Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Кәсіби бағдар берудің үздік тәжірибелері» тақырыбында воркшоп форматындағы іс-шара басталды.
Өңіріміздегі мектептер мен колледждердің кәсіби бағдар берушілеріне арналған басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қатысты.
Алдымен сөз алған университет басшысы Асқар Мырзахметұлы жиынға Тасқала, Қаратөбе, Жәнібек, Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарынан 70-тен астам маман қатысып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жас ұрпақтың болашағы, олардың таңдаған бағыт-бағдарлары педагогтар үшін де маңызды екенін, сол үшін арнайы «Мамандығым – болашағым» атты бағдарлама жасақталғанын атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов маңызды шараны ұйымдастырған университет басшылығына алғыс білдірді.
– Еңбек пен кәсіп туралы әр кез айтылып келеді. Осы ретте кәсіби бағдар беру – жаңа бағыт болғанымен, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі жұмыстардың бірі. Дейтұрғанмен, кәсіби бағдар берушілерге жауапты жұмыс жүктеліп отыр. Оқушыларға ертеңгі күніне дұрыс таңдау жасауға ата-аналарымен бірлесіп көмектесу – сіздердің жұмыстарыңызбен тікелей байланысты. Нәтижесінде бүгінгі семинар бір-біріңізбен танысып, өзара тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік жасап отыр, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Жиын барысында басқарма төрағасы-ректор А.Наметов мамандарға кәсіби бағдар берудегі университеттердің рөлі жайында баяндама жасады. Ал оқу жұмыстары жөніндегі проректор Нұркен Губашев Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың білім беру саласындағы заманауи тәсілдермен таныстырды. Баяндамаларды ден қойып тыңдаған қатысушылар өз жұмыстарындағы түйткілді мәселелерді қозғап, өздерін алаңдатқан сауалдарды жолдады. Сонымен қатар аудан мектептері мен колледждерінің өкілдері арасында өз іс-тәжірибелерімен бөліскендер де болды.
Бұдан кейін кәсіби бағдар берушілер бірнеше топқа бөлініп, «Мектеп түлегі нені таңдайды: пәндер мен университеттер», «ЖОО-ның білім беру бағдарламалары: қалай түсінуге және таңдауға болады?», «Қазіргі еңбек нарығы үшін мал шаруашылығы саласындағы мамандықтарды дәріптеу», «Soft Skills: 21-ғасырдың дағдылары. Мектепте қалай қалыптастыруға болады» және басқа да тақырыптар төңірегіндегі секциялық жұмыстарға қатысты. Сондай-ақ түрлі тренингтер және университетке саяхат ұйымдастырылды.
Осы аптаның соңына дейін жалғасатын воркшопта кәсіби бағдар берушілер үш кезең бойынша қамтылатын болады.
Еске сала кетсек, Жәңгір хан университетінде кәсіби бағдар берушілерге арналған мұндай іс-шара 2022 жылдың желтоқсан айында да ұйымдастырылған болатын.
БҚАТУ медиа орталығы