11.05.2025, 8:33
Оқылды: 188

Жапырағы жайылған Жәмила әже

Халқымыз қай заманда болмасын отбасының ұйытқысы, ошағын сақтаушы, еңбекқор әйел затына ерекше құрметпен қараған. Жұмақты да аяулы жанның табанының астында деп білген. Біздің қоғамда да алтын құрсақты аналарға ілтипатпен, құрметпен қарайды. Сондай ардақты аналардың бірі – Жәниса Қаменова.

Жаниса апай

Жәниса Есқалиқызы 1949 жылы 22 қаңтарда Қаратөбе ауданындағы «Аққозы» кеңшарының №3 Бесоба бөлімшесінде жарық дүние есігін ашты. Көпбалалы отбасында тәлім-тәрбие алды. Әке-шешесі перзенттерін жастайынан еңбекке үйретті. Жәниса Есқалиқызы да құрбы-құрдастарынан қалмай, мектепте жақсы оқыды. Қолы боста үй шаруасына қолғабыс етті. Одан жамандық көрмеді. 1966 жылы ауылындағы сегізжылдық мектепті бітіріп, Қалдығайты аулындағы орта мектепте білімін жалғастырды. Онжылдық мектепті аяқтаған соң, осы ауылдағы балабақшаға жұмысқа орналасты. Осы балабақшада 25 жыл бойы зейнеткерлікке шыққанша табан аудармастан еңбек етті. Жұмыс істей жүріп, Оралдағы педагогикалық училищеде оқып, тәрбиеші мамандығын алды.
Балабақшадағы тәрбиеленушілердің төсек жамылғыларын Лағыл Сатаева апай жуатын.
Өзі – біртоға, еңбекқор жан-тұғын марқұм. Оның жуған төсек-жиынтықтарын Жәниса үтіктейтін. Мінезі жұмсақ, қандай тапсырма болса да, таза әрі ұқыпты етіп орындайтын көрікті ару ауылға Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіріп келіп, клубта қызмет ететін Қайырғали Қайырқұлұлының жүрегін жаулайды. 1967 жылы екі жас отау құрады.
Жыл өткен сайын жас шаңырақтың іргетасы нығайып, өмірге алтын асықтай 8 ұл-қыз көрінеді. Салауат есімді ұлы үйленіп, бір балалы болған соң, қайтыс болды. Соған ана жүрек қайғырып, әлі күнге жоқтайды. «Артында бар – оңалар» демекші, Салауаттан қалған жалғыз тұяқ – немересі Әділбек бұл күндері әскерден келіп, ата-әжесін қуантты.
Жәниса апа Кеңес үкіметінің көпбалалы аналарға жасаған жеңілдігінің арқасында 1994 жылы 45 жасында зейнеткерлікке шықты. «Ол кезде әр кеңшарда типтік балабақшалар болды. Біздің Қалдығайтыда 90 орындық мектепке дейінгі мекемеде 4 топта ұл-қыздар тәрбиеленді. Тәрбиешілер өте тату, өзгенің баласына өз балаларындай жанашырлықпен қарайтын. Соның арқасында кішкентайлар жақсы тәрбие алатын.
Мектепке оларды қимай шығарып салушы едік. Ширек ғасыр ішінде басшылық тарапынан ешқандай ескерту алмаппыз. Балабақша меңгерушісі Майра Ғалиева болды. Қызметкерлерге сыйластықпен қарайтын. Ақсұлу Бозанова, Лида Қаменова, Нұрқия Меңдіғалиева сынды тәрбиешілермен қызметтес болдым. Музыка үйретуші Салтанат Бақтығалиева тәрбиешілермен тығыз жұмыстанып, түрлі шараларды мерекеге айналдырып, жандандырып жіберетін. Ал медбике Болсын Жүсіпқалиева елгезек-тұғын. Ата-аналар ұл-қыздары ауыра қалса, ерінбей келіп, одан ақыл-кеңес сұраушы еді. Аспаз Нұрзия Баянғалиеваның қолынан шыққан дәмді тамақты ішпеймін дейтін бала болмайтын. Сол кездің адамдары бір-біріне мейірімді, өзгелерге қамқор болатын. Бір мекемеде жұмыс істеп жүрген соң, алыстағы ағайыннан бетер тату, сырлас болдық.
Бір-бірімізге көмектесуге, қолтықтан демеуге дайын тұратынбыз. Осындай татулық, бірліктің арқасында балабақшада қызмет етемін деп мақтана айтатынбыз», – деп еске алады сағымға айналған өткен шағын Жәниса апа. Оның кеудесінде «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демекші, ерлі-зайыпты Қаменовтер отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Алдымен, оларды еңбекке баулиды. Қорадағы малды қарау, ауланы тазалау, отын кесу секілді жұмыстарды қай-қайсысы да атқара беретін. «Біз ұл-қызымызды мейіріммен өсірдік. Дауыс көтеріп, төмпештеп, қол жұмсау табиғатымызға жат. Бәрі әке-шешенің қабағын бағады. Қазіргі кезде барлығы да үйлі-баранды. Оқимын дегендерін оқыттық. Бағдат күзет қызметінде, Сағдат көлік жүргізеді. Райхан №42 «Ақ ниет» гимназиясында, Венера – А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясында мұғалім, екі қызым Райгүл, Гүлзира да жоғары білімді педагог болғандарымен, қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Шүкір, бәрі де өз ортасында сыйлы, абыройлы. Балапандарымыздың жақсы атын естіген сайын кәрі көкіректі мақтаныш кернейді. Анаға балаларының жақсы атын естігеннен басқа сый-сияпат керек емес», – дейді Күміс алқалы ана Жәниса апа.
1999 жылы Қайырғали аға мен Жәниса апа Қалдығайты аулынан облыс орталығына көшіп келді. Қазір қолдарында екінші ұл Сағдат пен келіні Лариса бар. «Маған адал сүт емген келіндер бұйырды. Өзім де ата-енеммен 11 жыл бірге тұрып, батиқаларын алдым. Екінші ұл үйленген соң бізге еншімізді беріп, бөлек шығарды. Үлкендерімізге көрсеткен қамқорлық пен мейірімділікті енді өзіміз де балаларымыздан көріп жүрміз», – деп ақтарылды Жәниса апа.
Қара шаңырақта мәуелі бәйтеректей болып отырған Жәниса апа мен Қайырғали аға ұл-қыздарынан 5-6 немере, 2-3 шөбере, 3-4 жиен сүйді. Аузынан «айналайын» сөзі үзілмейтін ақ әже енді немере-жиендерін аялап, тәрбиелеуде. Мейіріммен тәрбиеленген перзенттері ата-аналарын ылғи қуантуға асығады. Адамдық қасиетті саналарына сіңіріп өскен Қаменовтер ұрпағының жапырағы жайылып, көктей түседі әлі...

#Аналар күніБҚО2025
#МеніңанамБҚО2025

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале