1.11.2022, 11:15
Оқылды: 164

Жаны жайсаң жан еді...

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Ақ Жайық өңіріне танымал азамат Әнуарбек Балдақовты еске алуға арналған «Өнердің өз адамы, асабаның ақтаңгері» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға Балдақовтың бірге өскен қатар-құрбылары, өнердегі үзеңгілестері, сондай-ақ ізінен ерген інілері қатысты.

ағасы ұлы немересі

Ең алдымен, жиналған жұрт талай тойдың тізгінін ұстаған асабаның өмірінен сыр шертетін арнайы бейнекөрсетілімді тамашалады. Одан әрі Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Сағадат Рахметжанов інісі Әнуарбек Балдақовты тебірене еске алып, өткен күннен естеліктер айтып, сыр шертті.

– «Өнер адамы өлмейді» деген ел аузында жүрген сөз бекер айтылмаса керек. Бүгін, міне, қаумалаған ағайыны, туыс-туғандары мен тірісінде сыйласып өткен алыс-жақыны оны сағынышпен еске алып отыр. «Жақсы аға белгісі – жол көрсетсе ініге, көз салмаса мініне» дегендей, Ақ Жайық өңіріне аты мәлім асабаның ізінде қалған інілері оның ізгі қасиеттерін айтып жүреді. Ол елінің алдында адамдығымен қадірлі болды. Оның табан астында тауып айтып, әр түйінді бір ауыз әзіл сөзімен тарқатқан кездері де аз болмаған еді. Қазіргі таңда «Әнуарбек айтты» деген қалжың әңгімелер көп, – деді Сағадат Ғабдынасырұлы.

Сахнаға шыққан өңірге танымал өнер адамдарының бәрі дерлік заманында Ә.Балдақовпен етене жақын араласып, жиын-тойларда бірге өнер көрсеткен. Өмірдегі, өнердегі інісі, досы болған Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаскелең Ғайсағалиев өз ортасында Әнуарбектің «Абыз асаба» атанғанын айтып, дүйім жұртқа «Дүние-ай» әнін орындап берді. Сонымен қатар бала кезінен бірге өскен сыныптас-достары Нұржан Аманғалиұлы, Сәуия Темірова және сонау Тараз қаласынан келген Жеңіс Нығметов кештің құрметті қонағы болды.

– Әнуарбектің қай ортада болмасын сыйлы екені бәрімізге белгілі. Үнемі жарқылдап жүретін еді. Екеуміз бала күннен тай-құлындай тебісіп өскенбіз. Сағың сынғанда сүйеу, табаның тайғанда тіреу бола білген дос қашан да қадірлі. Жалпы оның мектеп қабырғасынан бастап қызықты сәттері көз алдымда өткесін маған әрқашан елеске айналған естеліктер ыстық, – деп есіне алды Нұржан Аманғалиұлы. Кеш барысында сағынышқа толы, сондай-ақ адам ғұмыры туралы түрлі әндер шырқалып, өнегелі өмірімен ағайынның есінде мәңгі қалған айтулы азаматқа арналған жырлар оқылды. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаңылсын Хасанова белгілі композитор Арман Дүйсеновтің «Арман деген арғымақ» әнін әуелетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Жиынға келген ел азаматтары Әнуарбек Балдақовтың ел ішіндегі той-жиыннан бөлек, қоғамда маңызы бар істерге де білек сыбана кіріскенін тілге тиек етті. Ол өмірінің соңғы мезгілінде қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер» клубының үйірме жетекшісі әрі меңгерушісі болған. Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Серік Тоқмамбетов аталған клубты шығармашылық тұрғыда өрге сүйреген ағасының ілкімді  істерін әңгімелеп, аяулы жарына гүл ұсынды.

– Біздің бірлестікте «Құндылыққа толы 30 жыл» деп аталатын жоба іске асып жатыр. Осы жобаны мәдени-ағарту бірлестігіне отыз жыл толуына орай қолға алдық. Айта кетейін, бұл бар ғұмырында қаланың мәдени өміріне атсалысып, елге еңбегі сіңген азаматтарды еске алуға арналған. Облыс мәдениетінің көшін алға тартып, өнер жолында аянбаған ағамыздың игі істері жұрттың жадында, – деді Серік Әнуарұлы.

Киелі сахнаға шақырылған асабаның ағасы Нәсіпқали Сәленұлы мен соңындағы тұяғы Ернарбек Әнуарбекұлы қонақтарға алғысын айтса, немересі Баян Балдақова атасына деген сағынышын жыр шумақтарымен жеткізді. Еске алу кеші Әнуарбек Балдақовтың туған жеріне арнаған «Кекейім» әнімен аяқталды.

Аманжол Разхымжанұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале