16.01.2024, 11:15
Оқылды: 63

Жаппай тексеріс жүргізілмейді

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге арналған мораторий аяқталды. Жуырда Оралдағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәслихатында осы салаға бақылау және қадағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік құрылымдардың өкілдері аталмыш мәселеге қатысты ақпарат берді.

IMG_2635

Қаңтардың 1-інен бастап «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығының мерзімі аяқталды. БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаровтың айтуынша, мораторий аяқталса да кәсіпкерлік нысандарына жаппай және үздіксіз, рейдтік  тексерулер жүргізілмейді. Бүгінде мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары түрлі сауда орындарында және департаменттің әлеуметтік желілері арқылы түсіндіру іс-шараларын өткізуде.

– Егер салық төлеушілер, яғни кәсіпкерлер ҚР Салық кодексінің ережелерін бұзбаса, оларға ешқандай талап қойылмайды. Ал бір салық төлеуші басқа салық төлеушінің әрекетіне немесе азаматтар кәсіпкердің қызметіне шағымданса, басқа да талап бойынша жоспардан тыс тек­серу жүргізіледі. 2024 жылдың 1 жартыжылдығында 14 мерзімді тексеру жоспарланып отыр. Қазір тұрғындар кейбір кәсіпкерлердің қолма-қол ақшамен ғана төлем жасататынын айтып, шағымдануда. Бизнес иесі қолма-қол ақша алса да, фискалдық түбіртек бермей, тұтынушының құқығын бұзып отыр. Біз сауда үйлерінің иелері мен жеке кәсіпкерлерден «көлеңкеден» шығып, заңды қызмет көрсетулерін сұраймыз. Олар өздерінің кірісін көрсетіп, салық төлеулері қажет, – деді Бауыржан Қайдаров.

Өз сөзінде басқарма басшысының орынбасары салықтық тексерулердің екі түріне тоқталды. Олар – тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімді тексерулер (жоспарлы) және жоспардан тыс салықтық тексерулер. Мерзімді тексерулер салық есептілігін, уәкілетті құрылымдардың мәліметтерін, сондай-ақ ресми және ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша салық төлеушілердің қызметіне тағайындалады. Өткен жылы 68 тексеру жүргізілген. Оның 16-сы мерзімді тексерулер екен. Жоспардан тыс тексерудің бірнеше түрі бар. Мысалы, салықтық өтініш бойынша немесе салық төлеушінің шағымымен, қосылған құн салығының асып кеткен сомасының дұрыстығын растау жөніндегі салық төлеушінің салықтық өтінішімен, ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар салық төлеуші уәкілетті құрылымның шешімі негізінде салық органдарының тәуекел дәрежесі орташа камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын орындамаған жағдайда да жоспардан тыс тексеру болады.  2023 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бұйрығымен 6 салықтық тек­серу, қызметтің тоқтатылуына байланысты өтініш бойынша – 37, камералдық бақылау хабарламасының орындалмауына байланысты – сегіз, прокуратура органдарының бастамасы бойынша бір тексеру аяқталған.

Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Талғат Темірғалиевтің  айтуынша, төтенше жағдайлар департаменті 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына 244 профилактикалық бақылау жүргізуді жоспарлап отыр. Олардың көпшілігі – білім беру мекемелері, жазғы балалар сауықтыру лагерьлері мен орман шаруашылықтары. Екінші жар­тыжылдықта бақыланатын нысандардың кестесі екінші тоқсанда дайындалмақ. Өрт қауіпсіздігі бойынша барлық нысан тәуекел дәрежесіне қарай жоғары, орташа және төмен деген өлшемшарттарға бөлінеді. Мысалы, барлық білім беру мекемесі тәуекел дәрежесі жоғары нысанға жатады. «Кәсіпкерлік саласында сауда және қоғамдық тамақтану орындары аумағына қарай тәуекел дәрежесіне бөлінеді. Тәуекел дәрежесі жоғары нысандардың аумағы – 2000 және одан көп, орташа дәрежесі – 1000-2000 шаршы метр, ал төмен дәрежесі 1000 шаршы метрден төмен. Соған сәйкес тәуекел дәрежесі жоғары нысандар жылына бір рет, орташа нысандар екі жылда бір рет тексеріледі. Ал төмен дәрежелі объектілер жоспарлы түрде тексерілмейді. Мысалы, аумағы 1000 шаршы метрден төмен дәмханалар тек жоспардан тыс негіздермен, яғни арыз-шағымдар және құзырлы мекемелердің тапсырмасы бойынша тексеріледі. Сондықтан қазір азаматтық қорғаныс және өрт қауіпсіздігі саласы бойынша кәсіпкерлік нысандарына жаппай жоспардан тыс тексеріс жүргізілмейді. Былтыр екінші жартыжылдықта 76 нысан тексерілді», – деді Талғат Темірғалиев.

Баспасөз мәслихаты барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева аталмыш мекеменің осы бағытта атқаратын қызметі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, департамент және оның аумақтық басқармаларының қызметі – кәсіпкерлік нысандардың қызметіне ескерту-профилактикалық сипаттағы бақылау жасау және тексеріс жүргізу. Ол үшін ҚР Кәсіпкерлік кодексін басшылыққа алады. Жоспардан тыс тексерулер адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және оны жою мақсатында нақты фактілер мен мән-жайлар болған жағдайда тағайындалады. Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабының 5-тармағының 3), 4), 7) және 8) тармақшаларында, 8, 9 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бизнес өкілдеріне  жоспардан тыс тексеру жүр­гізілетіні туралы кемінде бір тәулік бұрын хабар берілуі тиіс. Анонимді өтініштер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале