18.12.2024, 15:15
Оқылды: 33

Жарамдылық мерзімі өткен тауар көп – Эльмира Қиматова

Отандастарымызды қауіпті және сапасыз тамақ өнімдерінен қорғау мақсатында былтыр Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы өнім» жобасын іске қосты. Аталған жобаны іске асыру кезінде өнім ұсынушылар біраз заңбұзушылыққа жол бергені анықталған. Ол туралы өңірлік коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте БҚО бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова айтты.

IMG_5502

Сурет: freepik.com

Айта кетейік, жоғарыда аталған министрлік мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Ақпараттық қызмет көрсету арқылы тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-ағартушылық жұмыс» тақырыбында конкурс жариялады. Байқау жеңімпазы болып «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» ҚБ танылды. Ол бірлестік жоба шеңберінде Орал қаласының сауда нысандарынан тамақ өнімдерін сатып алды, содан кейін арнайы зерттеу хаттамаларын алу үшін Ұлттық сараптама орталығының филиалына тапсырды. Зерттеу нәтижелеріне сүйенген бірлестік өнімнің түрлі көрсеткіштері бойынша тұтынушыларға ақпараттық-ағарту жұмысын жүргізді.

– Жоба аясында қоғамдық бірлестік тамақ өнімдерінің 32 сынамасын іріктеп алды. 26 өнім үлгісі КО ТР 022/2011, яғни «Тамақ өнімдерін таңбалау бөлігіндегі» талаптарға сәйкес келмеді, Біреуінің жарамдылық мерзімі өткен болып шықты. Аталған деректер бойынша республикалық «zakon.kz» және «nur.kz» порталдарына қазақ және орыс тілдерінде 30 мақала жариялады. Сондай-ақ жоғарыда аталған іс-шараны іске асыру мақсатында Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Азаматтық қоғамды дамыту жағдайында тұтынушылардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» тақырыбында конкурс жариялады, – деді БҚО бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова.

Бұл байқауды жеңіп алған «Батыс Қазақстан облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2024 жылдың 30 наурыздағы №42 келісімшартқа сәйкес қажетті іс-шараларды жүзеге асырған. Осы жоба аясында қаланың сауда нысандарынан тамақ өнімдері сатып алынып, содан кейін зерттеу жүргізу үшін тауар арнайы зертханаға тапсырылды. Өнімнің түрлі көрсеткіштер бойынша белгіленген стандарттарға сәйкессіздігі анықталған кезде сауда нысандарының басшылығына әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды, тұтынушыларға сәйкес келмейтін өнімді өткізу деректері туралы  хабарлау  жүргізілді.

– Тексеру барысында өңірлік жоба жеңімпазы тамақ өнімдерінің 177 сынамасын іріктеп алды. Зерттеу хаттамаларына сәйкес 125 сынамада тауарды таңбалау бөлігіндегі талаптарға сәйкес еместігі анықталды. 34 жағдайда жарамдылық мерзімі өткен тауарды сату фактілері белгілі болды. 7 сынамада азық-түлік өнімдерін микробиологиялық зерттеу хаттамаларына сәйкес келмейтін зеңнің болуы анықталды, сүт, күркетауық етінен жасалған тефтелилер, мұздатылған тунец балығы еті сияқты өнімдерде микроорганизмдердің рұқсат етілген деңгейінен асып кеткені анықталды. Сәйкессіздіктер болғандықтан сауда нысандарына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау құрылымдары Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы бойынша 14 хаттама толтырылды, декларацияның қолданылуы тоқтатылды, – деді Эльмира Қиматова.

Жоба аясында облыс азаматтарына сапалы өнім сатып алу бойынша кеңес беріп, ақпараттандыру мақсатында телеарналарда хабарлар берілді, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттар орналастырылды.

Осылайша республикалық және өңірлік жобалар шеңберінде тамақ өнімдерінің 209 сынамасы тексерілді. 151 сынамада тауарды таңбалау бөлігінде талаптарға сәйкессіздіктер анықталды. 35 жағдайда жарамдылық мерзімі өткен тауарды сату деректері анықталды және 7 сынамада микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер болды.

Эльмира Қиматова өз сөзінде барлық сауда нысандарында жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерінің болғанын атап өтті.

– Кәсіпкерлік субъектілеріне жарамдылық мерзімі өткен, өзге санитарлық көрсеткіштерге сәйкес келмейтін тамақ өнімдерін сату заңнама талаптарын өрескел бұзу екенін ескертемін. Сауда объектілерінің басшылығы тауарлардың өткізілуіне бақылауды күшейтуі, жарамдылық мерзімі өткен және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді сауда сөрелерінен уақтылы алып тастауы қажет, – деді Эльмира Нұрқызы.

Түгелбай Кенжеғалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале