болсын, – деген Медхат Мұсаұлы БҚО ҚХА татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Флюра Миликеева мен «Бірлік» әзірбайжан этномәденибірлестігінің төрағасы Наджаф Мамедовті жоғарыда аталған алғысхатпен марапаттаса, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данельбек Саратовтың өңіріне «Алғыс» төсбелгісін тақты.

Мерекелік іс-шарада «Арай» комьюнити орталығы мен «Айгөлек» би ансамблінің өнерлі балғындары мың бұрала билесе, «Атамұра» балалар аула клубы мен «Домбыра дастан» ансамблінің жас күйшілері күй шертті. Ал корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесі Антонина Ким, «Берегиня» украин халықтық хоры мен«Ялкын» татар фольклорлық ансамблі әр халықтың әндерін орындап берді. Сондай-ақ «Барт» ансамблі, «Малиновые зори» және «Николушка» лошкарей ансамблінің өнерпаздары өз өнерлерін паш етіп,  көрермендерге керемет  көңіл  күй  сыйлады.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясындағы этнос өкілдері ұйымдастырған мерекелік кеш «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясына ұласты. Акцияны қолдай келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, атсалысып жүрген азаматтарға, жастарға рақметін айтты. Өңірдегі табыс-кірісі аз және қамқорлыққа мұқтаж 100 отбасыға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өтетін қайырымдылық керуенінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де белсенділік танытты. Достық үйінің алдынан арнайы аутокөліктер жүз себетті белгіленген мекенжайларға жеткізуге аттанды. «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облысы өкілдігінің төрағасы Дулат Мақатов қайырымдылық акцияларына қолдау көрсеткен өңір азаматтарына айрықша ризашылығын  білдірді.

– Айтулы мереке айналаға мейірімді көзбен қарауға, қол ұшын созуға шақырады. Бұл өз кезегінде ұлттардың қарым-қатынасын нығайтып, арасын жақындата түспек. Бүгінгі мейірім күні құтты болсын! – деді Дулат Нұрланұлы.      

Одан кейін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қызметкерлері «Орал» және «Asia Mall» сауда орталықтарында қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, ыстық  бауырсақ  ұсынды.

*   *   *

«Достық» балалар аула клубының ұйымдастыруымен «Тең қоғам» әлеуметтік орталығында «Алғыс деген – ел  сыйы» атты мерекелік концерт өтті. Жиында Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігі директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бекей Қанатов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының директоры Абзал Молдағалиев, осы мекеменің бөлім меңгерушісі Гүлнар Қаратаева жиналған қауымды 1 наурыз – Алғыс  айту күнімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.   Іс-шара барысында «Бәйтерек» комьюнити орталығының «Шабыт» би ансамблі, «Достық» балалар аула клубының «Достық» вокалдық тобы және басқа да жас өнерпаздар көрермендерге әсем ән мен тәтті күй, мың бұралған  би  тарту  етті.

Аманжол Исламғали,

Нұрымбек Жапақов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале