Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде осы аптада бірінші курс студенттеріне арналған «Студенттер қатарына қабылдау – 2021» салтанатты іс-шарасы өтті.
Мерекелік жиынға Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты. Сонымен қатар құрметті қонақтар қатарында университет түлектері, “Жайық ет” ЖШС директоры Темірғали Ескендіров және "Қазақстан Халық банкі" АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Игорь Стексов болды.
Салтанатты жиын студенттер шеруімен басталды. Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары Ерлан Ерсайынұлы жастарды студенттік өмірге аяқ басуымен құттықтап, оқуда озат болуларын тіледі. Шара бірінші курс студенттерінің салтанатты түрде ант қабылдауымен жалғасып, университет ректоры «Алтын белгі» иегерлері мен әлеуметтік санаттағы студенттерге білім гранттарының сертификаттарын табыстады.
Мерекелік кеште жылдағы дәстүрге сай оқу орнына биыл келген білім алушыларға студенттік билет, сынақ кітапшасы және білім кілтін табыстау рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараны Жәңгір хан университетінің өнерлі студенттері концерттік бағдарламамен көркемдеді.
БҚАТУ медиа-орталығы