Орал «Мақсат» жоғары медициналық колледжінде бір тамаша спорттық іс-шара өтті. Оны облыстық ардагерлер ұйымының қауымдастығы ұйымдастырған еді. Оған зейнет жасындағы облыс ардагерлері қатысты. Мұндай ауқымды спорттық іс-шара облыс бойынша осымен екінші рет өткізіліп отыр. Атынан көрініп тұрғанындай, ардагерлер арасындағы аламан жарысқа облыстың барлық аудандарынан спортты серік еткен зейнеткерлер келіпті.
Әуелі, медициналық колледждің ат шаптырым спортзалында спартакиаданың сатанатты ашылуы болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов әдейі келіп қатысты. Жетпіс жасты бүктеп, сексенге қарай кеткен «ересек» спортшыларға сәттілік тіледі. «Қартайдым» -деп от басы, ошақ қасында отырып қалмай, спортпен айналысып, жастарға үлгі көрсетіп жүрген алдыңғы толқын ағаларға алғысын ақтарылып тұрып айтты. Осымен екінші жыл қатарынан мұндай шараны ұйымдастырып, өткізіп келе жатқан облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсот Бергенге алғыс айтуды да ұмытпады. Салтанатта Мақсот Бергеннің өзі де сөйлеп, «Біздің ақсақалдардың жапонның, қытайдың қарттарынан несі кем, олар спортпен айналыспай бір күн де отыра алмайды. Жасырып қайтеміз біз еріншекпіз, қонақшылмыз. Қала берді, теледидардың алдына жантайып жатып алып, таңертеңнен кешке дейін шетелдің сериалдарын қараймыз. Қимылдамағасын, жеңіл қозғалмағасын ауру-сырқат адамға үйірсек болады. Мысалы, мен өзім жасым 80-ге қарай кетті, әлі күнге осы спортзалға келіп, студенттеріммен волейбол ойнаймын. Спорт – адамның жан серігі. Әсіресе, жасы келген адамдар үшін дене қозғалысы – денсаулығына мың дауа. Көңіл күйдің қошын көтереді. Өмірге деген құштарлықты арттырады. Міне, бүгінгі іс-шараға спортты жандарына серік еткен жандар келіп отыр. Өткен жылы да осындай іс-шарада кездескенбіз. Биыл келушілер, жарысқа қатысуға тілек білдірушілер қатары көбейе түскен. Нақтырақ айтсам, 150-дің үстінде зейнеткер келді. Мен соған қуанып тұрмын. Ал ендеше іске сәт!» - деді.
Ардагерлер арасындағы жарыс спорттың бес түрінен – волейбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және үстел теннисінен өрбіді (облыстық спартакиаданың жарыстарына Батыс Қазақстан медколледжі де «көршілік» көмегін аямай, «Мақсатқа» ат шаптырым спортзалын берді). Шынын айту керек, жарысқа қатысушылардың тыңғылықты әзірлікпен келгендері көрініп тұрды. Бәрі де намысты қолдан бермеуге тырысты. Ұзақты күнге созылған аламан кешке қарай аяқталды. Командалық есепте Бөрлі ауданының асығы алшысынан түсті. Ал екінші, үшінші орындарды Сырым мен Жәнібек ауданынан келген спортшы ақсақалдар қанжығаларына байлады. Тартысты ойын волейбол алаңында қызды. Жастары жетпісті желкелеп жүрген, тіпті асып кеткендер намысқа тырысты. Шірене ұрған доптары қарсыластарының блок-тосқауылдарын қақырата бұзғанда ақсақалдардың қуанышын тек көру керек. Жанкүйерлер негізінен жастардан тұратын. Олар алаңда жасындай жарқылдаған аталарын-ағаларын көргенде бастарын шайқап, таң қалумен болды. Осы арада айта кетуіміз керек, сол жас жанкүйерлердің көкірегінде маздап жатқан спортқа деген құлшыныс ақсақалдардың қимылын көргенде бұрынғыдан да лаулай түскені кәміл-ау! Баптары келіскесін, бақтары жанған шығар, волейболдан бірінші орынды Бөрлі ауданы ешкімге бермеді. Олардан кейінгі екінші, үшінші орындарға Қазталов пен Сырым ауданының өкілдері жайғасты.
Тоғызқұмалақтан баяғыдан келе жатқан саңлақ ойыншы Қ.Қаяпбергенов (Сырым) бірінші орынды ешкімге бұйыртпады. Екінші, үшінші орынды А. Тастайбеков (Бөрлі), үшінші орынды А.Жұмағазиев (Казталов) иеленді. Шахматтан Шыңғырлаудан келген М.Киреев ешкімді шақ келтірмей, бірінші орынға еркін жайғасты. Қ.Бисеков (Жәнібек) пен Қ. Мырзақұлов (Жаңақала) қалған екінші, үшінші орындарға табан тіреді. Дойбыдан бірінші орынды Б.Айменов (Бөрлі), екінші орынды Л.Чистякова (Орал қаласы), үшінші орынды Б.Қазиханов (Теректі) жеңіп алды. Ал үстел теннисінен Р.Мұқашев (Тасқала), К.Жұмағалиев (Сырым), А.Есқайыров (Орал қаласы) жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды. Арнайы ескерткіш медальдар мен кубок, дипломдар табысталды. Жарысқа қатысушылардың ішінен ең егде жастағы спортшы мен зеректер ойыны есептелетін шахматтың жеңімпазына шай сервизі берілді. Сыйлықтарды осы жарысты жарғақ құлағы жастыққа тимей ұйымдастырған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсот Берген өзі табыстады. Төраға үлкен жарыстың өз дәрежесінде өтуіне ерекше қамқорлық танытып, үлкен жанашырлық танытқан облыс аудандарының әкімдері мен олардың орынбасарларына алғысын жолдап, рақмет айтты. Осы жарыстың ұшы-қиырсыз шаруасына Аида Мектепқалиева бастаған «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің өрендері мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қолды-аяққа тұрмай қызмет көрсетті.
Жарыс аяқталды оған қатысқандар: «Мұндай жарыс енді қашан болады, қашан келеміз?», «Келесіде жарыс түрлеріне бильярдты, суда жүзуді, нысана атуды қосуға бола ма?» - деп жатты...
Есенжол Қыстаубаев,
zhaikpress.kz